Бұл – өзім өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап жақсы білген, аға-інідей сыйласып, бір шаруашылықта азды-көпті қызметтес болған Есқожа Құттықұлындай текті атадан тараған әулеттің ең кенжесі, Қызылорда облысы Қазалы ауданының Қожабақы ауылындағы «Агро-Өркен» ЖШС-нің директоры Медеу Бердібайұлының өткен Барыс жылына айтар ризашылығы мен босағадан енді аттаған 2023 жылдан күтер үлкен үміті. Әрбір Жаңа жылдан жақсылық күту – әр пенденің арманы. Алайда, сол үміт жүзеге асу үшін, алға қояр мақсат, жыл бойы атқарар еселі еңбек, төгілер маңдай тер мен табандылық, төзімділік, шаруашылық басшысының ұйымдастырушылық қабілеті қажеттігін ол жақсы біледі. Өйткені, Медеу – еңбекпен тапқан нанның ерекше дәмді болатынын әкесі Бердібай мен анасы Ақжарқыннан, қазір елге танымал болған асқар таудай туған ағалары Мереке, Мейрамбек, Мерейден бала кезінен үйренген, «Арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда жүрсе, артқылары да солай қарай жүреді» деген тәмсілді жақсы түсініп, түйсігіне тоқып өскен азамат.
Текті әулет
Мен білетін Есқожа аға шын тектінің ұрпағы екенін еңбекқорлығымен, ешкімнің «ала жібін аттамайтын» шынайы адалдығымен, ескіше де, заманауи да сауаттылығымен, ешкімге дөрекі сөйлемейтін сыпайылығымен сездіріп, дараланып тұратын тұлға еді. Ол осы адами қасиеттерінің барлығын да ұл-қыздарының бойына дарыта білген жан. Сондықтан болар, Есқожа мен жұбайы Қаншайым екеуінің көп жылдар армандаумен жүріп көрген, «Айжан әжесінің баласы» атанған үлкен ұлы Бердібай да (бұл ініміздің өмірінің өзі бір кітапқа арқау боларлық!) еңбекқор, мамандықтың үлкен-кішісі болмайтынын, ең бастысы елге, халыққа адал еңбек ету екенін әке тәрбиесінен пайымдап өсті. Ерте есейді. Бұл шаңыраққа келген қадамы құтты болып, соңынан Бибайша, Мекебай, Күләйім, Сәбира, Ербосын мен Нұрбосын атты егіз ұл ерді. Бұл екеуінің есімдерін Бердібайдың өзі қойған болатын. Қазір қарындасы Сәбира екеуі ғана қалды. Басқалары ертелі-кеш дүниеден озды. Бірсыпырасының ұрпақтары бар.
Бердібай өзі жастайынан сүйіп қосылған адал жары Ақжарқынмен елу төрт жыл «ища» деспей, бірге ғұмыр сүрді. Алла қалап Мереке, Мейрамбек, Мерей, Медеу атты төрт ұл; Айгүл, Шәрбану атты екі қыз тәрбиелеп өсірді. Барлығы жоғары білім алды. Ұлдары ұяларына, қыздары қияларына қонды. Гүлмира, Бибігүл, Кәмшат және Светлана сынды келіндері бар. Бұл күнде ұл-қыздарынан тараған ұрпақтарының өздері «бір ауыл» десе болғандай. Алла көпсінбесін, тіліміз тасқа! Үлкендеріне біртіндеп енші беріп, өздері дәстүр бойынша, кенжесі Медеу мен келіні Светлананың қолында еді. Әттең!..
Өмір болған соң, «әттең-айсыз» өте ме?! Жастай шетінеп кеткендерін есептемегенде, осынша перзентті өмірге әкеліп, қаршадайынан анасы Жазық екеуі «жетім-жесір» атанып қалған кездерде тақсіретке толы күндерді көрген, алғашқы үйленген жылдардағы үйсіздік пен күйсіздік зардабын, отағасының жүргізушілік кәсібінің ауыртпалығын бөліскен Қалымбетқызы Ақжарқын, ұл-қыздары мен немерелерінің қызығын көре бастаған шақта, балаларының шыбын жандары шырқырай жүріп апармаған елдері, көрсетпеген дәрігерлері қалмаса да, соңғы жылдары әбден меңдеп алған өте ауыр сырқат салдарынан алты мүшеліге толғанда, 2020 жылғы ақпанның он бірінші жұлдызында ақтық сапарына аттанып кете барды. Тағдырдың ісіне не шара?!
