Сол қаһарлы күндер мен алаңда болған суреттерді есіме түсірсем, әлі күнге дейін денем түршігеді, қалшылдап өзімді ұстай алмай кетемін.
Ол кезде мен Алматы қалалық медицина училищесінде 2 курста оқитын едім. Жасым небәрі 19-да. 17 желтоқсан күні үш құрбы әдеттегідей сабаққа келе жаттық. Ойымызда ештеңе жоқ. Аялдамадан түсіп, енді Комсомол көшенің келесі бетіне өту керек болған. Осы кезде Сейфуллин жақтан осылай қарай шұбырған адамдар тобын байқадық. Жақындағанда байқасақ, қазақтың өрімдей жас қыз-жігіттері екен. Салтанатты шеруде жүргендей аяқтарын алшаң-алшаң басады. Ара-арасында «Жасасын қазақ!», «Қазақ басшы!» деп ұрандатып қояды. Осыны күтіп тұрғандай, біз де ілесіп жүре бердік.
Біздің топ алаңға Сәтбаев көшесі арқылы жетті. Мир көшесіне таяғанда әлдебіреу: «Ол жаққа бармаңдар! Алаңды милиция қоршап жатыр!» деп айқай салды. Жол-жөнекей басқа жастар қосылып, күшейіп алған топ, оған пысқырған да жоқ. Алаң шерушілерге лық толыпты. Теңіздей теңселеді. Осы кезде Бақыт: «Қыздар, ананы қараңдаршы!», – деді. Құрбым көрсеткен жаққа қарасақ, «Әр ұлтқа өз көсемі!», «Далой, Колбина!» деген плакаттарға көзіміз түсті. Сонда санамда «Колбин деген не?» деген ойдың жылт ете қалғаны есімде. Алаңда алдыңғы шепте тұрған милиционердің көбі қазақ жігіттері екен. «Өтуге болмайды!» деп жолды кес-кестегенше болған жоқ, біздің топ олардың қатарын бұзып-жарып алаңға қарай өтті. Ішінде Бақыт, Күләш, үшеуміз де жүрдік. Шыны керек, қазақ жастарының «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған» мұндай ұйымшылдығын бірінші рет көруім. Біздің қыз-жігіттер неткен ержүрек, неткен отаншыл! Жастар бір-ақ нәрсені талап етті. «Қонаев халық алдына шығып, бәрін өз аузымен түсіндірсін» деді. Бірақ үкімет жастардың талабын құлағына қыстырмады. Талабы орындалмаған жастар өз еркімен тараудан бас тартты. Күн ызғарлы еді. Бейбіт шерушілер қайта-қайта «Менің Қазақстанымды» айттық. Кешке дейін осылай тұрдық. Бір кезде милиция жасақтары алға лап қойды. Артынан оларға солдаттар көмекке келді. Бейбіт тұрған шерушілер мен қарулы топ арасында қоян-қолтық төбелес басталды. Әскерилер сапер күрекпен, резеңке таяқпен қаруланған, мынау ұл, мынау қыз демеді, соққының астына алды. Қанға бөгіп құлап жатқандарды көріп, зәрем зәр түбіне жетті. Бірақ біздің жігіттер де оңай шағылатын жаңғақ емес екен. Арыстандай алысты, жолбарыстай жұлысты. Бір уақытта бірнеше «водовоз» бірінен соң бірі тізіліп алаңға кіріп, мұздай су шаша бастады. Оған қатты ыза болдық. Ашынған жастар таспен, таяқпен қаруланып, солдаттарға қарсы дүрсе қоя берді. Солдаттарды қуып, алаңда бірнеше машинаға от қойып жіберді, бірнешеуін төңкеріп тастады.
