Сәбит ағайым кенеттен қоңырау шалды. «Саған, айналайын, зор өтініш жасайын деп отырмыз. Биыл Зүбайра апайың құдай қаласа 80-ге, ал мен 85-ке келеді екенмін. Бұл қос мерейтойға шаңырақ көтергенімізге 60 жыл болатынын қосып қой. Балаларымыз осы қуаныштарымыздың бәрінің басын қосып қоңыр күзде үлкен той жасап бермекші. Осыған байланысты кітап шығарсақ деген ізгі ниеттері тағы бар. Ал кітапқа кіріспе сөзді Ертай ағам жазады» деп ұйғарым жасап қойыпты. Бұған қалай қарайсың?» деді ағайым маған үлкен жүкті арта сөйлеп. Бір сәтке ойланып қалдым. Оңай артылар жүк емес. Келіссем де, келіспесем де жақсы көретін ағайым мен апайымның маған жасаған көзайым өтінішінен аттап кетпейтінім бесенеден белгілі. Ресми түрде келіскенімді білдірдім. Келіскен соң ол кіріспені тап-тұйнақтай етіп жазуым тиіс. Қашанда нақтылықты ұнататын және уәдесіне, ісіне тастай берік ұстазым Сәбит аға Бауыржан інімнен болашақ шығаратын кітаптың алғашқы нұсқасын лезде маған жеткізді. Бұрын да Сәбит ағайымның өзінің мерейтойына арнап әдеби шығарма «Шуақты ғұмыр» (2022 жыл), ал одан 10 жыл бұрын Бауыржан Иманғалиев інім өмірбаяндық деректерге негізделген, ата-анасының естеліктерінен құрастырылған «Қос шынарым» атты отбасылық кітап шығарғанын білемін. Осы кітаптарды бір шолып шықтым. Екі кітап та жақсы шығарылған және оқылады.
«Жазмыштан озмыш жоқ» дегендей әрбір адам, әрбір отбасы өз тағдырларын өзі жасайды. Маңдайға жазылғанын көресің дегенмен Жаратушы ием құлдарына бұл жөнінен зор мүмкіндік берген. Еңбектен, қимылда, үнемі алға ұмтыл, белсенді бол, талантыңды ұшта, ізден, білім мен ғылымды игер деген өмірлік талаптардың үдесінен шықсаң өрмелейтін шыңың биік, алар несібең мен берекең мол, болашағың жарқын болатындығында сөз жоқ. Әлбетте мұның өзегі иманды тәрбие, терең тағылым екендігі өмірде дәлелденген аксиома. Үлкен алып өзеннің бастауындағы ұлағатты ұстаз Иманғали атаның қиын-қыстау заманның өзінде ешкімнің ала жібін аттамай адами тізгінді ұстауы, ұрпағының тәрбиесіне үнемі мән беріп назарға алуы енді міне, өмірде өз жемісін берді. Тектілік деген осы.
Сәбит ағайым мен Зүбайра апайымның өмірбаянына бір сәт үңілсеңіз, нағыз өнегелі де үлгі аларлық еңбекпен, ізденістен өрілген, осы арқылы шыңдалған, тереңге тамыр жайған, уақытпен үндескен тамаша ғұмырбаянға куә боласың. «Сіздерге деген перзенттік тілегімді шын жүректен жеткізгім келді. Өмірбаян – ол қып-қысқа болса да мен үшін шеті мен шегі жоқ дарқан дала іспетті. Әрбір деректің, әрбір жылдың тасасында тамыры бүлкілдеген нағыз өмір жатыр» деп ол кісілердің перзенті, филология ғылымдарының кандидаты ініміз Бауыржан Иманғалиев «Қос шынарым» кітабын осы тұжырыммен бастайды. Қазақтың қос бәйтерегі Сәбит ағайым мен Зүбайра апайымыздың өмір бәйгесінде жеткен табыстары мен жетістіктері, алған марапаттары өте көп. Қарап отырсақ, Иманғали әулетінде 20 шақты кітап жазылыпты. Олардың ішінде мемлекетіміздің, халқымыздың тағдырын арқау еткен тамаша еңбектері де бар. Мәселен Сәбит ағайымыз 3 астана (Астана, Алматы, Қызылорда) туралы 5 кітап жазды. Ол кітаптары шетелдерде де қойылды. Мәдениет министрлігінің құзырымен бұл шығармалар бүкіл республикаға таратылды. Тағы бір айтатын нәрсе мұндай еңбектер елімізде бұрын-соңды шықпаған. Кейінгі ұрпағымызды тәрбиелеудегі ұстаздық тұрғыда жазылған Зүбайра апамыздың «Қазақ тілі» оқулығы әлі де қолданыста жүр. Кезінде тіл майданында жүргенде Сәбит ағайымыздың апаймен бірлесіп жазған 10 мың сөзден тұратын «Орысша-қазақша» сөздігінің орны бөлек. Абыз ақсақалымыз бен ақылман анамыздың өмірлерін бағамдап қарап отырсаң, ізденіске толы. Оның бәрін мына қып-қысқа мақалада жеткізу мүмкін емес.
