Иран АҚШ пен Израильге қарсы соғысты қашанға дейін жалғастыра алады?

Иран АҚШ пен Израильге  қарсы соғысты қашанға  дейін жалғастыра алады?

Жақында BBC агенттігінің сайтында Таяу Шығыстағы шиеленіс туралы «Иран АҚШ, Израильмен болған соғысты қашанға дейін жалғастыра алады?» атты сараптамалық мақала жарық көрді. Авторы – BBC агенттігінің парсы тілді саяси шолушысы Сайд Жафари (Saeed Jafari).

Иранмен соғыс басталғанына жеті айдан асты. Ел экономикасы мен инфрақұрылымы орасан зор соққыларға ұшырады. Алайда ирандық саясаткерлер қақтығысты тоқтатуға асықпайтын сияқты. Тегеран бұл соғыстың тағдырын тек Америка Құрама Штаттары ғана белгілей алмайтынын көрсетуге үміттенетін сияқты, сонымен қатар олар АҚШ-тың әскери, экономикалық және саяси шығындарын әлі де болса арттыра отырып, Вашингтонды өздерінің кейбір талаптарын қабылдауға мәжбүр етуді көксеп отырғандығын аңғаруға болатындай. Дәл осы тұста «Иран бұл соғыста тағы қанша уақытқа шыдас бере алуы мүмкін?» деген сұрақ туады.

 

Иранның әскери әлеуеті қанша уақытқа жетеді?

Иранның қорғаныс өнеркәсібі мен зымыран өндірісінің кейбір нысандары соққыға ұшырағаны айтылып жатты. Алайда, ешқандай тәуелсіз дереккөздер қазірге дейін келген залалдың мөлшерін нақты айта алған жоқ. Англиядағы Корольдік халықаралық істер институты (Chatham House) өзінің соңғы бағалауында қазірге дейін Иранда бар зымыран қоры туралы сенімді сараптама жоқ екенін мәлімдеді.

Иранның баллистикалық зымырандарының шабуылдау аясы уақыт өте келе тарылып бара жатыр. Бірақ тұрақты жауынгерлік қабілеттілік тек зымырандар санымен ғана өлшенбейді: дрондар мен қанатты зымырандарды жасау оңайырақ және жылдамырақ болады. Көңіл бөлетін тағы бір жайт, қаза тапқан командирлердің орнын басушылар көп болғанымен, басқару құрылымында еш өзгеріс болған жоқ.

Джордж Вашингтон университетінің халықаралық қатынастар бойынша оқытушысы, доктор Мохаммад Гаиди BBC News Persian арнасына берген сұхбатында: «Иран шабуыл жасау қабілетін ұзақ уақыт бойы сақтай алады. Қарқыны сәл төмендеуі мүмкін. Бірақ бұл әрекеті Ормуз бұғазында кедергілер жасай береді», – дейді. Ал, Иран саясаткерлері ұзаққа созылған қақтығыс Америка Құрама Штаттарына да зиян келтіруі мүмкін деп санайды.

Иран зымырандары мен дрондарын жою барысында АҚШ қорғаныс қорына да айтарлықтай шығындар әкелді. Бұл туралы АҚШ сарапшылары бұл оқ-дәрілердің шығынын тез арада толықтыру мүмкін емес дегенді айтып отыр. Гаид сонымен қатар «соғыстың мұнай бағасына әсері, сондай-ақ Америка Құрама Штаттарындағы ішкі саяси факторлар Тегеранға Вашингтонды оның кейбір шарттарын қабылдауға мәжбүр болудан үміттендіріп отыр» деп мәлімдеді. Ішкі тұрғыдан алғанда, президент Дональд Трамптың республикашыл сайлаушылар арасындағы қолдауы салыстырмалы түрде күшті болып қала береді, бірақ сауалнамалар американдық қоғамның қақтығысты мақұлдамайтынын және Трамптың соғыс мақсаттарына жете алмайтынына алаңдайтынын көрсетіп отыр. Егер Тегеранның есебі дұрысқа шықса, оның мақсаты Америка Құрама Штаттарын әскери жолмен жеңе алмаса да ұзақ және қымбатқа түсетін соғыстың өзі қысымның бір түрі ретінде қалары анық. Қазіргі уақытта әскери шектеулердің ешқайсысы Иранды соғысты тоқтатуға мәжбүрлейтіндей ешқандай белгі беріп тұрған жоқ.

 

Иран экономикасының қауқары қандай?

Соғысқа дейін де Иран экономикасы жоғары инфляцияға, инвестицияның жеткіліксіздігіне, риалдың құнсыздануына және кең таралған құрылымдық теңгерімсіздікке тап болған еді. Дүниежүзілік банк Иран экономикасы 2025-2026 қаржы жылында шамамен 2,7%-ға қысқарады деп есептеген болатын. Ал соңғы айлар соғыспен өтіп жатыр.

Мұндай кезде соғыстың жаңа қысымдар қосатыны анық. Иранның Статистикалық орталығының деректері 12 айдағы жиынтық инфляция деңгейі 62%-ға жеткенін көрсетті. Қазір соғыстан ең көп зардап шеккен оңтүстік провинциялар ең ауыр қысымды бастан кешіріп жатыр. Мысалы, Хормозган провинциясында инфляция деңгейі 101%-дан асқан.

Еңбек нарығына келетін болсақ, Иранның Еңбек министрінің орынбасарының айтуынша, соғыс 1 миллионнан астам жұмыс орнының жоғалуына әкеліп, шамамен 2 млн адам тікелей немесе жанама түрде зардап шеккен және жұмыссыз қалған екен.

Ал, Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) сонымен қатар Иран экономикасы 2026 жылы шамамен 5,4%-ға қысқарады, ал инфляция деңгейі 69%-ға жақындайды деп болжайды.

