«Тамыз бүлігі» ТЖМК туралы айтылмаған шындық

«Тамыз бүлігі» ТЖМК туралы айтылмаған шындық

Осылайша қайта құру – Партия мен 

Державаның талқандалуымен аяқталды.

Олжас Сүлейменов.

 

Биыл еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізіп, өз алдына дербес мемлекет болғанына 35 жыл толады. Осынау мерейлі күннің қарсаңында қазақты егемендікке жақындата түскен оқиғалар, елең-алаң шақта елге сүйеу болған, жол көрсеткен тұлғалар туралы айту, өкше басар ұрпақты шежірелі күндердің шындығына қанықтыру – қолына қалам ұстаған барша әріптестерге ортақ парыз. Осы орайда өткенге бір қадам шегініс жасап, осыдан тура 35 жыл бұрын жер бетіндегі құрлықтың алтыдан бірін алып жатқан алпауыт ел – КСРО-ның тарих сахнасынан кетуін жеделдеткен, ел жылнамасына «Тамыз бүлігі» деген атпен енген 1991 жылдың 19-21 тамыздағы оқиғаға тағы бір айналып соққанды жөн көрдік.

 

Тамыз бүлігі мен «Аққу көлін» не байланыстырады?

Бұл – осыдан отыз бес жыл бұрын болған оқиға. Тарихымыздың осы бір «жарықшақ тұсын» еске түсіріп, әңгімелеп берудің реті бүгін келіп отыр.

1991 жылдың 19 тамызы. Таң сәріде радионың қатты шыққан дауысы шырт ұйқыдан оятып жіберді. Бірақ бірден тұра қоймадым. Осы кезде радионың бір ерекше жайды жариялап жатқаны елең еткізіп, еріксіз құлақ түруге тура келді. Құлақ түрсем, сөйлеп тұрған КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының төрағасы А. Лукьянов екен. Ол сөзін өте бір салқындылықпен бастады. Оның айтқанынан түсінгенім, КСРО Президенті Михаил Горбачевтің денсаулығына байланысты уақытша өз міндетін атқара алмайтындығына сәйкес, оның мансабы вице-президентке өтіпті. Одан әрі сөз тізгіні КСРО Президентінің міндетін атқарушы Г. Янаевқа тиді. Ол Кеңестер Одағы бұрын-соңды болмаған үлкен қатердің алдында тұрғанын айта келіп, елді қатерден құтқару үшін жедел түрде Төтенше жағдайлар туралы мемлекеттік комитет (ТЖМК) құрылғанын хабарлады. Одан әрі комитет құрамына КСРО Қорғаныс кеңесі төрағасының орынбасары  О. Бакланов,    КСРО    премьер-министрі             В.С. Павлов,     КСРО      Жоғары   Кеңесі   Президиумының төрағасы А. Лукьянов, КСРО қорғаныс министрі Д. Язов, КСРО ішкі істер министрі Б. Пуго, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы В. Крючков, КСРО-ның вице-президенті Г. Янаев және тағы басқа жоғары лауазымды тұлғалардың кіргеніне тоқталды. Сонан соң жаңадан құрылған комитеттің мәлімдемесін жариялап, ТЖМК-нің №1 жарлығын оқуға кірісті. Жарлық бойынша, елде алты айға төтенше жағдай енгізетіні хабарланды.

Дәл сол сәтте Мәскеуде орын алған оқиғаның мәнісіне терең бойладым – адамзат тарихының тағы бір ұлы бетбұрыс сәтіне, әлемдегі ең алып мемлекеттің келмеске кетер алдындағы соңғы тұяқ серпілісіне куә болып отырғанымды жан-дүниеммен сезіндім деп жіптің ұшын өзіме тартпай-ақ қояйын, алайда ішімді әлдебір түсініксіз үрей мен қорқыныштың жайлап алғаны анық есімде. Ол кезде ГКЧП деген аттың өзі де тым үрейлі көрінген, қандықол зұлым Сталин заманындағы ВЧК деген «үш әріпті» еске салған еді. Сосын орнымнан тұрып, теледидарды қостым. Экранда ұлы композитор Чайковскийдің атышулы «Аққу көлі» балеті ойнап тұр екен. Жалма-жан бағдарламаларды ауыстыра бастадым. Барлығында сол жалғыз-ақ көрініс – «Аққу көлі». Ішім алай-түлей. Сонда да жамандыққа бой алдырмай, таңғы асымды апыл-ғұпыл ішіп, жүрек жалғап алған соң жұмысқа тарттым. Ол кезде мен ашылғанына бір жыл ғана болған «Ана тілі» газетінде қызмет істейтінмін. Мен тұратын аудан мен редакция орналасқан мекенжайдың арасы едәуір жер, шамамен бір сағаттай жүресің автобуспен. Жол-жөнекей бір өзгеріс байқала ма екен деген үмітпен жолаушылардың жүзіне үңілемін. Олар да жайбарақат. Неше түрлі ойға беріліп, жұмысқа да жеттім-ау, ақыры. Бөлмеге кірсем, мұнда да тыныштық, абыр-сабыр болып жүрген ешкімді көрмедім. Әріптестерім бір-біріне көздерінің астымен қарағандары болмаса, бәрі күндегідей. Бірақ бір нәрседен үрейленетін сияқты ма, қалай?.. Әйтеуір бір қорқыныш бар. Сонда неден?..

