Қазақстан Республикасының
Премьер-министрі Олжас Бектеновтың назарына
Сыртқы істер министрі М.А.Нұртілеу мырзаға;
Ұлттық экономика министрі
С.М.Жұманғарин мырзаға;
Ішкі істер министрі Е.С.Саденов мырзаға;
Ауыл шаруашылығы министрі А.С.Сапаров мырзаға;
«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының
міндетін атқарушы Р.Ә.Баталов мырзаға!
Құрметті Мұрат Әбуғалиұлы!
Құрметті Серік Мақашұлы!
Құрметті Ержан Сапарбекұлы!
Құрметті Айдарбек Сейпілұлы!
Құрметті Райымбек Әнуарұлы!
Өздеріңіз жақсы білесіздер, «Ата жолы» картасы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен Қазақстан Республикасының 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясаты тұжырымдамасымен қарастырылған болатын.
Шетелдегі қандастарымыздың «Кіші құрылтайлары» мен Астанада өткен «Отандастар форумына жолдаған құттықтау хатында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шетелдегі қазақ кәсіпкерлері үшін арнайы «Ата жолы» картасы енгізілді», – деп үш мәрте айтты.
Өкінішке қарай, құзырлы министрлік пен Парламенттің қос палатасы «Халықтың көші-қоны туралы» заңына осы жоба бойынша толықтыру енгізген кезде аталған «Ата жолы» картасын алған этникалық қазақтардың құқықтары мен міндеттерін бекітпей кеткен. Сөйтіп, атқарушы билік пен заң шығарушы орган Президентті өтірікші қылды.
Менің табанды күресуімнің нәтижесінде, 2023 жылғы 14 қазанда Сенат бұл қателікті мойындады. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың атына жазған хатыма сенатор Әлішер Сатвалдиев: «Ауыт Мұқибек, Сіздің «Ата жолы» картасына қатысты хатыңызды қарастырып, қолданыстағы заң нормаларында «Ата жолы» картасын алған этникалық қазақтардың құқықтары мен міндеттері бекітілмегенін хабарлаймыз», – деп жауап берді.
Енді сол қателікті түзетіп, «Ата жолы» картасын Президент күткен деңгейде жасап шығу үшін, бекер обалы кәне, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі барын салуда. Осыған дейін вице-министр Асқарбек Ертаевтың басшылығымен осы жобаны талқылауға арналған он мәрте отырыс өтті. Соның соңғы үш отырысына мен қатыстым.
Көші-қон саясатымен ұзақ жылдан бері табанды айналысып келе жатқан тәжірибелі маман ретінде өз тарапымнан мынадай ұсыныстар бердім:
– «Ата жолы» картасын алғысы келетін этникалық және өзге де қазақтардың санатын Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 6 маусымдағы № 1587 Жарлығында көрсетілген кәсiп иелерінің санатымен толықтыра түсу;
– «Ата жолы» картасын этникалық қазақтармен қатар, Қазақстан Республикасында туған, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ азаматтарға да беру;
– «Ата жолы» картасын алған этникалық азаматтарды төлем қабілеттілігін растаудан босату;
– Қазақстан Республикасының аумағына кірген кезде халықаралық шартқа және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес көлік құралдарын қоса алғанда, кәсіпорынды ашуға арналған мүлкін біржолғы кедендік төлемдерсіз өткізу;
– Қазақстан Республикасы «Жер кодексінің» 48-бабына сай, мемлекеттiк меншiктегi жер учаскелерiне құқықтарды сауда-саттықта (аукциондарда) алу мүмкіндігін беру;
– Бес жылға салықтан босату...
Міне, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев мырзаның ұйымдастыруымен осы және министрлік жағынан ұсынылған ұсыныстарды талқылауға арналған он мәрте отырыс өтті.
Өкінішке қарай, мен ұсынған жобаның бірде-біреуі қолдау тапқан жоқ.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған он үш түзетудің әрең дегенде алтауы ғана қолдау тапты...
