Иә, жаңа жыл келіп, демалыстан соң оқушылар асқақ арман, үкілі үмітпен білім алу мақсатында алтын ұяға беттейді. Оқушыларымыз дер кезінде лайықты білім алып, бағытын айқындап алса, бағындырар биік те алыс емес. Бұл жергілікті биліктің де назарынан тыс қалмайтын мәселе.
Сондықтан да білім ошақтары оқушылардың қауіпсіздігі үшін барынша алаңдап, жұмыстануда. Осы тұрғыда, «Мектептеріміз үшінші тоқсанға қаншалықты дайын?» деген мақсатта бүгін ауданымыздың таулы аумақтарында орналасқан білім ошақтарында болып қайттым. Мекемелердің іші сырты, сынып іші, ас берілетін орындар мен жылыту барысы барлығын жіті қадағалап, тиісті тапсырмалар беріп, қажеттіліктері туралы ойларын білдім. Мұндай аралау күнделікті жұмыс жоспарым десем де болады. Сондықтан біздің бірінші мақсатымыз - оқушыларға сапалы білім беру.
Көзбен көргенді көңілге түйіп, қыстың күндерінен оқушыларымыз жаурамай, сабақ оқуларына жасалған жағдайды тағы бір рет пысықтадым.Ақиқатында барлық білім ошақтарында жағдай тиісінше жасалып, оқушылар білім нәрімен сусындаса қандай жарасымды?!Тәуелсіз еліміздің білімді де мәдениетті жастарын тәрбиелеу, өскелең ұрпаққа айқын жол сілтеу-мұғалімдердің ең ізгі міндеті әрі парызы.
Ендеше, осы жолды таңдаған жандардың кездескен қиындықтарды жеңе біліп, оқушыларға жан-жақты білім беріп, үлкен жетістіктерге жете беруін тілейміз!