Бүкіл өмір бойы шындық туын көтеріп өткен Мұхаң бұл фәниеден өтті деген суық қаралы хабар қай қазақтың да жүрегіне ауыр тигені сөзсіз. Кешелі-бүгін аза тұтқан халықтың қайғысында шек жоқ. Әлеуметтік желіде көз жасымен суарылған көңіл айтулар, Мұхаң туралы ізгі лебіздер бір сәтке де толастаған емес.
Ұлты үшін бар ғұмырын арнаған перзентін жоқтаған халқымыздың Мұхтар Шахановқа деген махаббатының шегі жоқ екеніне еріксіз мойын ұсынасың. Халық оны неге жақсы көрді? Әрине, ол ең алдымен рухты жырларымен елді өзіне қарата білді.
Мұхаңның қалың елін өзіне мойынұсындырған қасиеті – қайсар мінезі, шыншылдығы. Ол ұлтының жан жарасын, жанайқайын жүрегімен сезініп, сол үшін ештеңеден тайсалмай күресті. Осы жолда ерлік жасады, өрлік танытты.
Желтоқсан көтерілісі туралы шындықты Мәскеудің төрінде, қызыл империяның қаһарлы кезінде тайсалмай айтуы – нағыз батырлық еді. Ана тіліміздің мемлекеттік мәртебе алуына да қайсар мінезімен, отты сөздерімен мінберден үн қатып, үлкен үлес қосты. Наурыз мейрамының қайта жаңғыруы да оның батыл әрекеттерінің бірі болды.
Бір кездері қазақты жоюға бағытталған «қазақстандық ұлт» деген түсінікке қарсы шығып, төлқұжаттағы сондай қара таңбаны өшіруге дейін күрес жүргізді. «Халық рухы» партиясын құруға әрекеттенді, бірақ билік оның жүзеге асуына мүмкіндік бермеді.
Мұхаңмен бірге Маңғыстауда Наурызды қарсы алған сәттеріміз енді сағынышқа айналды. Маңғыстаулықтар оны ерекше құрметпен қарсы алды. Ол кісі бұрын Бекет атаға бармаған екен, сол сапарында барып қайтты.
Иә, шындық – оның өмір бойы көтерген асқақ туы еді. «Шындық туы – ең биік тау» деген қанатты сөзі ел жадында мәңгі қалады. Пендешілікпен «мынаны істемеді, ананы істемеді» деу – артық. Мұхаңның ақындығы мен күрескерлігін әлем мойындаған, енді оны біз де лайықты бағалауымыз керек.
Осы аптаның сейсенбісінде Алматы қаласындағы Опера және балет театрында халық Мұхаңмен қоштасып, ақтық сапарға шығарып салды. Халық қарасы өте көп болды. Абыз ақынның екінші ғұмыры басталды. Сол ғұмыры иманға толы болсын. Жатқан жері жайлы, жаны жәннатта болсын. Әмин!
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ













