Айды аспанға шығарып, он екі мүшеңіз сап-сау, маңдайыңыз жарқырап, өзіңіздің перзентіңіз Нұр-Сұлтанның төрінде елді ойран-асыр етіп, пайда бола қалдыңыз. Бүкіл әлем сізді сан-саққа жүгіртіп, Қырғызстан асырды, одан Дубайға ұшырды. Сөйтсек бар билігіңізден айырылып, зейнеткердің қамытын киіп, жанымызда жүр екенсіз ғой. Өзіңіз 30 жыл басқарған еліміз дүрбелеңге түсіп, халқыңыз қырылып жатқанда қалай ғана шыдап жаттыңыз, Нұр аға! Сол үшін еліңіздің өкпесі сізге қара қазандай болатынын білген жоқсыз ба? Талайдың бастан кешкен сұңғыла емес пе едіңіз? Мұныңыз қалай? «Ештен кеш жақсы» деп қазақы көңілмен, көңіл жықпастықпен кешіре салатынымыз анық. Келе сала халқымызға мәлімдеме жасадыңыз. Бәрі дұрыс. Бірақ неге халқыңыздан кешірім сұрамадыңыз? Сөйтіп ақсақалдық танытуыңыз қажет еді. Бірақ оны жасамадыңыз. Сірә, өзіңізді кінәлі сезінбеген шығарсыз. Дегенмен халық – Алланың бір аты. Сол халқыңызға алғысыңызды айтып, кеткен қателіктеріңізге ғафу өтініп, жиған-терген байлығыңызбен бөліссеңіз, еліңіз кешіретініне сенімім кәміл. Сексеннің сеңгіріне шыққанда халқыңызды Қ.Тоқаевқа қалдырдыңыз. Байсалды, әлемдік саясаттың майын ішкен Қ.Тоқаев мырза күйзелген халқын екіге бөлмей, енді зорлық-зомбылық көрсетпей, оқ атпай, шуағын шашып, аман-есен бірлікпен, сабырмен халқын тығырықтан алып шығатынына сенейік. Алла еліме сабыр, береке тұрақтылық берсін. Енді қасірет келмесін. Алланың қалауымен, Желтоқсан батырларымен, өзіңіз алып берген ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗ ТҰҒЫРЛЫ, ЕЛІМІЗ ҒҰМЫРЛЫ ЕРТЕҢІМІЗ ЖАРҚЫН БОЛСЫН!