Ананың қазасы ұл-қыздары мен немерелеріне ауыр тиді. «Жарты жолда атың, қартайғанда қатының өлмесін» дегенді бабалар бекер айтпаса керек. Барлығынан бұрын, өзін өмір бойы алақанына салып, жас баладай мәпелеген Бердібайына айрықша қиын болды! Кіршіксіз сүйген адал Ақжарқынының қазасына ол қабырғалары қайысып, омыртқалары опырылып түскендей қатты қайғырды. Амалы нешік?! Алайда, аяулы жары өмірге әкелген, әке қадірін білетін ұл-қыздары оның қайғысын жеңілдетудің әртүрлі амалдарын жасап, көңілін аулап-ақ келеді. Әсіресе, бақиға аттанарда аналары тапсырып кеткен Медеуі, Светланасы қолдарынан келгендерінің бәрін жасауда. Текті әулеттен тараған басқа ұл-қыздарының, келіндерінің, олардан өрбіген 19 немеренің бауырмалдығы мен ауызбірлігі де қайғысын жеңілдетуге септігін тигізуде...
Ел абыройын асқақтатқан ағайындылар
Бағзы замандарда бабаларымыз шығарып, кейінгі ұрпақтарға асыл мұра етіп қалдырған мағынасы терең: «Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер» деген тәрбиелік мәні зор мақалдың әрбір қазақ ұл-қызының ар-намысына һәм моральдық кодексіне айналғалы қаншама ғасырлар өтті. Ананың құрсағында пайда болған сәттен бастап, ұл-қыздарын әр отбасы осы жолмен тәрбиелейді.
Өздері де осындай тәрбие мектебінен өткен Бердібай мен Ақжарқын да ұл-қыздарын сол жолға салды. Олардың саналарына өздері ата-әжелері мен әке-шешелерінен алған асыл қасиеттерді барынша сіңіруге тырысып бақты. Кешегі тәуелсіздікке ие болған алғашқы жылдарда шаруашылықтар тарап, өнеркәсіптер тоқтап, халық қиын да өтпелі кезеңге тап болып, «көзін алған сонадай» қайда барып күн көрерін білмей тоқырап қалған тұста, балалықтың базарына, жастықтың назарына ілігіп, аздап опық жегендер де болды. Бірақ, «Адасқанның алды-жөн, қайтып үйірін тапқан соң» дегендей, ақыры қайыр, оң жолға оралып, қиын кезеңде ата-анасымен қоса өз отбасын асырап, ағайын-туыстарына қол ұшын созып, тіпті, қиындық көрген жерлестерін де өгіздей өрге сүйреп, аудан тұрғындары ғана емес, бара-бара облыс пен республика жұртшылығына да үлгі болып, белгілі атпал азаматтардың алғашқы легінен көрінген жастардың бірі Мереке Бердібайұлы еді.
Ол бұрын өзінің жеке басы қалаған кейбір қажетсіз әдеттерден арылып, тырбанып тірлік жасауға кірісті. Барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, халыққа қажет азық-түліктерді тауып, бірін алып, бірін сатты, бірін қарызға берді. Әйтеуір, тапқан тиын-тебендерін шашау шығармай, ең алдымен, аудан тұрғындарына сырттан ұн, азық-түлік әкелумен айналысты. Кеңес одағының кезінде астықтың «отанына» айналған Қостанай облысына ай сайын барып, вагон-вагон ұн әкелді. Қаржы таба алмай қиналған кейбір ел азаматтарына қарызға ақша беріп, қасына ертіп, осы іспен айналысуларына көмектесті. Ал, Мереке әкелген азық-түліктерді реттеумен отбасы, бауырлары айналысты...