Біз ешнәрседен тайынбадық, қорқу дегенді білмедік. Уақыттың қай мезгілі екені есімде жоқ, милицияға тың күш қосылып, қайта алға ұмтылды. Осы кезде мен құрбыларымнан көз жазып қалдым. Оларды жанұшыра іздеп, таба алмадым. Енді не істеу керек? Айналамда ығы-жығы халық, өмір мен өлім үшін арпалысқандар мен жанталасқандардан көз тұнады. Енді мұнда қалудың жөні жоқ екенін түсіндім де, бұрыла сап қаша жөнелдім. Сасқалақтағаннан ма, алға басқан аяғым кері кетіп жүргізсейші... Өзімді әрең дегенде қолға алдым-ау! Мир көшесімен төмен қарай бар күшімді салып құлдилай жүгірдім. Абайдан өте бергенде аяғым бірдеңеге шалынып, омақаса құламасым бар ма? Қайдан пайда болғанын қайдам, бір жігіт қолымнан тартып тұрғызып алды да: «Қарындас, артыңа қарама, бар күшіңді салып қаш! – деді. Содан зытып бердім. Комсомол көшесіне таяғанда шаршағаным сондай, буын-буынымнан әл кетіп, кездескен бір тасаға тығылуға тура келді. Сөйтсем ол таса қоқыс жәшіктері тұратын жер екен. Жаман иіс қолқаны бірден қапты. Ентігімді баса алмай, тер шүмектеп тұрғанда, қараңғыдан сопаң етіп біреу шықты. Зәрем зәр түбіне жетті. Аяғым жүрмей, тілім байланып қалды. Әлгі алба-жұлба сұлба орыс тілінде: «Әй, сен кімсің? Саған не керек?» – деді. Мен қорыққанымнан ештеңе дей алмадым. Орыс әйел екен. Менің қалшылдап тұрған түрімді көріп, аяп кетті ғой деймін, «Сен менен қорықпа, балақай, мен адам жегіш емеспін» деп, қолымнан жетектеп апарып түкпірге отырғызып қойды. Сасық иіс қолқамды қауып барады. Бірақ, «батырға да жан керек» демекші, шыдуға тура келді. Қаңғыбас әйел қарлығыңқы дауыспен бірдеңе деген болады. Мен тілімді жұтып қойғандай үнсізбін. Сол жерде он бес-жиырма минуттай болған шығармын. Көшедегі дабыр-дүбір саябырсыды-ау дегенде қаңғыбас әйелге қайта-қайта рахметімді жаудырып тысқа шықтым. Көше тым тырыс. Айқай-шу басылған. Жаяулатып Гоголь көшесіне түсіп, сол жерден такси ұстап, пәтерге жетіп алдым. Ішке кірсем, Күләш пен Бақыт әлі келмепті. Олар түнгі сағат 11-лер шамасында келді. Үшеуміз жылап көрістік. Әр нәрсе еске түсіп, таң атқанша көз ілгеміз жоқ.
Ереңінде Бақыт пен Күләш сабаққа кетті де, мен бармай қалдым. Ондағым, алдымен ағам Болаттың амандығын білу еді. Өйткені жеңгем Ақмола жақтағы ауылына кеткен. Жол жүрерде «ағаңның қарны ашып қалмасын» деп тапсырған. Кеше алаңда жүріп тарс есімнен шығып кетіпті. Оның үстіне ағамның қызбалау мінезі маған бес саусақтай белгілі. Мұндайда ол өлсе де үйде қамалып отырмайды, алаңда болғаны анық. Бастысы аман ба екен, кешегі дүрбелеңде жасақшыларға ұсталып қалмап па, соны білу керек. Олардың пәтері бізден көп қашық емес, Матросов 20-да тұрады. Барсам, есіктері тарс жабық, жан баласы көрінбейді. Көп ойланбай сол маңда тұратын сыныптас досы Мақсұттың (Байсалбаев) үйіне бардым. Үйде Нұржамал мен Оразгүл бар екен. Бұлар Мақсұттың қарындастары. «Осы қазір ғана екеуі алаңда не болып жатыр екен, біліп қайтамыз деп шығып кетті» – деді олар. Жүгіріп аялдамаға барсам, ешкім көрінбеді. Амалсыз пәтеріме қайттым.
Түске қарай жеңгем келді. Көзі бадырайып кетіпті. «Бәрін естідім, бәрін білемін. Ағаң қайда, аман ба өзі?», – деп сұрады. «Жеңге, үрейленбе, ағам аман-сау. Осы таңертең Мақсұт екеуі алаңға кетіпті», – дедім жеңгемнің қорыққанын басуға тырысып. «Онда не тұрыс, кеттік алаңға!», – деді жеңгем жұлып алғандай. «Күте тұрайық, келіп қалар» деп тоқтатпақ болғанымнан түк шықпады, «жоқ, мен білетін ағаң жетектеп келмесең, келмейді. Бірдеңеге ұрынып қалмай тұрғанда, ертерек тауып алайық» деп сүйрей жөнелді.
Майра жеңгеміз екеуміз салып ұрып алаңға келдік. Алаңға келгенде көргеніміз – алаңды арнайы жасақ қоршап тұр екен. Не кіргізбейді, не шығармайды. Қоршаудың ішінде де, сыртында да қаптаған жастар. Сол жерде бір сағаттай айналып, ығы-жығы халықтың ішінен қанша үңіліп қарасақ та Болатты таба алмадық. Кенет әскерилер жай тұрғандарды ұрып-соғып, қуа бастады. Тұра қаштық. Артымызда ауыр етіктер дүрсілі жақындап қалған секілді. Одан сайын жанұшыра безілдей жүгіреміз. Әйтеуір ұсталған жоқпыз. Көк базардан автобусқа отырып, өліп-талып үйге жеттік. Келсек Болат пен Мақсұт үйде отыр екен. Бұндай қуанбаған шығармыз! Ағамды аман-сау көргенде қалай көзімнен жас шығып кеткенін білмей қалдым. Болаттың бет-ауызы ісінген, қолдары тілім-тілім, сау-тамтығы қалмапты. Аяп кеттім. Айтуынша, ол 17 желтоқсанда ұсталыпты. Солдаттар көк ала қойдай етіп сабап, машинаға тиеп, қаланың сыртына апарып тастамақ болған екен. Жолда күзетші қазақ милициялармен келісіп, қашып шығыпты. Ташкент көшесі бойында әлі құрып, өлімші болып жатқан жерінен бір мың болғыр кісі тап болып, машинасымен жеткізіп тастапты. Жағдайының мүшкілдігіне қарамай ертеңіне алаңға не үшін қайта барды, оны қандай күш жетелеп апарды, түсінбеймін. Жеңгем де дәрігер еді, сол жерде екеулеп ағамның жарасын жуып, алғашқы дәрігерлік көмек көрсеттік. Ауруханаға апару қауіпті еді, жарақатпен қаралғандарды дереу қамауға алып жатыр екен дегенді ұзын құлақтан естігенбіз.
