«Мерейлі отбасы – 2023» ұлттық конкурсы өңірлік кезеңінде Мойынқұмдық Исабековтар отбасы жүлделі 1-ші орынға ие болды
Тараз қаласы «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында «Мерейлі отбасы – 2023» ұлттық конкурсы өңірлік кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. Игі шараға Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов қатысып, конкурстың маңызы мен мақсатына тоқталып, барлық қатысушылар мен жеңімпаздарға ризашылығын жеткізді.
– Бала тәрбиесінде және оның дара тұлға болып қалыптасуында ата-ананың рөлі мен отбасы құндылығының маңызы өте зор.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың екінші отырысында: «Еліміздің болашағы отбасында қалыптасады. Ал отбасы бақытты болса, еліміздің келешегі де жарқын болады.
Мемлекеттің ең басты байлығы – адам, яғни азаматтар. Әрбір ата-ана саналы ұрпақ өсіруге баса мән беруге тиіс»,-дей келе отбасының рөліне айрықша тоқталғаны белгілі.
«Отан – отбасынан басталады»!
Демек, Мемлекеттің мықтылығы – әр отбасының беріктігінен, әр әулеттің татулығынан, ондағы түзу тәрбиенің негізінен өзек алады.
Елімізде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы дәстүрге айналып, биыл оныншы рет өтуде.
Байқаудың басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, отбасы мен некенің жағымды үлгісін көрсету, отбасы мәртебесін арттыру, мерейлі отбасыларды үлгі-өнеге ету арқылы – өскелең ұрпақты ізгілікке тәрбиелеу.
Ел ішінде құрметке бөленген ардақты да берекелі әулеттер, өнегесі мол отбасылар аз емес. Қазыналы қариясын қадірлеп, ата-анасын ардақтаған, балалары бақытқа бөленіп, жарасымды жанұя атанып отырған отбасылар – бүкіл қоғамның айнасы,-дей келе Нұржан Нұржігітов конкурс жеңімпаздарын құттықтады.
«Мерейлі отбасы – 2023» ұлттық конкурсы өңірлік кезеңінің қорытындысы бойынша бас жүлдені (500 мың теңге) Шу ауданынан Мадалиевтер жанұясы жеңіп алды.
Ал, бірінші орынға (400 мың теңге) Мойынқұм ауданынан Исабековтер отбасы ие болды.
Сондай-ақ, ІІ орынға (300 мың теңге) тараздық Сметовтар және Утеповтар, III орынға (200 мың теңге) жуалылық Сұрымбаевтар және таластық Иманбаевтар отбасылары ие болды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом және сертификаттармен марапатталды.