Сөйтіп, нарықтық заманға өте тез бейімделген Есқожаевтар әулеті енді тапқанын тапқандай не болса соған жарата бермей, қор жинауды да естерінен шығармады. Олар ақылдаса һәм жоспар жасай отырып, жекешелендіру жүре бастаған жылдары жинаған қаржыларына болашақта өте қажет болып қалуы мүмкін-ау деген нысандарды, автокөліктер мен басқа да құрал-жабдықтарды сатып ала бастады. Аудан орталығы мен Қазалы қаласындағы тарап жатқан кейбір кәсіпорындар мен өндіріс ошақтарының ғимараттарын, жерлерін өз меншіктеріне айналдырды. Сөйтіп, олар ойлаған ұзақмерзімді жоспарларын асықпай, біртіндеп жүзеге асыруға кірісті. Бұл жұмыстардан інілерін де тыс қалдырмай, үлкенді-кішілі әрбір істің көзін қалай табу, қалай ұйымдастыру қажеттігін, ондай кездері келеңсіз жағдайларға ұрынып қалмау жолдарын білгенінше үйретуге тырысып бақты. Өзінің ойы жетпеген, не күмәнданған кездері басқалардан ақыл-кеңестер сұрады. Осылайша бар ынта-жігерлерімен күндіз-түні еңбек еткен олардың маңдай тер, табан еттері өз жемісін берді...
Қазіргі кезде Мереке облыс орталығында тұрады. Жұбайы Дәстенқызы Гүлмира екеуінің де айналысатын кәсіптері бар. Венера атты қыз бен Әділет, Мұхамедәлидей екі ұл тәрбиелеп өсірген үлгілі ата-ана. Балаларының алды Астанада. Барлығы да заман талабына сай жоғары білім алып, жаңаруға бет бұрған Қазақстанның түрлі салаларында қызмет етеді.
Мерекеден кейінгі Мейрамбектің, оның зайыбы Өтеғұлқызы Бибігүлдің де Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентінде кәсіптері бар. Олардан түскен табыс Ақерке, Бағдәулет, Аяжан, Меруерт, Сая, Бақнұр, Мирас атты жеті ұл-қызын қамтамасыз етуге, оқытуға, қонақ-қопсыларын күтуге жетеді. Олар соған шүкіршілік етеді. Үлкен қызы Ақерке Қазалы қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы тарихи-өлкетану музейінің қызметкері...
«Туған жерге туыңды тік»
Осы тәмсілді көкіректеріне жас кезден-ақ тоқып, кез келген қиындыққа төзіп өскен Мерей, Медеу Бердібайұлдарының о бастан-ақ айналыспақшы болған істері жауапты да қиындығы мол жұмыстар еді. Олар Кеңес өкіметі тұсында аудандағы ең ірі шаруашылықтардың бірі болған Энгельс атындағы кеңшар ыдырап кеткен соң, шағын болса да серіктестік ұйымдастырып, мұқтаж жандарға жұмыс тауып беріп, бір кездегі Қожабақы ауылының ізін сақтап қалу болатын. Сөйтіп, олар ауылдың ақсақал-қарасақалдарын, азаматтарын жинап сөйлесіп, өз ойларын ортаға салды.
Алайда, алғашқы жылдары қиындықтар болмай қалмайтынын, ауылды сақтап қалу, шаруашылықты біртіндеп қайта тірілту үшін, кез келген уақытта тап болатын кедергілерге төзе білу керектігін, іске көп боп жұмыла кіріссе, ауызбірлік пен еңбекқорлық және тәртіп қатаң сақталса, бітпейтін шаруа жоқ екенін қатаң ескертті. Отбасыларын қолдарында қалған бірді-екілі малымен ғана асырап, қалт-құлт етіп отырған кейбір азаматтар бұл істі құптай кетті. «Тәуекел – ердің азығы...» деп, нартәуекелге барған ағайындылар барлық ыстық-суыққа, кездейсоқ тап болған қиындықтарға төзді. Өздерінде жоқ техникаларды көрші серіктестіктерден жалға алды. Осылай ептеп бастап, алғашқы нәтижелерге де қол жеткізді.
