Елімізде 600 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам тұрып жатыр, ол жалпы халық санының 3,5 пайызын құрайды екен, ал 69 мыңы балалар. Әрқайсысының тағдыры әртүрлі, біреулері туабітті кемтар атанса, енді біреулері тағдырдың тәлкегіне ұшырағандар. Осындай мүмкіндігі шектеулі адамдарға қамқорлық көрсету қоғамның парызы болып саналады. Мүгедек жандар қоғамнан тыс қалмауы үшін соңғы уақытта мемлекет тарапынан көңіл бөліне бастады. Мүмкіндігі шектеулі жандар 18 жастан кейін де назардан тыс қалмауы керек. Үкіметтен берілетін қолдау, мүмкіндік, қаражаттың қысқартылмағаны дұрыс. Жазылмайтын дерті бар жандар кейде қараусыз, қоғамнан сырт қалып қояды. Осының бәрі қараушы адамға, әсіресе ата-анаға өте ауыр соққы.
Қоғамда тағдыр тауқыметімен туабітті мүгедек болып жатқандар және жол-көлік апатына түсіп, мүгедек болғандар өте көп. Негізі, мүмкіндігі шектеулі жандарды – мемлекеттік-әлеуметтік жәрдемақыны алушыларды үш топқа бөледі. Жалпы аурулар бойынша әскери қызметте жарақат алғандар мен мемлекеттік орган қызметкерлеріне арнайы жәрдемақы беріледі. Қазір елімізде мүмкіндігі шектеулі балалар өте көп. Олардың барлығына бірдей көмек берілмейді. Көп ата-аналар тіпті мемлекет тарапынан қандай көмектер беріліп, құқықтары қандай екенін де білмейді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында Үкіметке қамқорлығында мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларға ерекше көңіл бөлуді тапсырған еді. «Тек ресми статистика бойынша 80 мыңнан астам бала мүгедектігіне байланысты есепте тұр. Үкімет ДЦП диагнозы бар балаларға медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетуді жақсарту үшін шаралар қабылдауы керек. Балаларға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейту қажет. Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз. Мен бұл туралы өзімнің сайлауалды бағдарламамда айттым», – деді ҚР Президенті өзінің Қазақстан халқына Жолдауында.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Үкіметке осы мақсатта үш жыл ішінде кемінде 58 млрд теңге бөлуді тапсырған болатын. Мүмкіндігі шектеулі жандарға беріліп отырған жәрдемақы мөлшері де мардымсыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Маңызды мәселе – мүмкіндігі шектеулі адамдарға барынша қолайлы жағдай жасау» деген болатын. Бұл ретте, мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелерін заң аясында шешу, олардың қоғамдағы жағдайын жақсартып, қолайлы орта қалыптастыру. Ауылдарды аралаудағы мақсатымыз – сіздермен танысып, жағдайларыңызды біліп, араларыңыздан бір адамды алқа мүшесіне сайлау. Қолымызда қаржы жоқ, демеуші арқылы қызмет етеміз. Мұң-мұқтаждарыңызды тыңдап, шешілмей жүрген мәселелеріңіз болса, аудандық, облыстық басшыларға жеткізу. Мүмкіндігі шектеулі жан деп көбіне шектеліп қаласыздар. Бәріміз тең құқылымыз. Өзім де ІІ топ мүгедектігі бар жанмын» деген болатын.
Шаргүл ҚАСЫМХАНҚЫЗЫ