Мүмкіндігі шектеулі адамдардың қоғамдағы орны қандай? Жағдайлары нешік? Тұрмыстары қалай? Оларға мемлекет қаншалықты жәрдем беруде? Оларды жұмыспен қамту, еңбекке баулу қалай жүргізілуде? Мүмкіндігі шектеулі жастардың хал-ахуалы не болып жатыр? Бұл айтылғандар көпті толғандыратын мәселе екені даусыз. Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау ҚР Конституциясы, «ҚР мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» заңы бойынша реттелетінін айта кеткен жөн.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында Үкіметке қамқорлығында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға ерекше көңіл бөлуді тапсырған еді.
«Тек ресми статистика бойынша 80 мыңнан астам бала мүгедектігіне байланысты есепте тұр. Үкімет БЦП диагнозы бар балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту үшін шаралар қабылдауы керек. Балаларға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейту қажет. Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз. Мен бұл туралы өзімнің сайлауалды бағдарламамда айттым», – деді ҚР Президенті өзінің Қазақстан халқына Жолдауында. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Үкіметке осы мақсатта үш жыл ішінде кемінде 58 млрд теңге бөлуді тапсырған болатын.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша, қазіргі уақытта Қазақстанда 690,6 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тіркелген. Олардың ішінде 61,5%-ы еңбекке қабілетті жаста, 25,6%-ы зейнет жасындағы азаматтар, 12,9%-ы 18 жасқа дейінгі балалар (89,4 мың), оның ішінде жүйке жүйесінің ауруы бар балалар 26,5 мың болса, олардың 17,4 мыңы церебралды сал ауруына (БЦС) шалдыққандар.
Елімізде әр жыл сайын 11 мыңнан астам баланың мүгедектігі бар екені анықталады. (2018 жылы 11 815 бала мүгедек ретінде анықталды), олардың 22,9%-ға жуығы жүйке жүйесінің аурулары бар балалар (2018 жылы – 2703 бала), оның ішінде 50% астамы БЦС диагнозымен (2018 жылы – 1364 бала).
Шілде айында өткен ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі «Мүмкіндігі шектеулі жастарды қолдау бағдарламалары туралы» тақырыпта өткен баспасөз конференциясында көп нәрсе айтылды.
Іс-шараға Компетенцияларды дамыту орталығы «IteachMe» қоғамдық қорының директоры Бегалиева Захира Оңғарбайқызы, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ онлайн оқытуды дамыту департаментінің директоры Әдепбаева Қымбат Қаниқызы қатысты. «Кез келген жас қазақстандықтың арманы – ірі компанияларда жұмыс істеу, басшылық бағалайтын кадр болу, жоғары жалақы алу. Көп жастар үшін қол жеткізуге болатын мақсат. Бірақ мүмкіндігі шектеулі жастар үшін бұл мақсат қолжетімді ме? Қазір Қазақстанда 700 мың мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Оның ішіндегі 420 мың адам мүмкіндігі шектеулі болғанымен, еңбек етуге қабілетті. Бұл 58%-ын құрайды. Бұл қазіргі біздің еңбек нарығына үлес қоса алатын адамдар. Мүмкіндігі шектеулі адамдардың жұмыс таба алмауының бірнеше себебін анықтадық. Біріншіден, оқу орындарында алған білім мен практика сәйкес келмей жатады. Екіншіден, сұранысқа ие болу үшін қосымша білім жетілдіру курстарынан өту керек. Заман ағымына сай әлемде болып жатқан жаңалықтардан хабардар болуы керек. Бүкіл әлемде цифрландыру және технология ғасыры болып жатыр. Тағы бір фактор – мамандық бір рет қана таңдалуы керек, өмір бойы тек сол кәсіппен айналысу керек деген көзқарастың болуы. Жаңа заманауи мамандықтар да өзін жетілдіруді хобби ретінде көреді, – деді Захира Бегалиева.