Соңғы үш отырыста байқағаным, Сіздер жетекшілік ететін министрліктер мен «Атамекен» ҰКП-нан келіп қатысқан жауапты тұлғалар «Ата жолы» картасын енгізу жобасы Президенттің тапсырмасы екенін елеп отырған жоқ. Тіпті, «Ата жолы» картасының мәні мен маңызын да түсінген түрлері байқалмайды, оны бір жылға берілетін «Қандас» мәртебесінің деңгейінде бағалап отырғандай.
Олар әрбір отырысқа алдыңғы отырыстарда берген тапсырмаларды пысықтау былай тұрсын, отырыстарға дайындалмаған күйі қатысуда...
АҚШ президенті Дональд Трамп Құрама Штаттар экономикасына үлес қосқан шетел азаматтарына сатылатын жаңа алтын картаны таныстырды. Оның құны 5 миллион доллар тұрады екен;
Қасым-Жомарт Тоқаев 22 жылы inDriver компаниясының негізін қалаушы Арсен Томскийді қабылдап, 2023 жылы оған Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2005 жылғы 6 маусымдағы №1587 Жарлығының негізінде Қазақстан Республикасының азаматтығын берді. Енді inDriver компаниясы біздікі болды деген сөз.
Еліміздегі мамандардың тапшылығы жанына әбден батса керек, Президент Өзінің кешегі Жолдауында: «Сонымен қатар Үкімет дарынды зерттеушілерді қолдау үшін қосымша шаралар қабылдауға тиіс. Білікті мамандарымызды елге қайтарудың тиімді тәсілдерін ойластырып, қолданысқа енгізу керек. Кадр тапшылығын жою үшін көші-қон саясатын да қайта қараған жөн...» – деді.
Демек, Қасым-Жомарт Кемелұлы мақсаты мен құқықтық салмағы ауқымы мен тиімділігі жағынан Трамптың «Алтын картасы» секілді «Ата жолы» картасын жолға қойып, сол арқылы Арсен Томскийдің деңгейіндегі азаматтарды елімізге шақырып, Қазақстанды әлемнің түкпір-түкпірінен келген дарынды кәсіпкерлер мен білікті мамандар шоғырланған мемлекетке айналдырғысы келеді.
Арсен Томскийге жетпесе де, жетеғабыл ұлты қазақ азаматтар шетелде көп!
Ал, Сіздердің жіберген қызметкерлеріңіздің түрі мынау, «Мынау былай болсын!» деген біреуі жоқ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен мен ұсынған жобаларды кері қағумен келеді. Отырыс сайын шатып-бұтып, қалғып-мүлгігеннен басқа ештеңесі жоқ.
Әрине, мен бұл санатқа Ішкі істер министрінің өкілі Ғани Шымырбаевты қоса алмаймын. Ол өзінің сауатты жауаптарымен біліктілігін көрсетіп келеді...
«Ата жолы» картасының заңдық негізін жетілдіру, тиімділігін арттыру жалғыз Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің аясында шешілмейді. Оған Сіздер басқарып отырған министрліктер мен «Атамекен» ҰКП-ның тың идеялары мен батыл қолдауы ауадай қажет!
Тағы қайталап айтам, осыған дейін жіберген мынадай мақсаты жер бауырлаған керенау департамент директорлары мен самарқау комитет басшыларынан түк те шықпады!
Сол үшін «Ата жолы» картасын жетілдіруге арналған келесі отырысқа, ең кемінде, алға басар, өзіндік пікірі мен ұстанымы бар, басы тың идеяларға толы вице-министрлердің, «Атамекен» ҰКП-ның Басқарма төрағасының міндетін атқарушысының қатысуын ұйымдастырып берулеріңізді сұраймын! Әйтпесе, Президентті тағы да ұятқа қалдырамыз!
Құрметпен, Ауыт МҰҚИБЕК