Нимомия Такаши: Қазақстан – менің екінші Отаным

Нимомия Такаши:  Қазақстан – менің екінші Отаным

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультетінің жапондық ғалым-ұстазы Нимомия Такашимен қазақ тілінде сұхбаттасқан едік.

– Елімізде біраз жылдан бері дәріс беріп келесіз. Алғаш рет Қазақстанға қашан, қандай мақсатпен келдіңіз?

– Алматыға алғаш рет 2014 жылы 13 мамырда жұмыс бабымен келдім. Сол кездегі әсерімді ешқашан ұмытпаймын. Бірақ, Қазақстанға ең алғашқы сапарым 2012 жылдың қазан айында болды. Жапониядағы Цукуба университетінде Орталық Азия орталығы жұмыс істейтін. Сол орталықта қызмет атқардым. Осы орталықтың аясында Қазақстанда «Жапонияда оқу» тақырыбында іс-шара өтті. Сол іс-шара үшін орталық директоры екеуіміз Қазақстанға келдік. Жалпы, Орталық Азияны аралап, Қазақстан мен Қырғызстанда болдым. Іс-шара барысында осы жерлерде жүріп көп тәжірибе жинадым.

Одан бөлек, Цукуба университетіндегі орталыққа қазақ студенттері көп келетін. Сол кезден бастап қазақтармен араласа бастадым. Қазақтардың мінезі жапондардан өзгеше екенін әрі маған жақын екенін түсіндім. Орталық Азияға келмей тұрып Эфиопияда болғанмын, сондықтан шетелдіктермен араласу маған қиындық тудырмады. Көп адам Қазақстанға алғаш келгенде қандай сезімде болғанымды сұрайды. Мұнда алғаш келгенімде өзімді еркін сезіндім.

– Орталық Азия мемлекеттерінің ЖОО ішінде Қазақстанды таңдауыңызға не себеп болды?  

– Шынымды айтсам, мен бұл таңдауды өзім жасаған жоқпын. 2014 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде конференция өтті. Сол кезде ҚазҰУ-дің бірінші проректоры Мұхамбетқали Мырзабайұлы Бүркітбаевпен Цукуба университетіндегі Орталық Азия орталығының директоры кездесу өткізді. Кейін маған: «Сенің осы жерде жұмыс істеуің керек. ҚазҰУ мен Цукуба университетінің арасындағы байланысты дамыту үшін координатор боласың», – деді.

Ол кезде қазақ және орыс тілдерін білмедім. Дегенмен, Қазақстанға келуге дайындалдым. Цукубаның директоры орыс тілі профессоры еді. Оған: «Мен Қазақстанға жұмыс істеуге барамын. Онда орысша көп сөйлейді ғой. Қай тілді оқуым керек?» – деп сұрадым. Ол: «Қазақ тілі дамиды. Сондықтан, қазақ тілін үйренгенің дұрыс», – деп жауап берді. Осылайша, орыс тілін емес, қазақ тілін оқуды таңдадым.

Қазақстанға келуге дайындалып жүргенімде әріптестерім: «Сен Қазақстанда өмір сүре алмайсың», – деп жиі айтатын. Бірақ қазір мұнда тұрғаныма он жылдан асып кетті, өзімді бұл елде өте жайлы сезінемін.

– Біздің еліміз сізді несімен баурап алды?

– Шынымды айтсам, келісімшарт бойынша тек жұмыс істеуге келген адаммын. Сондықтан, алғашында «Қазақстанды жақсы көремін» немесе «жақсы көрмеймін» деп айта алмайтынмын. Бірақ қазір бұл елді сүйемін деп нақты айта аламын.

3-4 жыл бұрын коронавирус өршіген кезде қатты ауырып, емделу үшін Жапонияға қайттым. Үйде ата-анам мен отбасым бар. Тамақ дайын, жұмыс туралы көп ойламайсың. Басында бәрі жайлы болды. Бірақ 3-4 айдан кейін Қазақстанды қатты сағына бастадым.

