Қазақстан Республикасы Үкіметінің назарына
Кеше ғана 8 наурыз, 15-і – референдум еді, бүгін сәуірдің екінші аптасы. Беймарал мезгіл жедел ауысып даламызға да, қаламызға да көктем келіп қойды. Ары қарай жадыраған жаз, алтын күз. Бәрі де таптырмас толағай туризм маусымдары.
Туризмді түлетуге не кедергі? – Бұл Президенттің баянды бастамасына үн қосқан басты телеарна «Хабардың» бұрауы бар сұрауы. Салдарсыз себеп жоқ, шыныменде не кедергі өзі?..
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы 29 наурызда VIII сайланған ҚР Парламентінің бірінші сессиясында «Тағы бір маңызды мәселе – Үкімет және Парламент туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуға тиіс», – деген екен.
Туризмді дамытудың маңыздылығы соншалық, 2024 жылдың 13 маусымында Мемлекет басшысы туризмді дамыту жөнінде кеңес өткізіпті. Бәрі шақырылған алқалы жиында: «Экономиканың маңызды саласы саналатын туризм әзірге тиімді болмай тұр. Бұл – Үкімет пен әкімдіктердің жіберген кемшілігі», – деп ашық айтылды.
Ал, Президентіміз 2025 жылы 8 қыркүйектегі халыққа Жолдауында «Шынын айту керек, кәсіби кадрлар тапшы. Осы саладағы бәсекеге қабілетіміз әлі де шамалы. Мен шілде айында туристік жерлердің барлығын ретке келтіру туралы тапсырма бердім. Бұл жұмыс менің жеке бақылауымда», – дегені қатысты құзырлы мекеме-орындардың әлі есінде болса керек. Одан бері жылан жылы да жыбырлап жүріп өтті де кетті.
Сонымен Жаңа жылдың да екінші маусымы басталғанын да байқамай қалдық. Жоғарыда айтылғандардың қатарына Президенттің биылғы жылы 5 қаңтарда «Түркістан» газетіне берген қабырғалы сұхбатын қосыңыз. Сұхбат барысында Президент туризм саласындағы кадр тапшылығы өте өзекті мәселе екенін қадалап тұрып қайталап айтты. «Туризм саласында жалқаулық пен немқұрайлылыққа, ашкөздік пен дөрекілікке жол жоқ», – деді тағы.
Президент пәрменімен Үкімет басшысы бірден 2029 жылға дейінгі Туризмді дамыту тұжырымдамасын түзетуді міндеттеді.
Сейсенбі, 27 қаңтар күні, 10:00-де Үкімет үйінде Үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде тағы да туризмді дамыту мәселелері май шаммен қаралды. Өңір әкімдерінің баяндамалары тыңдалып, кей шенеуніктерге шұқып айтқандай қатқыл ескертпе жасалды.
