1-маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай, ауданымызда жаңа балабақша ашылды.
Салтанатты ашылу шарасына аудандық білім бөлімінің басшысы Айгерім Алтынбаева, аудандық билер кеңесінің төрағасы Медербек Өзбеков, ардагер ұстаз Ғалия Қажығалиева, балабақашаның ашылуына атсалысқан Тұтқышбай Срайылов және ата-аналар қатысты.
Кеш қонақтары балабақшаның ашылуы және балалардың айтулы мерекесімен құттықтады. Балаларға деген ізгі тілектерін жеткізіп, жаңа ұжымның жұмысына сәттілік тіледі.
Содан соң, бүлдіршіндер ән салып, билеп өз өнерлерін ортаға салса, аниматорлар балалардың көңілін көтерді. Салтанатты түрде лента қиылып, жиналған көпшілік балабақшадағы бүлдіршіндерге жасалған жағдаймен танысты.
Заманауи талаптарға сай ашылған «Д.Адина» балабақшасы 75 орынға арналған болса, мұнда жаңа 25 жұмыс орны ашылды. Мекеме ғимараты балаларға қажетті бөлмелер және жабдықтармен қамтылған.
Жалпы Меркі ауданы бойынша 16 мемлекеттік балабақша, 10 шағын орталық бар болса, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жұмыс істейтін мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру ошақтары «Д-Адина» балабақшасымен 14-ке жетіп отыр.
Биыл аудандағы мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде 3750 бүлдіршін тәрбие және білім алуда.