Қазақстанда мен үшін барлығы бар: таза су, сапалы тамақ өнімдері. Тілдік кедергі жоқ. Ал Жапонияда қазақтар жоқ, мен үйренген ұлттық тағамдар (ет) жоқ. Мен Degirmen мейрамханасын және жалпы түрік асханасын жақсы көремін. Бірақ Жапонияда ондай мейрамханалар жоқ. Осылайша, Қазақстан мен үшін ыстық мекенге айналды. Алматы – мен үшін әлемдегі ең әдемі, жасыл желекке оранған әсем қала.

– Қазір сіз шетелдік студенттерге қазақ тілінен дәріс бересіз. Қазақ тілін қалай меңгердіңіз?

– 2014 жылы Қазақстанға келгеннен кейін дайындық факультетінде түске дейін қазақ тілін оқыдым. Ал түстен кейін Шығыстану факультетінде жапон тілінен сабақ бердім. Қазақ тілінде үш айдан кейін сөйлей бастадым.

 

Басында қиын болды. Қиналған кезде әріптестеріме хабарласып, көмек сұрайтынмын. Magnum-ға барғанымда кейбір сөздерді түсінбей, қиналып қалатынмын. Мысалы, «наличка» деген сөздің мағынасын білмедім. Сөйтіп кассада тұрған қыздан жапонша: «Наличка деген не?» – деп сұрадым. Ол маған: «Наличка – қолма-қол ақша», – деп түсіндірді.

 

Тілді үйрену үшін сол ортада өмір сүру керек. Егер айналамда тек жапондар болса, қазақ тілінде сөйлемес едім. Сондықтан тілді меңгергісі келетін студенттерді жатақханада өзге елден келген өзімен қатарлас емес, жергілікті азаматпен бірге орналастырған дұрыс деп ойлаймын.

Тағы бір қызық жайт – такси жүргізушілері мен үшін жақсы ұстаз болды. Қазақстанда таксиге отырғанда әңгіме басталып кетеді. Жапонияда олай емес. Такси жүргізушілері: «Сіз қайдансыз? Ұлтыңыз кім?» – деп жиі сұрайды. Сол сұрақтарға қайта-қайта жауап беру арқылы тілді тез үйрендім. Өздері де маған кейбір сөздерді үйретіп отыратын.

Есімімді сұрағанда: «Такаши Ниномия», – деп айтатынмын. Бірақ әзілдеп: «Қазақшаласаңыз – Тоқаш», – деп қосып қоятынмын. Такси жүргізушілерінің бәрі бірден: «Аа, Тоқаш Бокин!» – деп, тарихи тұлға туралы айтып кететін. Осылайша, қазақ тілін меңгеру мен үшін ерекше әрі қызықты тәжірибеге айналды.

 

Екінші ана тілім – қазақ тілі

 

– ҚазҰУ-да он жылдан аса уақыт сабақ беріп келесіз. Осы аралықта екі университеттің арасында қай салада байланыстар жасадыңыз?

– Қазіргі кезде негізгі жұмысым – дәріс оқу, арасында ҚазҰУ-ден Жапонияның Цукуба университетіне студенттерді жіберу және Жапониядан студенттерді Қазақстанда қабылдау жұмыстарымен айналысамын. Осы жылдар аралығында, ҚазҰУ-ден шамамен 100 студент, 10 мұғалімді, одан бөлек докторанттарды толық Жапонияның мемлекеттік білім алу грантымен, стипендиясымен қамтамасыз ететін Цукуба университетіне академиялық ұтқырлықпен жібердім, ары қарай жалғастырып келеміз. Қабылдауға келетін болсақ, семестр емес, «Жазғы мектеп», «Қысқы мектеп» секілді іс-шараларға, одан бөлек тәжірибе алмасуға шамамен 100 студент, 50-дей мұғалімді Цукуба университетінен ҚазҰУ-ға қабылдадық. Сонымен қатар, қазір қазақ тілінде дәріс оқимын. 