Ол жылдары аудандағы ең басты қиындық – егістікпен айналысатын бес республиканың жерінен өтетін Сырдария өзені суының жаз айларында өте тапшы болатындығы еді. Бірақ, басқа шаруашылықтарға қарағанда, бұлар онша қинала қоймады. Өйткені өздерінің арғы бабалары Жиенейдің төл ұрпақтары осыдан бір жарым-екі ғасырдан астам уақыт бұрын, басын ежелгі Женткент шаһарының жоғарғы тұсынан өтетін Сырдарияның оң жағалауынан алатын үлкен жарманы бірнеше жыл бойына қолмен қаза отырып, аяғын сол кездегі Жент теңізінің (Арал теңізі) шығыс жағалауына жақын жатқан шағын Бозкөл ойпатына дейін жеткізген болатын. Сонау бір замандарда суландыру саласынан арнайы білімі жоқ шаруалар қазған, кейіннен «Жиеней жармасы» аталып кеткен каналдың бір ерекшелігі – су өте тапшы болған жылдарда да Сырдарияның ұлтанындағы ақаба суы жармаға құйылмай қалмайтын еді... Жұмыстарын осындай қиындықтармен бастаған «Агро-Өркен» ЖШС кейінгі жылдары аяғына нық тұрды.
Бұл жұмыстың алғашқы бастамашысы және жетекшісі 1991-1995 жж. Қызылорда политехникалық техникумында «Гидротехникалық құрылыс» мамандығын алған, 1995-1996 жж. Атырау қаласында әскери борышын өтеп келген Есқожаев Мерей Бердібайұлы өз еңбек жолын 1996 жылы, халықтың күнкөріс деңгейі барынша төмендеп, жұмыссыздық етек алып, мемлекеттік мекемелерде қызмет ететіндер жалақыларын, зейнеткерлер зейнетақыларын, аналар мен мүгедектер жәрдемақыларын бірнеше айлап ала алмай жүрген қиын-қыстау шақта бастады. Жұмысын атқара жүріп, ол 2000-2004 жж. Қазақ мемлекеттік Заң университетін «Заңтану» мамандығы бойынша бітіріп алды.
2003 жылдан бастап-ақ «Банк Центр Кредит» акционерлік қоғамымен корпоративтік ынтымақтастықта жұмыс істеген оның шаруашылығын 2005 ж. Қызылорда облыстық «БЦК» АҚ-ның директоры Т.Б.Абдуллаев «Жылдың ең үздік серіктестігі» Дипломымен марапаттады. Ал, 2006 ж. Мерей Қазалы қаласында орналасқан бұрынғы жүк тасымалы автобазасының территориясын бүкіл ғимараттарымен қоса сатып алып, күрделі жөндеуден өткізді. Сөйтіп, 2007 жылы оған Қытай Халық Республикасынан МСТР-60 маркалы күріш өңдейтін зауыт әкеліп орнатты. Сонымен қатар, алдын болжай білетін жас кәсіпкер Қызылорда облысындағы ауылшаруашылығы дақылдарын өсіретін біраз шаруашылықтарға көлемді инвестициялар салды.
Қазіргі таңда ол Қазалы қаласындағы «Ескожаев Мерей» күріш өңдеу зауытының басшысы. Алғашқы жылдың өзінде үлкен жетістіктерге жеткен Мерей, 2007 жылы облыс әкімінің «Ауыл шаруашылығы саласындағы үздік кәсіпкер» Дипломымен, 2011 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Қызылорда облысы әкімінің Құрмет Грамотасымен, ал 2012 жылы облыс әкімінің «Өнім өндіру және өңдеу саласындағы үздік кәсіпкер» Дипломымен, 2014 жылы Қызылорда облысында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қосқан қомақты үлесі үшін облыс әкімінің Алғыс Хатымен, 2012-2015 жылдары шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, ауылшаруашылығы саласындағы өнім өндіру мен өңдеу қызметі, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан ерекше үлесі үшін аудан әкімінің «Өнім өңдеу саласындағы үздік кәсіпкер» Дипломдарын алды.
Мерей Бердібайұлы 2016 жылы Ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподағының III дәрежелі «Еңбек Даңқы» төсбелгісінің, 2016 жылы 29 қарашада ҚР Президентінің Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медалінің иегері атанды. Сол жылы Қазалы ауданының «Жастар Жанашыры», 2017 жылы «Жыл меценанты», 2018 жылы «Жастар жанашыры» және облыстық «Алтын-Дән-2019» мерекесінде күріш зауыты «Үздік өнім өндіруші кәсіпорын» Дипломдарымен марапатталды.
