Бүгін облыс әкімінің орынбасары Е.Ибрайханов пен энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев ауданымызға жұмыс сапарымен келіп, ауылдық округтердегі бірқатар нысандарды аралады.
Ең алдымен Көкқайнар және Еңбекші ауылдарында жүргізіліп жатқан ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстарымен танысты. Бұдан бөлек, қаладағы Қант зауыты мөлтек ауданы мен тағы да үш ауылға ауыз су тартылуда. Облыс әкімінің орынбасары аталған жұмыстардың сапасына мән беріп, мердігердің белгіленген мерзімнен кешікпеуін қадағалауды тапсырды.
Сонымен қатар, Ерболат Мақсұтханұлы қаладағы орталық қазандыққа қарасты жылу жүйелерін аралап, 1557 метр жылу желілеріне жүргізіліп жатқан ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын көрді. Оған қоса, Шу қаласындағы су тарату нысанының қазіргі жай-күйін, аудандық орталық аурухана маңынан бой көтерген Оңалту орталығының жағдайымен танысты.
Аудандағы жұмыс сапарының соңында Е.Ибрайханов аудан орталығындағы әл-Фараби атындағы мектепке ат басын бұрып, құрылыс жұмыстарын көрді. Е.Мақсұтханұлы аталған білім ошағындағы құрылысты жеделдету керектігін ескертті.