 

Пандемия кезінде еліме қайта оралған болатынмын. Сол кездері Жапонияда жүріп, Қазақстанға деген сағынышым артып, сіздердің еліңізге бауыр басып қалғанымды түсіндім, жағдай дұрысталғаннан кейін қайта оралдым. Қайта оралғаныма өкінбеймін. 

 

Әл-Фараби университетінен бөлек Павлодар, Шымкент қалаларындағы университеттерге арнайы барып, дәріс оқимын.

– Негізінен қай саланың маманысыз?

– Мен мамандығым бойынша филолог-лингвистпін. Академиялық дәрежем – PhD. PhD-ды Қазақстанға келмей тұрып, Жапонияда қорғадым. 

 

Жұмысымның тақырыбы араб тіліндегі джиббали тілінің фонетикасы болғандықтан, арабша қорғадым. Негізі тілдерге келетін болсақ, жапон және қазақ тілінде еркін сөйлеймін. Одан бөлек түрікше, орыс, араб тілдерін шамалы білемін.

 

Мен үшін осы тілдердің арасында ең оңай тіл – мен үшін жапон тілінен кейін қазақ тілі. Ағылшынша мақала жазамын, оқимын, бірақ бұл тілге онша қызықпаймын. Менің ана тілімнен кейінгі екінші ана тілім десем де болады, ол – қазақ тілі.

– Қазір тек дәріс оқып қана қоймай, ғылыми жұмыспен айналысып жүрсіз, осы жайында айта кетсеңіз.

– Негізі мен түрлі салада ғылыми жұмыстар жаздым. Қазіргі таңда жапон тілі мен қазақ тілінің лингвистикасын салыстыра зерттеп жүрмін, осы тақырып мені қатты қызықтырады. Соңғы жылдары негізінен осы сала бойынша зерттеп, ғылыми мақалалар жазып жүрмін.

– Қазақ тілін еркін меңгерген екенсіз, қандай ерекшеліктерін байқадыңыз?

– Жапон тілі мен қазақ сөздері бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Бірақ грамматика жүйесінде нақты екі ұқсастық бар деп айта аламын. Біріншісі – септіктер және жалғаулар, ал екіншісі – көмекші етістік. Мен жапон және қазақ тіліне қатысты екі оқулық жаздым. Біріншісі – Жапон студенттерге арналған қазақша грамматика кітабы, ал екіншісі – Жапон студенттерге арналған қазақша-орысша сөздік.

 

Жапондар да,  қазақтар да 

баласын бетінен қақпай өсіреді

 

– Қазақ пен жапон мәдениетінде қандай ұқсастық бар?

– Спортты алатын болсақ, қазақша күрес пен сумо ұқсайды. Одан бөлек қазақтарда жыл жануарлары бар. Ал жапондарда гороскоп. Дегенмен, бірнеше айырмашылығы бар. Жапондарда айдаһар жылы бар, ал қазақтарда жылан жылы. Сонымен қатар қазақтарда жыл басы – тышқан, ал жапондарда басты жануар – мысық.

– Екі елдің салт-дәстүріне қатысты не айта аласыз?

– Балаға қатысты мынадай бір ұқсастық бар. 

Жапондарда баланы ата-анасы 3, 5, 7 жасында міндетті түрде қалаған жеріне апару керек, ал қазақтар баланы 5 жасында ханындай көреді. Яғни, баланың бетінен қақпай өсіреді. Осы жағы сәл ұқсайды. Бірақ Жапонияда балаларды балабақшадан бастап «самостоятельный» болуға, яғни өз-өзіне жауапкершілік алуға үйретеді. Өздері дастарқан жаяды, ыдыс жуады, жинайды. Ал Қазақстанда балалар үшін барлық жағдайды кәмелет жасқа толғанша жасап береді.

 

Жапонияда отбасын құратын, үйленетін адамдар саны аз. Тіпті үйленсе, 30-дан асқан соң, кеш үйленеді. Бала туу да аз. Себебі – отбасын кеш құру және бала тәрбиелеудің қымбат болуы.

 

 Жапондар туыстармен де араласпайды. Қазақтар болса, барлық қуанышын туыстарымен бөліседі. Маған бұл қатты ұнайды.