Тамырын тереңге жайған «Агро-Өркен»
Қазалыдағы күріш өңдеу зауыты жұмыс істей бастаған кезден ағайынды екеуінің де қызметтік құзырлары айқындалып, Мерей өңдеу жұмысы, жалпы ұйымдастырушылық, басшылық ету сияқты істерге жауапты болса, Медеу 2009 жылдан бері «Агро-Өркен» ЖШС директоры. Ол өз диқандары тұратын, барлық егістік жерлері орналасқан Қожабақы ауылындағы күнделікті жұмыстарға, диқандары мен ондағы демеушілікті қажет ететін мекемелерге, ауылда жыл сайын өтетін іс-шараларға көмек көрсету мәселелеріне жауапты. Осылайша, ағайындылардың бірі өнім өндірсе, бірі оны өңдеу жұмыстарын басқарады һәм екеуі ақылдаса отырып, жыл сайын қайырымдылық жасаумен де айналысады.
Мәселен, 2020 жылы пандемия карантині кезінде ағайындылар Қожабақы тұрғындарына 700 мың теңгенің азық-түлігін тегін таратып, Мәдениет үйіне әуендік аппаратура алып берді. Қызылорда қаласы мен Қазалы ауданында ұйымдастырылған жәрмеңкелерде «Агро-Өркен» ЖШС күріш және жем өнімдерін арзандатылған бағамен сатты. Халықтың сұранысы өте жоғары болды. 2022 жылы Қожабақы ауылының күнін тойлауға 500 мың теңге қаржылай көмек көрсетті. Қожабақы мен Аранды ауылдары азаматтарының бақша егетін жерлерін серіктестік қаржысының есебінен өңдеп, арық қазып, бақша суаратын суын жеткізіп берді. «Мектепке жол» акциясына орай, жыл сайын №25, №97 мектептерге қайырымдылық жасап, оқушылардың қажетті оқу құралдарын, киім алуларына, олардың республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі жарыстарға қатысуына ақшалай жәрдем етеді. Қожабақыдағы мешіттің күрделі, ағымдағы жөндеу жұмыстарына, отын алуына көмектеседі.
Серіктестік мүшелері өздеріне жүктелген міндеттерді шын ықыласпен атқарып, жылда үздік көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Мәселен, 2021 ж. серіктестік 700 га күріштіктің әр гектарынан 60 ц өнім алып, қамбаға 4200 т күріш құйып. II дәрежелі Дипломмен марапатталса, 60 га жерге «Янтарь» сортын еккен Шүленбаев Ғибарат Мархабатұлы бір гектардан 72,5 ц өнім жинап, қамбаға 435 т, күрішші Шайықов Амангелді Нұрмашұлы 76 га күріштіктің әр гектарынан 72 ц өнім жинап, 547,2 т астық құйды. 2021 жылдың қорытындысы бойынша ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың Құрмет Грамотасын алды. оны ҚР Парламент Сенатының төрағасы М.Әшімбаев мырза әкеліп тапсырды. Сол жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесіне орай, облыс әкімінің Алғыс Хатын иемденді. 2022 жылдың қорытындысымен серіктестік жаткисі Умадатов Аралбек Бағланұлы облыс бойынша «Үздік жаткист» атанып, агроном Шайық Кеңес Нұрмашұлы ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің «Ауылшаруашылығы үздігі» төсбелгісін тағып, Ғибарат Мархабатұлы Шүленбаев, механизатор Келмағанбетов Арыстан Серікұлы, Жүсіпов Руслан және жоңышқашы Жолдыбаев Орақбай бағалы сыйлықтар алды. Серіктестік басшысы екі өндіріс озатына жаңа темір тұлпарлар сыйлады. Өткен жылы«Агро-Өркен» серіктестігі аудандағы «Үздік шаруашылық» атағын жеңіп алып, І дәрежелі Дипломмен марапатталды. Оны аудан әкімі М.Оразбаев табыстады. Жаңа басталған 2023 жылдан ерекше үміт, зор жақсылықтар күткен «Агро-Өркен» ЖШС мен «Ескожаев Мерей» күріш өңдеу зауыты алдарына үлкен мақсаттар қойып отыр. Өйткені, ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев кезекті Жолдауы мен сайлауалды Бағдарламаларында жаңғырған, жаңарған Қазақстанды құруға байланысты Үкімет пен барлық министрліктердің, ауыл, аудан, облыс басшыларының, бизнес өкілдерінің алдарына, бірінші кезекте ауылдардың экономикалық, әлеуметтік, инфрақұрылымдық һәм өнеркәсіптік салаларын үлкен деңгейге көтеруге байланысты міндеттер жүктеген еді.