Соғыстың ұзаққа созылуы, сауда мен мұнай экспортына айтарлықтай кедергі келтірді. Ормуз бұғазы Иранның өзгелерге қарата қысым құралы секілді болғанымен, сонымен қатар әлсіздікке де себеп болуда. Бұл су жолының жабылуы АҚШ пен әлемдік энергетика нарықтары үшін соғыс құнын арттыруы мүмкін; дегенмен, АҚШ-тың әскери-теңіз блокадасы мен кеме қатынасына қойылған шектеулер Иранның мұнай экспорттауын қиындатып жатыр. Дегенмен, экономикалық қысым жағдайды өзгертуге мәжбүр етпеуі мүмкін. Гаидидың пайымдауынша, авторитарлық үкіметтер тіпті өте қиын экономикалық ортада да жылдар бойы өмір сүре алатын көрінеді. Оның пікірінше, инфляция, жұмыссыздық және құрылымдық теңгерімсіздік қоғамдық наразылықты күшейтуі мүмкін, бірақ кең ауқымды наразылықтармен немесе үкімет ішіндегі ішкі бөліністермен қатар жүрмесе, олар Тегеранның әскери саясатын өзгертпейді.

 

Тегерандағы ішкі келіспеушіліктер: Соғыс Қашанға дейін созылмақ?

Тегеранның болашаққа деген үміті бір арнаға тоғыспайтын секілді.

Иран парламентінің спикері және келіссөздер делегациясының басшысы Мохаммад Багер Галибаф бұған дейін Иранның «құрып жоғалатын соғысқа» қатыспауы керек екенін ескертіп, келіссөздерге қарсыларды сынға алған болатын. Дегенмен, Тегеранның қатал депутаты Амирхоссейн Сабети АҚШ Иранның барлық шарттарын қабылдап, келісімге қол қойса да, соғыс әлі де болады деп мәлімдейді.

Мұндай пікір алуандығын жай ғана «соғыс фракциясы» және «бейбітшілік фракциясы» дейтін екі лагерьге бөлуге болмайды. Галибаф сонымен қатар Иранның құқықтарына кепілдік бермейтін келісімді қабылдамайтынын мәлімдеді. Келіспеушілік көбінесе ұзақ уақыт бойы қысым Тегеран үшін келіссөздер жүргізуге көбірек ықпал ететініне және шығындар пайдадан қашан асып түсетініне байланысты. Ал, қоғамдық пікірлер туралы не деуге болады? Қазіргі уақытта соғыстың жалғасуына қатысты қоғамдық пікір бойынша тәуелсіз және сенімді қоғамдық пікір сауалнамалары жоқ, ал әлеуметтік желілердегі айтылып жатқан сөздері бүкіл қоғамның ойын толық бейнелей алмайды. Ирандық сарапшы, Германияның Халықаралық және қауіпсіздік істері институтының (SWP) ұсыныс етілген қызметкері Хамидреза Азизи BBC-ге берген сұхбатында Ислам Республикасы үшін ең қауіпті майдан, сайып келгенде, ішкі майдан болуы мүмкін екенін айтыпты. Бұл ойларына дәлел ретінде ауыр инфляцияны, экономикалық проблемаларды және елдің инфрақұрылымына түсетін қысымдарды алға тартқан.

 

Стратегиялық шегінуді талап ететін соғыс

Ұзаққа созылған соғыс Иранға аймақтық шығындар әкелуі мүмкін. Соңғы жылдары Тегеран Парсы шығанағында араб мемлекеттерімен, әсіресе Сауд Арабиясымен қарым-қатынасты қалпына келтіруге тырысып келеді. Алайда, бұл елдердің базаларына, инфрақұрылымына және кеме жолдарына қаратылған үздіксіз шабуылдар бұл үмітті үзіп жібергендей. Бүгінгі күнге дейін бұл елдер шиеленісті азайтуға және келіссөздерге оралуға тырысты. Дегенмен, олар Иранның немесе оның одақтастарының шабуыл қаупіне неғұрлым көп ұшырайтын болса, соғұрлым олар Америка Құрама Штаттарымен қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға және тіпті Иранға қарсы күш біріктіруге ынталы болатынын көрсетіп отыр.

Тегеран үшін ұзаққа созылған соғыстың Америка Құрама Штаттарына беретін кез келген қысымы, келіссөздер үстелінде жеңілдіктерге айналғанда ғана саяси ұпайы түгенделетіні анық. Иранға соғысқа қандай келісім қолайлы шешім ұсынатыны немесе мұндай келісімге қалай қол жеткізілетіні әлі белгісіз.

Азизи: «Иранның стратегиясында соғыс кезінде алынған ықпалды ұзақ мерзімді саяси келісімге қалай айналдыру керектігі туралы нақты тұжырымдама жетіспейді. Тегеран жаһандық энергетикалық жабдықтауды үзіп, АҚШ пен оның одақтастарын шығынды төлеуге мәжбүрлеу қабілетін көрсетті. Бірақ АҚШ пен Парсы шығанағы елдерімен ұзаққа созылған қақтығысты қалай сақтай алатыны белгісіз», – дейді. 

Әзірге әскери, экономикалық немесе саяси шектеулер Иранның соғысты жалғастыруына кедергі болған жоқ. Дегенмен, соғыс неғұрлым ұзаққа созылса, ішкі экономикалық қысым соғұрлым күшейеді, Иранның аймақтық қатынастарына соғұрлым көп зиян келтіріледі және бұл шығындарды өтей алатын келісімге қол жеткізу соғұрлым қиындай түсері анық.

Аударған – 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ

 

20.08.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27072
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26540
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43871
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39663
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44222