МЕКТЕПТЕГІ ҚҰҚЫҚ ЖАЙЛЫ САБАҚ

МЕКТЕПТЕГІ ҚҰҚЫҚ  ЖАЙЛЫ САБАҚ

Қала мектептерінде соңғы уақытта төменгі сынып оқушыларынан ақша бопсалау, ұру, қорқыту, өзге мектеп сыныптарымен жақ-жақ болып төбелесу белең алып тұр. Тіпті оқушылар арасында суицид жасау да жиілеп кетті. Осыны ескерсе керек, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкеннің төрағалығымен Т. Бегелдинов атындағы №1 мектеп-лицейінде білім басқармасы, полиция департаменті, прокуратура және ҰҚКД өкілдерінің, мектеп және колледж директорларының қатысуымен жедел кеңес өтті. Кеңес барысында қала мектептеріндегі жасөспірімдермен кездесуде көтерілген тақырыптар талқыланып, ведомстволардың жауапты мүшелері бекітілді. Содан кейін кеңес мүшелері қала аудандары бойынша топтарға бөлініп, 70-тен астам білім ұйымын аралап, жасөспірімдерге құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында түсіндірме жүргізді.

Жасөспірімдермен кездесуде құқық қорғау органдарының өкілдері заңдарды сақтаудың маңыздылығын еске салды. «Сіздер 18 жасқа толмаған болсаңыздар да, өз әрекеттеріңіз үшін жауапкершілік көтересіздер. Кейбір қылмыстар бойынша қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Адам өлтіру, денсаулыққа ауыр және орташа зиян келтіру, зорлау, ұрлық, тонау, бопсалау, бұзақылық – осы қылмыстар бойынша 14 жастан асқан жасөспірімдер түрмеге қамалуы мүмкін. 16 жасқа толғандар барлық қылмыс түрлері, оның ішінде есірткі мен қаруды заңсыз сақтау және айналым үшін де жауапқа тартылады.

Егер кәмелетке толмаған жасөспірім әлі бұл жасқа толмаған болса, онда жауапкершілікті оның ата-анасы көтереді, тіпті ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін», – деп атап өтті прокуратура өкілі. Ол соңғы жылдардағы статистиканы атап өтті: 500-ден астам жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылған, олардың арасында түрмеге қамалғандар да бар. Сондай-ақ, ата-аналар да өз балаларының заңсыз әрекеттері үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, оқушыларға жақында Астанада болған жасөспірімдер арасындағы жаппай төбелес туралы ескертілді.

«Сіздер, бәлкім, жасөспірімдер жиналып, жаппай төбелесуге тырысқандары туралы естіген боларсыздар. Оған қатысушылармен полиция бірнеше күн бойы жұмыс істеп жатыр. Жауапкершіліктен ешкім құтыла алмайды, бәрі есепке алынып, мектептен шығарылып, кәмелетке толмағандар жөніндегі комиссияда қаралады, «ерекше көзге түскендер» сотталады, ата-аналары да жауапқа тартылады», – деп атап өтті бақылаушы органның өкілі.

 

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК
17.10.2024

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 6324
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 5762
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 8958
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 6756
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 7961