Болат ағам Шет тілдер институтында оқитын. Ертеңіне «бармасам болмайды» деп сабаққа кеткен. Бірақ артынша қайтып оралды. Содан жеңгемнің бастамасымен отын тұратын жертөледен орын босатып, оған жоғарыдан кереует түсіріп, орналастырып, ағамды соған көшірдік. Жаңа жылға дейін ағам сол жертөледе бой тасалады. Бір қарағанда адам сенгісіз оқиға, бірақ бұл шындық.
Ал мен алаңда болсам да бір Алланың қалауымен қолға түспей, аман қалдым. Қазір ойлана қарасам, біз ол кезде тым жас болыппыз, бостандық, азаттық деген ұғымның мағынасын терең түсінбесек те, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтармен бірге алаңда жүрдік. Оқиға ортасында болған құрбы-құрдастарымыздың көбі итке таланды, тепкінің астында қалды, шашы жұлынды, қолы сынды, тіпті мерт болғандары да аз емес. Кейін қаншамасы мүгедек, ауру болып қалды. Міне, соның бұрын біз өз көзімізбен көрдік, иығымызбен көтердік. Осындай жантүршігерлік оқиғалардың ортасынан шықсақ та, тағдырдың ащы таяғын жесек те, мен батырмын деп кеуде керген емеспіз.
Осы жерде бір нәрсе айта кетсем деймін. Біздің топта он бес қазақ, он бес орыс қызы оқыды. Қазақ тілді он бес қыз, әрине, ауылдан келген сарыауыздармыз, қаланың қыздары болса, орысшаға судай. Бірақ, қазақша түк қақпайтын. Қазақ қыздар өзара қазақша сөйлей бастасақ, орыс қыздар: «Сендер неге қазақша сөйлейсіңдер, давай, орысша сөйлеңдер! Орысша сөйлегілерің келмесе, мүлде сөйлемей-ақ қойыңдар!» деп жоқ жерден жанжал шығаруға құмар еді. Біз көбіне үндемей құтылатынбыз. Желтоқсан көтерілісінен кейін олар тіпті шектен шықты. «Вы, кольбиты, на кого руки поднимали?» – деп басынатын болды. Біз іштен тынып, өзімізді әрең ұстап жүрдік. Бірде Таня атты комсорогымыздың «Сендер ұлтшыл халықсыңдар! Ұлтшылдардың орны – түрме!» дегені кеудемде әлі шаншудай қадалып тұр. Сонда ұрыс шығара жаздап, әрең тоқтағанбыз.
Иә, Болат ағам айтпақшы, Желтоқсан көтерілісі болмағанда, Тәуелсіздік алар ма едік, алмас па едік, оны бір Алла біледі. Ең бастысы, біз 1986 жылы қазақтың рухы әлі тірі екенін дәлелдедік. Қазақтың ержүрек халық екенін мойындаттық. Ал ерлік ешқашан ұмытылмайды. Азаттық жолында құрбан болған өрімдей жастарымыздың есімі жадымызда мәңгі сақталады.
Қазір үш баланың анасымын, шүкір, екі ұл, бір қыз өсірдім. Немере сүйіп отырмын. Алматыда пәтер жалдап тұрып жатырмыз. Бүгінгідей қымбатшылық заманда пәтер жалдап тұрудың қиындығы өз алдына, материалдық тұрғыдан да ілдебайлап әрең күнімізді көріп жүрміз десем біреулер сенбейтін шығар. Жер-жерде моральдық тұрғыдан жапа шеккен желтоқсаншыларға өтемақы ретінде пәтер, үй, жер телімдерін беріп жатыр деп естиміз. Бірақ, оған біздің қолымыз жеткен жоқ. Мүмкін әкім-қаралар менің де жағадайымды ескеріп, қол ұшын созып қалар деген үмітпен жүргенімді несіне жасырайын. Қалай десек те, әділетсіздікті түзейтін уақыт жетті деп ойлаймын.