Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншісі Айна Қалмағанбетованы қабылдады.
Аймақ басшысы өнер иесін жуырда ғана Қырғызстандағы Чолпон-Ата қаласында өткен «Мейкин Азия» танымал музыка орындаушылардың ІІІ Халықаралық Ыстықкөл фестиваліндегі жарқын жеңісімен құттықтап, тек Жамбыл облысының ғана емес, еліміздің мәртебесін асқақтатқанын, оның бұл жетістігі аймақтың өнер саласындағы ерекше жағымды жаңалық болғанын айрықша атап өтті.
Сондай-ақ, облыс әкімі әншінің жеке өнер кешін өткізу бойынша жауаптыларға ұсыныс беруді тапсырды.
Өз кезегінде Айна Қалмағанбетова да облыс басшылығына қолдауы үшін ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, Қырғызстанда өткен үш күнге созылған музыкалық таланттар байқауына Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Венгрия, Түркия, Солтүстік Кипр секілді 13 елден 18 бен 35 жас аралығындағы 17 жас орындаушы бақ сынаған.
Фестиваль барысында Айна Қалмағанбетова Төлеген Мұхамеджановтың «Құс жолы» әнін, екінші күні Эрик Карменнің «All By myself» әлемдік хит әнін жоғары деңгейде орындап, үлкен қошаметке ие болды.
Байқау қорытындысында жерлесіміз Айна Қалмағанбетова бас жүлдені жеңіп алып, 5000 доллардың сертификатын иеленді.
К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншісі Қалмағанбетова Айна Серікқызы – әнші, композитор ретінде бұған дейін де өнер жобалары мен халықаралық конкурстардың лауреаты атанған. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің «Құрмет» мемлекеттік наградасымен марапатталған.