Осы орайда, жыл аяғына таман облыстарды аралап, Президент қойған талаптардың үдесінен көрінуге байланысты алда қандай міндеттер мен іс-шаралар күтіп тұрғанын тағы бір ақылдасып, пысықтап алу үшін, Премьер-Министр Қызылордаға да ат басын бұрып, мұндағы кәсіпкерлермен, әсіресе, ауылшаруашылығымен айналысатын серіктестіктер мен компаниялардың, облыс, аудан басшыларының бастарын қосқан. Бұл жиынға Есқожаев Медеу Бердібайұлы да қатысып, Үкімет басшысы Ә.А.Смайылов, облыс басшысы Н.М.Нәлібаев мырзалармен болған салиқалы сұхбаттан сындарлы сабақ алып қайтқан болатын. Онсыз да ауылдарды қайта жандандыруды қашаннан бері-ақ алдарына үлкен мақсат етіп қойған ағайындылар басқаратын ұжымдар өткен табысты жылдың нәтижесін пайдаланып, күзгі жиын-теріннен соң-ақ биылғы көктемгі егіске, оның өнімін өңдеуге қажетті барлық техникаларды сақадай сай етіп, оларға қажетті жанар-жағармайларды, қосалқы бөлшектерді, күріш, бидай, жоңышқа тұқымдарын және тыңайтқыштар мен химикаттарды жылдағыдан молдау етіп дайындап алған-ды.
Ағайындар ынтымағы және Диана қыздың ерекше жаңалығы
Өйткені, «Агро-Өркен» ЖШС ұжымы биыл 750 га күріш, 145 га қатты бидай, 257 га жаңа жоңышқа, 555 га көне жоңышқа себуді жоспарлап отыр. 500 га зябь дайындалды. Қосымша 15 км канал қазылып, бұрынғы су жүретін жолдар тазаланды. Қазіргі кезде 10 механизатор, 15 сушы, егіс бригадирлері, механик, гидротехник, агроном жұмыс Медеу Бердібайұлы: «ӨТКЕН ЖЫЛҒА ӨКПЕ ЖОҚ, ЖАҢА ЖЫЛДАН ЖАҚСБұл – өзім өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап жақсы білген, аға-інідей сыйласып, бір шаруашылықта азды-көпті қызметтес болған Есқожа Құттықұлындай текті атадан тараған әулеттің ең кенжесі, Қызылорда облысы Қазалы ауданының Қожабақы ауылындағы «Агро-Өркен» ЖШС-нің директоры Медеу Бердібайұлының өткен Барыс жылына айтар ризашылығы мен босағадан енді аттаған 2023 жылдан күтер үлкен үміті. Әрбір Жаңа жылдан жақсылық күту – әр пенденің арманы. Алайда, сол үміт жүзеге асу үшін, алға қояр мақсат, жыл бойы атқарар еселі еңбек, төгілер маңдай тер мен табандылық, төзімділік, шаруашылық басшысының ұйымдастырушылық қабілеті қажеттігін ол жақсы біледі. Өйткені, Медеу – еңбекпен тапқан нанның ерекше дәмді болатынын әкесі Бердібай мен анасы Ақжарқыннан, қазір елге танымал болған асқар таудай туған ағалары Мереке, Мейрамбек, Мерейден бала кезінен үйренген, «Арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда жүрсе, артқылары да солай қарай жүреді» деген тәмсілді жақсы түсініп, түйсігіне тоқып өскен азамат. 7 12 ҚАҢТАР 2023 БАРЫС ЖЫЛЫ газет және оқырман СЫЛЫҚТАР КҮТЕМІЗ» жасайтын болса, биыл егістіктердің көлемін ұлғайту есебінен 25-30 жұмыс орны пайда болмақ және оларды негізінен Қожабақы ауылының тұрғындары толтырмақ деген үміттері бар. Оны алдағы жұмыс нәтижелері көрсете жатар... Алдарына осындай арман-мақсаттар қойып, ел абыройын асқақтатуға өз үлестерін қосып жүрген ағайынды Мереке, Мейрамбек, Мерей, Медеу сынды атпал азаматтардың ұл-қыздарының арасынан да әкелерінің жолдарын қуатын ұрпақтар шықпасына кім кепіл?! Біз бұдан бұрынырақта Мереке мен Мейрамбектің балалары жайлы қысқаша айтып кетіп едік. Енді Мерей мен Медеудің ұрпақтарын да тілге тиек еткен дұрыс болар.
