Жамбыл облысы әкімі Нұржан Нұржігітовтің Т. Рысқұлов ауданындағы жұмыс сапары Көгершін ауылдық округінде жалғасты.
Округ тұрғындарымен кездескен аймақ басшысы олардың көкейдегі сауалдарына жауап беріп, облыс деңгейінде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар мен алдағы жоспарға тоқталды.
- Облыстың кешенді даму жоспарына сәйкес өңірдегі мәселелерді 2025 жылға қарай барынша шешуді көздеп отырмыз. Елді мекендерді ауыз су, газбен қамту, жолдардың жағдайын жақсарту, әлеуметтік нысандар салуда жоғары нәтижеге қол жеткізуді жоспарлаудамыз. Біздің негізгі мақсатымыз - тұрғындарды толығымен әлеуметтік игіліктермен қамту,-деді Нұржан Нұржігітов.
Өз кезегінде тұрғындар жайылым мәселесі, ауыз су, балабақша ауласын абаттандыру, амбулатория салу секілді өзге де мәселелерді көтерді.
Облыс әкімі жайылым мәселесін реттеудің бес бағытына жеке-жеке тоқталып, ауыл әкімі сол бойынша жұмыстарды жүргізуі, ең алдымен қоғамдық өріс мәселесін шешуі тиіс екендігін баса айтты.
Сондай-ақ, ауылға дәрігерлік амбулатория салу үшін жауаптыларға құжаттама жұмыстарын уақыт созбай жүргізу керектігін ескертті.
Өзге де мәселелерге сәйкес тиісті тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.
Айта кетейік, Көгершін ауылдық округіндегі 702 аулада 3682 халық тұрады. Округте 62 шаруа қожалығы тіркелген десек, оның ішінде 28 шаруа қожалық мал шаруашылығымен, ал 34-і егін шаруашылығымен айналысуда. Үш шаруа қожалық асыл тұқымды қой өсірумен, бір шаруа қожалық асыл тұқымды жылқы өсіруді жолға қоюда.
Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағыты аясында еңбек бағдарламасы арқылы 2021-2022 жылдары 23 ауылдық қайтарымсыз мемлекеттік грант алып, өз кәсіптерін жүргізуде.
Кездесуден кейін аймақ басшысы бірқатар көгершіндіктерді жеке мәселелері бойынша қабылдады.