Шүкір, ол кісілердің елге, жерге жасаған ұланғайыр еңбектері айтылып та, жазылып та жүр. Әсіресе ұлттық тәрбиенің уызына қандырып өсірген ұрпақтары, тіл-көзден сақтасын, өздерінің салаларында, мамандықтарында кілең алғы шептен көрініп, жұлдыз болып жарқырап шығуында да зор мән жатыр ғой. Алып қала – Алматыда өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында 131 отбасы арасынан Бас жүлдені иеленгенінің өзі неге тұрады?! Мына өмірлік эпизодтағы Зүбайра апамыздың өз ұрпағының болашағы үшін еңбектерін құрбан еткен ерлігін ерекше айтып өткім келеді. Ғылыми атақ алуға оның оқу орны бар жағдай жасағанда бәрінен бас тартып, ректорға «Менің ғалым болуым шарт емес, ана болуым міндет, ұсынысыңыздан бас тартамын» деп кесіп айтуы нағыз ерлік емес пе?! Міне, сол аналық мейірімнің шуағында өскен бес баласы да оқу орындарын үздік бітіріп, оның үшеуі ғалым, ұстаз болып, ғылым кандидаты деген атаққа қол жеткізді.
Ендігі сөз «Өнегелі өмір» атауымен өмірге іңгәлап келейін деп тұрған кітапқа бірер ауыз пікірімді айтып өткім келеді. Кітап аты сәтті қойылған деп топшылаймын. Шығарма 9 тараудан тұрады екен. Алғашқы тарауы өмірбаянмен сабақтасып, әулет тарихына негізделіпті. Келесі тарау жақындарының жанашырлығы, сондай-ақ әрі қарай сан қилы лебіздерге орын берілген. Алтыншы тараудағы ғылыми жобаның берілуі жаңашылдық дер едім. Келесі соңғы тарауларда бас кейіпкерлердің шығармашылығына арналуы кітаптың оқылымын күшейтетіні сөзсіз. Сәбит ағайымызға да, Зүбайра апайымызға да Аллам рухани байлықты, талантты молынан берген. Ол кісілердің журналистикаға да, әдебиетке де бейімділігі, яғни толыққанды мақалалар жазуы, байсалды, сезімге толы өлеңдер шығара білуі ерекше талант иелері екендігін дәлелдейді. Ол талант балаларына да дарыған. Осы жерде айта кететін нәрсе Иманғали атамыздан бастап кейінгі ұрпағы ұстаздық жолды жалғастырғанының бәрін есептесек, 100 жылға толады екен. «Ұстаздар әулеті» деп мақтанышпен айтуға болады. Сәбит ағамыз біраз жыл дәрігер болып, кейін ұстаздық арнаға қайта бет қойған. Өмір белестерінде кітаптар шығарып отыру ол еріккендік емес. Тасқа басылып, кітап шығарылып кейінгі ұрпаққа өнеге болып қалуы өте ғибратты нәрсе. Бұл кітап өткен кітаптардың жалғасы іспеттес болғанымен, осы еңбектің өзіндік өрнегі, ізі бар. Мұнда байытылған, кеңейтілген, тереңдетілген, тұжырымдалған өмір дариясы бар. Жалпы кітаптың тарау-тарауына ауысқан сайын жалықтырмайды. Оқуға жетектеп отырады. Әрбір лебізде, әрбір тарауда өмір тамырының лүпілі жатыр.
Иә, мен үшін, біз үшін өте ізгі жандар, ардақты абзал қос тұлға, қоғам қайраткерлері Сәбит ағамыз 85-ке, Зүбайра апамыз 80 жасқа келіп һәм ол кісілердің шаңырақ көтергендеріне 60 жыл толып отыр. Мерейтойларыңыз құтты болсын, Аллам сіздерге зор денсаулық берсін! Тойларыңыз тойға ұлассын! Әумин!
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ
ТІЛІМ ДЕГЕН ТЕКТІ ЖАНДАР...
Ардақты ұстаздар Сәбит Иманғалиев пен Зүбайра Қыстаубаеваға
Барлық ұлттық құндылықты басқан салып табанға,
Тап келіпті біздің шалдар бір қиямет заманға.
Айта алмады алайда олар сұрқия деп Советті,
Айтар болса білді бірден түсетінін аранға.
Тарылардай болашаққа баратұғын жол біткен,
Есті шалдар егілді іштей, деп: «Қалайша болдық кем?»
Сонау патша кезеңінен келе жатқан орыстық
саясатты сезіп өсті олар-дағы қорлықпен.
Біздің қазақ тірісінде түсірмеген арға дақ
Тәңірінің текті ұлы еді, енді рухын жалмамақ
болды кеше шовинистер қисынсызды қисын қып,
«Қарсы келсең қаңбақ қылып, қақтырам, – деп, – қаңғалақ».
Ұмыттырып тарихымды, ажыратып тегімнен,
Қанқұрттайын кеулеп, үңгіп жұлынымды кемірген,
Жалмауыздар жанталасты, деп: «Мәскеуге құл етем,
Коммунистік партияға жан-тәнімен берілген».
Ұлттың ұлттық болмысына
өртше тиген, жалмаған,
CCCР-дің кезінде де құл боп үнсіз қалмаған,
Менің мынау Сәбит ағам қасарысып қоғамға,
Ұстаз болды бар өмірін ана тілге арнаған.
Елеместен ресейлік саясаттың боранын,
Басқарды ағам сонау жылы «Қазақ тілі» қоғамын.
Әлі күнге төзе алмайды орысша өтсе жиындар,
Айқайды сап аузын жабар, ызыңдаған «сонаның».
Компартия кезеңінде айтқызбады демесең,
Бабалары батыр болған, би де болған ересен,
Жалғыз емес ағам мынау қасиетті күресте,
Тізе қосып бірге келе жатыр асыл жеңешем.
Бітер істің қасына әркез жалындаған жас келмек,
Бауыржан да ғалым болды ана тілін қастерлеп.
Өз тілімен сусындады, барлық ұл-қыз, шәкірті,
Қайсар туған ендігі ұрпақ қаймықпайды Мәскеу деп!
Нұрлыбек САМАТҰЛЫ