Мерей Бердібайұлы мен Кәмшат Айғалиқызы Кәмила есімді қыз және Әлім атты ұл өсіруде. Ал, Медеу мен Светлана Захарқызы Диана, Назерке есімді екі қыз бен Әмір атты ұл тәрбиелеп отыр. Бұлардың Дианасы облыс орталығы Қызылорда қаласындағы «Мансап» атты зияткерлік эко мектептің соңғы сыныбында тәлім алады. Мектептегі ең үздік оқушылар санатындағы Диана кішкентайынан өте алғыр, тындырымды, атасы Бердібай мен марқұм әжесі Ақжарқын, өз ата-аналары сияқты ойға алғанын орындамай тыным таппайтын, өнербілімге құштар, жан-жақты болып өсті. Әуендік аспаптарды, оның ішінде фортепианоны жақсы меңгерді. Мұндай білім мен жаңалыққа, тіпті, ғылымға деген құштарлығы «Мансап» зияткерлік мектебінде ерекше деңгейге жетті. Әртүрлі олимпиадалар мен байқауларға қатыса бастады. Сондай құштарлық нәтижесінде, Диана жақсы нәтижелерге қол жеткізе бастады. Бірекі мысал келтіре кетейін. Ол өткен 2022 жылы 5 қарашада Түркияның Анталья қаласында өткен Халықаралық ағылшын тілі олимпиадасында 1-орын алып, «Мансап» зияткерлік эко мектебінің, Қазалы ауданы мен Қызылорда облысының, Қазақстанның атын шығарды. Диана қызымыз сол жылдың соңына қарай ауылшаруашылығы саласына қатысты қиын тақырыпты таңдап алып, өз мектебінің зертханасында ғылыми жолмен өсірген күріш сұрыбын көрсетіп, шағын ғылыми баяндама жасап, оқушылардың Алматы қаласында өткен Республикалық байқауында ІІ орын мен ерекше төсбелгі алып қайтты. «Бұл құр әурешілік болады ғой. Уақытыңды босқа шығындамай, басқа да бір мәселемен айналысуыңа болады емес пе?» деген ұстазына: «Бұдан бір нәтиже шығармай тынбаймын» деп айтқанға көнбей қояды. Мұны естіген мектеп басшысы: «Дианаға бір мүмкіндік беріңдер» деп, оны өзі бақылауға алады. Қайсар қыз ақыры дегеніне жетіп, мектеп атын республикаға паш етті. Кім біледі, осы Дианадай қыздарымыз ел ғылымына зор үлес қосатын әйгілі ғалым болар! Ләйім, солай болсын!
Редакция алғыс айтады
Қожабақы ауылындағы «Агро-Өркен» ЖШС-нің ұжымының қалай өмірге келіп, қалай тынымсыз еңбек, ізденіс, жаңашылдықтарының арқасында шыңдалып, биіктерді бағындырғаны, тамырын тереңге жайғаны туралы тыныс-тіршілігіне қалам тербеген жазушы Саттар Садықұлы ағамыз біздің газетіміздің зор жанашыры. Өткен жылдың қоңыр күзінде апамыз, ол кісінің жұбайы Дариха апамыз елге барып, ұжыммен, ақсақалдармен, басшылармен кездесіп, газетімізге, журналымызға жазылуды насихаттады. Соның нәтижесінде бүкіл ауыл және зауыт ұжымы газетімізге түгелдей жазылды. Жаңа оқырмандарымызға алғыс айта отырып, жаңа жылда зор табысқа, жемісті жетістіктерге жете берулеріне тілектестік білдіреміз.