Орта және кіші бизнес, жеке кәсіпкерлікті, сонымен қатар, есік алдындағы қосалқы шаруашылықты тиімді жүргізу – жұмыссыздықты барынша азайтып, халықтың әл-ауқатының артуына ықпал етеді. Осы орайда, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байсейіт Жылысбаевтың ұйытқы болуымен де атқарылып жатқан істер аз емес.
Байсейіт Жылысбаев бастаған топ аудандағы белгілі кәсіпкерлік ошақтарында болып, жергілікті жердегі жұмыс барысымен танысты. Олар әуелі Меркі ауылдық округінің тұрғыны Тимур Мүслімнің қосалқы шаруашылығында түйетауық өсіру ісін көріп, жоғары баға берді.
Тимур осыдан 5 жыл бұрын кәсіпкерлік жолын таңдап, Ресейдің Ставрополь қаласынан ет бағытындағы түйетауық жұмыртқаларын 1000 теңгеден жеткізген. Сол жұмыртқадан балапан шығаратын ресейлік арнайы қондырғы сатып алып, құстарды күтіп-баптайтын тор күркелерді өз қолымен жасаған. Осындай технология арқылы түйетауықтың санын жылына 1000-ға дейін жеткізіп жүрген ол 7 ай көлемінде ірі құстың толық жетіліп, тұтынушыға жол тартатынын айтады.
– Негізі бұл құстың еті нарықта жоғары бағаланады. Әр басы 6 келіден 10 келіге дейін таза ет береді. Өнімді өткеру бойынша мәселе туындаған емес. Өзіміздің аудан, Тараз бен Алматы қаласында тұрақты сатып алушыларым бар. 7 айда 1000 басын саудалаудан түсетін табысым 10 миллион теңгеге жетеді, – дейді ол.
Топтың келесі бағыты аудан бюджетіне қомақты қаржы құйып, әзірше 70 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған, тұрмыстық және офистік түрлі жиһаз шығаратын өндіріс орны – «Zetta» компаниясының ауданымыздағы өндіріс ошағы болатын. Аталған компания соңғы 25 жылдан бері бүкіл Қазақстан бойынша желілік өндіріс орындарын ашып, кең қанат жайған.
Көпшілікті қарсы алған өндіріс басшысы Абдуважит Аушамов пен бас есепші Қайрат Керімқұлов жиһаздардың дайындалу процесін цехтарды аралату арқылы көрсетіп, түсіндірді.
Бұл компания ауданымыздағы Кеңес заманынан қалған бұрынғы нан зауытын күрделі жөндеуден өткізу үстінде екен. Алдағы 2 ай көлемінде ол нысан іске қосылса, жұмыс көлемі де артып, 600 адамды тұрақты жұмысқа тарту жоспарда тұрғанын айтқан А.Аушамов жұмысшылардың айлық жалақысы 120 мың теңгені құрап тұрғанын жеткізді.
– Өндіріс ошағындағы кездесу соңында Байсейіт Жылысбаев Абдуважит Аушамовқа ауданымызда өндіріс көзін ашып, халықты жұмыспен қамтып отырғандары үшін алғысын білдіріп: «Әр ауылдағы жаңа кәсіпорындардың, цехтардың жұмысына ардагерлер де назар аударып, тәжірибелерімен бөлісулері қажет. Сонда іс алға басады, – деді.