«IteachMe» қоғамдық қорының директоры транспорт мәселесінің туындауы жағдайды одан әрі күрделендіріп тұрғанын айтты. Маманның айтуынша, әсіресе, ауылдарда, аудандарда проблема күйіп тұр. Өмірге бейімдеу жұмыстары мемлекеттік ұйымдар тарапынан жүріп жатқанын да тілге тиек етті.
Иә, өкінішке қарай, жыл сайын мүмкіндігі шектеулі адамдар саны артып келеді. Әрбір адам кез келген уақытта жазатайым оқиғаға тап болып немесе ауыр дерт салдарынан мүгедек болып қалуы мүмкін. Мүгедектігі бар адамдарға қатысты әлеуметтік саясаттың ең өзекті міндеттері қатарында оларға барлық басқа азаматтармен тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, толыққанды өмір салтын жүргізуге және өзінің азаматтық міндеттерін орындауға мүмкіндік беретін қолайлы жағдайлар жасау сияқты міндеттер бар. Сондықтан, мүмкіндігі шектеулі адамдардың жайлы өмір сүру ортасын құру қажеттігі уақыт талабы.
Ең қуанышты жаңалық, 1 шілдеден бастап мүмкіндігі шектеулі жандардың жәрдемақысы өсті. Бірінші топтағы мүгедектер бұған дейін 77 мың теңге төңірегінде жәрдемақы алса, енді оның мөлшері 90 мыңға жуықтайды. Әлеуметтік төлемге 11359 теңге қосылады. Ал екінші топтағыларға 9330, үшінші топтағы мүгедектердің жәрдемақысы 6491 теңгеге ұлғаяды. Төлемдер әлеуметтік кодекс негізінде өседі. Бұл құжат 1 шілдеден бастап күшіне енді. ТМД аумағында алғаш рет қолданысқа енгелі отырған кодекс адам өмірінің барлық өмір сүру кезеңін қамтиды. Негізінде халық әлеуметтік жағынан жан-жақты қорғауға алынады. Дәл осы құжаттың аясында мүгедектігі бар адамға қызмет көрсетуге отбасы мүшелерін тарту көзделген.
ҚР ЕХӘҚМ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов: «Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушілерге 102 мың адамға және бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтімді жүзеге асыратын 42 мың адамға жәрдемақыны арттыру қосымша көзделген. Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушілерге және күтушілерге берілетін жәрдемақылардың мөлшері 1,4 есептік ең төменгі күнкөріс деңгейінің, яғни 65 мың 313 теңгені құрайтын болады», – дейді.
Мамандардың сөзіне сүйенсек, көп жағдайда ғимараттарды салған кезде мүмкіндігі шектеулі жандар ескерусіз қалады екен. Тік, тайғақ пандус немесе одан да нашар құрылғылармен жабдықталып, рельсті конструкция орната салатынын айтады. Мұндай жолмен сау адамның өзі әзер жүріп өтеді. Сондай-ақ, мүгедектігі бар адамдарға арналған санитариялық-тұрмыстық үй-жайлар жабдықталмайды. Пандустар (көтергіш құрылғылар), тұтқалар, табалдырықтың болуы аналарға және егде жастағы адамдарға да қажет. Осыған байланысты, елорда тұрғындары мен қонақтарына кедергісіз кіру жолы қамтамасыз етілмеген жағдайда, тиісті өтініштерін департаментке пошта арқылы, қолма-қол немесе электрондық портал арқылы жібере алатынын айтқымыз келеді. Өз кезегінде әр өтінішті міндетті түрде жеке қарастырып және тиісті шара қабылданады. Сондай-ақ, нысан иелері өз нысаны бойынша мүмкіндігі шектеулі тұлғалар үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар алу үшін департаментке жүгіне алады.