16 қаңтар. Хабар Агентігі Қоғамдық пікір мінберінде: «Туризмді түлетуге не кедергі?». Қасиетті бөлек, байтақ өлкесі шексіз сұлулыққа шомылған елімізде туризм тақырыбы «Хабар» телеарнасында бұрауы бар сұраулы аталған айдармен тура билерше пікір тартысқа өзек бола ұласты. Тізгін-шылбырды тең меңгерген жоба жұргізіуші Қыдырбайұлы Дәулетхан: көзін тапса туризмның пайдасы да көл-көсір дейді. Бұл – дәйекті түйін. Түйінді таратқан тәжірибелі төрт спикерлер еліміздің халықаралық туристік аренадағы өркениетті елдердің қатарына қосылудың өлшемдері Президент «Түркістан» газетіне берен маңызды сұхбатында аталған туризм хақында үлкен іскерлік ой-тұжырымдарға құрылған бастамалары мен сын-ескертпелері өте өзекті де өткір екенін айғақтап берді. Иә, жеріміз қанша көрікті болғанымен, кадр мәселесі әлі де ақсап тұр. Қазақстанның тұмса табиғаты бар ұлан-байтақ көрікті мекен күн тәртіпте тұрған туристік инфрақұрылымды әртараптандыру мен жеке инвесторларға қолайлы жағдай жасау мәселелері мінберде кәделі көзқарастардың көрігін одан ары қыздырды. Спикерлер туристік орындарда қарапайым тазалық та, қызмет көрсету де нашар. Ішкі рейстер тым қымбат, қонақүйдің құны аспандап кеткенін ашық жайып салды. Одан туындаған есепсіз шығындар мен келтірілген зияндар турасында Президентіміз: «бұл – Үкімет пен әкімдердің кемшілігі» демеді ме?! «Қоғамдық пікір» ашық алаңында Президент бастамаларына сәйкес экотуризм, жүйеден тау шаңғысы туризмін дамыту – жаңа туристік тақырып ретінде қайта жаңғырту қажеттілігі тағы да көтерілді. Болашағы зор саланың әлі күнге дейін «Жауапты тұлғалардың біліксіздігі мен немқұрайлығының кесірінен кенжелеп қалғаны» сансыз көрермен алдында күмәнсіз дәлелденді. Сұрақ өткір, жауап та тұшымды. Сондай-ақ министр Ербол Мырзабосыновтың: «2024 жылы 10,4 млн адам елімізде 1 күннен астам уақыт өткізді. Біз оларды шетелдік туристерге жатқызамыз», – деген сөзіне жұрттың назарын аудартты. Шынтуайтына келсек, шекарадан кіргеннің бәрі шын мәніндегі турист емес. Ал транзит, іссапар, жиын-тойларға бір не екі күнге келіп-кеткен кісіні «шетелдік туристер» деп тану қаншалықты орынды? «Туризмді түлетуге не кедергі?» еркін ой, ашық пікір талқысында көтерілген мәселелердің қатарында той мен туризмді алмастыру, ҚР азаматтарына жеңілдіктер жасау, шетелдік туристерді шақыра білу шеберлігі мен нанымдылығы, туристік информациялардың шынайлығы мен жаңашылдығы да сындарлы сөз болды.
Біле білсек, әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары «Қазақстанды саяхат үшін ең үздік елдердің бірі» деп атады. «CNN Travel» 2025 жылы Алматы қаласын Орталық Азиядағы «сәні мен салтанаты жарасқан жаңа астана» деп атады. Президентіміз Алматы әкіміне шаһарды күндіз-түні қонағы үзілмейтін Нью-Йорк, Мәскеу, Париж сияқты «Ешқашан көз ілмейтін қалаға» айналдыруды тапсырды.
Көпке аян, 2027 жыл және 2029 жылға дейін туризм саласында атқарылатын тың тіректі жоба-жоспарлар, одан күтілетін ауқымды нәтижерлер аз емес. Қысқасы, еліміздегі ішкі және сыртқы туризм саласы дамуының тың серпін алуы мемлекет және ел өмірінің үздіксіз өркендеуі үшін шешуші рол атқармақ. Халықтың да, «Қоғамдық пікірдің» де мұраты осы.
Түйін: Ендеше, енді барлық облыстар мен аудандар не істеу керек, қолға алған игі шаруаға не кедергі болмақ?!
Туған елдің, туған жердің туризм саласының жедел дамуы хақындағы Президент бастамасы мен тапсырмаларын қолдау тұрғысынан халықтың көзі, құлағы һәм сөзі болған «Қоғамдық пікірдің» қайта бір қайырылары хақ. Қазақстан туризмін тез арада көтеріп, жаңаша дамыту үшін Ел Президенті анық атап айтқандай бұл салада: «Нағыз отаншыл азаматтар жұмыс істеу керек». Қолдаймыз, қуаттаймыз! Туризмнің дамуына еш нәрсе кедергі болмауы керек!!
Думан АМАНҰЛЫ,
«Мұрат жолы» Мәдениет қоғамдық
бірлестігінің төрағасы