Адам қайтыс болғанда қазақтар зиратқа барады. Одан бөлек жетісін, жылын береді. Жапонияда да адам қайтыс болғаннан кейін бір аптадан, айдан немесе жылдан кейін ас береді. Бірақ қазір жапондар ондайды жасамайды. Яғни, туыстарды шақырмайды. Тек қана өздері отбасы болып жиналады.

– Жапонияда балаларды балабақша мен мектепке қалай дайындайды?

– Жапонияда балабақшадан бастауыш сыныпқа, одан орта мектепке, орта мектептен жоғары сыныптарға көшкенде тест тапсырады. Бірақ бұл жақсы, дәрежесі жоғары мектептерде оқығысы келетіндерге арналған жүйе. Сонымен қатар байларға. Себебі, тест тапсырып оқу өте қымбат болып табылады. Ал қарапайым оқушылар ешқандай қиындықсыз үйінің жанындағы кез келген мектепте ешқандай тестсіз оқиды.

Қазақстандағы дәрежесі ең жоғары мектептердің бірі – НИШ. Бұл мектепте Қазақстандағы ең дарынды, талантты балаларға тегін оқуға мүмкіндік бар. Ал Жапонияда ондай мектептерге өте көп ақша төлеу керек.

– Қазақстанға келгелі жеке өміріңізде өзгерістер болған сияқты...

– Қазіргі тұрмысым жақсы. Отбасым бар. Жұбайым – қазақ қызы. Ол қазақ тілінде көп сөйлемейтін, маған қарап бой түзеп, отбасымызда тек қазақ тілінде сөйлейтін болды. Өйткені, жұбайым солтүстіктен, сіз білесіз ғой солтүстік облыстың көп жастары орыстілді. Қазақ елінің тілі, мәдениеті, дәстүріне деген ерекше құрметімнен болар, мен Қазақстанды өз Отанымдай сезінемін.

– Келешекте туған жеріңіз Жапонияға қайта оралу ойыңызда бар ма?

– Жоқ. Дәл қазір ондай ойым жоқ. Папам осы жылдың басында Қазақстанға келіп кетті. Оған Қазақстан қатты ұнады. Әсіресе, қазақтардың қонақжайлығына таңғалды. Келген күннен бастап құда деп күнделікті қонаққа шақырды. Жапонияда менің туған үйімде қарындасым  ата-анаммен тұрады. Қазақтарда күйеу бала әйелінің ата-атанасымен  бірге тұруды ұят санайды ғой. Бірақ, байқаймын, қазір ондай қатаң заң жоқ. Жапонияда болса, кез келген уақытта күйеу бала қыздың әке-шешесінің қолына келіп тұра береді. Оларды менің папам мен мамам қарайды. Мен де Қазақстанға келіп тұрып жатырмын, жұбайымның ата-анасын өз ата-анамдай көремін. Ол үлкен кісілер де мені өз баласындай бауырына тартты. Осындай жақсы қарым-қатынастың арқасында мен өзімді бұл мемлекетте бөтен сезінбеймін. Қазақстанды осы аралықта мен өзімнің туған жерімдей жақсы көріп кеттім. Сондықтанда, тұрақты қалуды мақсат етіп отырмын.

– Әсерлі әңгімеңіз үшін рақмет!

 

Сұхбаттасқан –  Шарипа НҰРЖАНОВА,

әл-Фараби атындағы 

ҚазҰУ-дің ғалым-ұстазы

 

07.02.2025

Ұқсас жаңалықтар

Негізгі миссия - Заң және тәртіп
Бас прокуратураның баспасөз қызметі - 24.02.2025 1262
МАҚТААРАЛДАҒЫ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МАРАФОН ЖАҢАЖОЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНДЕ ЖАЛҒАСТЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 19.02.2025 46
ЖЕТІСАЙДА ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТЫР
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 19.02.2025 40
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 19.02.2025 60
ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУДА ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР КӨТЕРІЛДІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 19.02.2025 73

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 15411
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 14175
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 17475
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 16343
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 21400