Жыл санап мүмкіншілігі шектеулі балаларға деген көзқарас өзгеріп келеді, яғни орта оларды қоғамның белсенді мүшесі және өз тағдырына батыл сеніммен қарайтын жеке тұлға ретінде қабылдауда. Осы орайда педагог қызметкерлердің ең басты міндеті қоғамдағы мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеу мен оқытудың ерекшеліктерін анықтап, олардың отбасындағы қарым-қатынасын дамытып, дені сау балалармен аралас-құралас жағдай туғызу, қоғам мен жеке адамдардың түсінігінде жарымжан балаларға әркез жәрдем беруге әзірлік сезімін туғызуды қамтамасыз ету болып табылады.
Мүмкіндігі шектеулі балалар отбасының әлеуметтік-педагогикалық проблемаларын зерттеп білу және оларды шешуге әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, отандық төл мамандарды тарту бүгінгі күн тәртібіндегі ең өзекті мәселе. Мүмкіншілігі шектеулі баланың тәрбиесі – дефектологияның негізгі ұғымдарының бірі. Бұл процестің мақсаты мен міндеті жалпы педагогикалық принциптерімен анықталған, яғни оларды қоғамдық пайдалы өмірге бейімдеу, азаматтық қасиеттерін қалыптастыру, бұлардың бәрі дефектіге сәйкес деңгейде, соған тән әдістемелермен жеткізілуі және түзетілуі тиіс. Тәрбиенің бұл түрі тек қана педагогтармен емес, арнайы мамандардың көмегімен жүзеге асырылады. Мүмкіншілігі шектеулі балалардың тәрбиесі бір-біріне қарама-қарсы екі ұғымнан тұрады. Олардың бірі – ата-анасы баланы жан-жақты, материалдық жағынан толық қамтамасыз етеді. Бірақ оның ішкі әлеміне үңіліп, рухани қажеттіліктеріне терең бойлай бермейді. Тіпті кейде баланы жазалайды. Мұндай отбасындағы балалар іштей күйзеліске түседі. Олардың көңіл күйі түсіп, сенімсіздік пайда болады. Ал, психологиялық шеттету баланың зиятына кері әсерін тигізіп, білім деңгейін тежейді. Екінші бір жағдай, ол – баланы шектен тыс қамқорлыққа алу. Ата-аналар бала тәрбиесіне көп көңіл бөліп, өздерін кінәлі сезініп, оны тым бос ұстап еркелетеді. Мұндай атмосферада өскен бала бұйығы келеді, өз-өзіне сенімсіз, әлжуаз болып өседі. Мұндай балалар әлеуметтік даму жағынан түрлі қиындықтарға тап болады.
Отбасы баланың тұлға ретінде қалыптасуына, қоғамда алғашқы қадам жасауына жәрдемдесуі тиіс. Мүмкіншілігі шектеулі бала дүниеге келгеннен кейін оның тәрбиесіне отбасының әрбір мүшесі жауапты. Өйткені мұндай балалар отбасына көптеген проблемаларды өзімен бірге ала келеді. Ата-ана балаға қойылған аңғарымды алғаш естіген кезде үрейленіп, қорқыныш сезіміне беріле бастайды. Одан кейін өздерін кінәлі санау басталады. Сондықтан мұндай отбасылар арнайы педагог мамандардың, соның ішінде дефектолог, психолог, әлеуметтік-педагогтардың көмектеріне зәру. Өйткені мұндай балалар ерекше көңіл бөлуді, арнайы тәрбиелеу мен оқытуды талап етеді. Мүмкіншілігі шектеулі баланың отбасындағы қарым-қатынасын және өзі қатарлас балалармен қарым-қатынасын анықтау, олармен бірдей деңгейде араласуына мүмкіндік туғызу, білім деңгейіне сай оқыту және қоғамның болашақ өз-өзіне сенімді азамат етіп тәрбиелеу үшін педагог мамандар ата-аналармен, әлеуметтік сала қызметкерлерімен тығыз байланыста болуы керек. Тек осы жағдайда ғана мүмкіндігі шектелген балалардың өздерін қоғамның толыққанды азаматы ретінде қабылдауына жағдай туатын еді.