Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Ниязов: «Статистикалық мәліметке сәйкес, осы жылдың 1 тамыздағы жағдай бойынша облыста 629 336 мал басы бар. Ал ауыл шаруашылығын біріздендіру базасында тіркелген мал басы — 639 493. 77 мың тонна мал азығын дайындау жоспарда болды. Маңғыстау, Бейнеу, Қарақия, Түпқараған, Мұнайлы аудандарына 41 470 тонна шөп әкелінді. Қыс айларына 35 530 тонна шөп әкелуді жоспарлап отырмыз. 25 530 тонна шөп өзге облыстардан тасымалданады. Ал облысымыздың аумағында 10 мың тонна шөп шабылады. Жыл ортасында мал азығына сатып алуға 204 млн теңге бөлінді. Оның ішінде 150 млн теңгесі басқа облыстардан шөп тасымалдауға жұмсалды. Шөп 1 келісі 55 теңгеден сатылды. Мұнан бөлек жемге 54 млн теңге жұмсалды. Енді алдағы қыс айларына Үкімет қолдауымен мал азығын алуға 5,3 млрд теңге жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта оның 1,4 млрд теңгесі бөлінді. Жем сатып алуға бөлінген қаражаттың сомасы – 1 млрд теңге. Қаржы аудандарға мал басы санына қарай бөлінеді. Қазіргі уақытта Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарынан мал азығын жеткізу бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл ретте «Қазақстан темір жолы» компаниясы жем-шөп тасымалдау қызметі үшін Маңғыстау облысына 75 пайыздық жеңілдік беріп отыр. Облысымызда біреулер 5 мың мал басы қырылды деп жүр. Бұл шындыққа жанаспайтын ақпарат. Шындығында Маңғыстау облысындағы қуаңшылық салдарынан 1 163 мал басы қырылған, бұл өңірде тіркелген малдың 0,18 пайызы. Сәуірде әр ауылдың жанынан биотермиялық шұңқыр қазып, әлгі өлген 1 163 малды көмдік. Олардың тек 194-і ғана тіркелген. Қалған малдың иесі жоқ, олардың кім екендігі белгісіз. Мал өліміне қатысты 7 азаматтан ғана арыз түсті»,— деген деректерді алға тартты.
Ермек Сахариев