Дәл осы сәтте біздің ұлан-байтақ мызғымас еліміз бұрын-соңды болмаған бір сұмдықты бастан кешіріп жатқанын менің ішім әлдебір түйсікпен сонда ғана сезді... Сол-ақ екен, денем дір ете түсті.

Сол кездегі КСРО-ның Президенті М. Горбачевтің теледидардан төндіре сөйлегені де әлі көз алдымда. Ең қызығы, ол кабинетінде емес, үйінде иығына желбегей шапан жамылып отырып мәлімдеме жасаған-ды. Таң қаларлық жағдай емес пе! Сонда не айтты дейсіз ғой? «Басқа республикалар бөлінеміз десе, жолы әне, қарсы емеспіз. Ал Қазақстанның жөні бөлек. Оны жіберуге біздің қақымыз жоқ. Қазақстан мен Ресейдің байланысы мына он саусақ сияқты тым тереңде. Оны қалай бөліп алуға болады? Әрине, болмайды. Оны бөлуге ешкімнің қақысы жоқ. Қазақстан бізден кете алмайды. Қазақстанды жібермейміз! Оның үстіне Қазақстанның бес облысында орыстар көпшілік болып тұрады. Бөлінеміз десе, сол облыстарды қайтаруын талап етеміз», – деген сөздерін өз құлағыммен естідім. Естіген құлақта жазық жоқ. Президент басымен осындай ұсақ әңгіме айтады деп ойлаған жоқ едім.

«Аққу көлі» үш күн бойы эфирден түскен жоқ. Радионы қосып қалсаң да, экранды ашып қалсаң да, осынау жүректі шымырлатып, жан-дүниеңді әрі-сәрі күйге түсіретін ғажайып көрініс – сыңарынан айырылған құстың қимастығы мен қоштасуы, драмаға толы жанайқайындағы шарасыздық пен торығу әуені, қайта табысу мен махаббат әні алдыңнан сопаң етіп шыға келеді. Әрине, «Аққу көлі» әлемдік балет өнері мен классикалық музыканың жауһары екендігіне дауымыз жоқ. Бірақ дәл осы «путч» күндері таңертеңгі елең-алаңнан түн ортасы ауғанға дейін тоқтаусыз орындала берген соң, оны сан мыңдаған адамның енді қайтып тыңдай алмастай болып жек көріп кеткендігін айтпай тұра алмаймын. Мәселен, өз басым бұл музыканы тыңдаған сайын 1991 жылдың сарша тамызының жаңғырығы санада қайта оралып, жанымды бір түсініксіз нәрселер жайлай бастайды. Неге? Себебі тұла бойды үрей мен қорқыныш билеген сол бір шарасыз, мазасыз күндер еріксіз еске түседі.

 

«Тамыз бүлігі» – Горбачевтің  сатқындығы ма?

Басқасы-басқа, жарты әлемді жамбастап жатқан алып державаның керегесі қирап, шаңырағы ортасына түседі деген ой дәл сол кезде ешкімнің басына келмегені анық. Тіпті саясатты сабадағы қымыздай сапыратын саясат серкелерінің өзінде мұндай ой болған жоқ. Қысқасы, бар тізгінді «всемогущий» компартияның құзырына тапсырып, саясаттан тыс жайбарақат «жайлы» ғұмыр кешіп жатқан Кеңес Одағы өміріндегі күтпеген бір тосын оқиға еді бұл...

Сонымен өткен ғасырдың 90-жылдары мызғымастай көрінетін державаның кенеттен түбіне су жүгіріп, түндігі түріле бастағанын дереу сезіп, Кремль билігін қолға алуға жанталасқан, ақыр соңында КСРО-ның біржола күл-талқаны шығып, күйреуіне себеп болған ТЖМК-ны іске қосып, 19 тамыздағы мемлекеттік төңкеріске талпынысты ұйымдастырудың басы-қасында кімдер тұр? Олар мұндай қадамға неге барды? Нені көкседі? Горбачев шын мәнінде жоғары билік эшалонында бүлік ұйымдастырылуы мүмкін екенін білмеді ме? КСРО шынымен осы төңкерістің әсерінен күйреді ме? Әлде оның басқа себептері болды ма? Және өмірлік мәні бар ең басты сұрақ – ТЖМК билікке қол жеткізгенде бұрынғы қызыл империяның тағдыры қалай өрбитін еді деген сауалға әлі күнге нақты жауап берілген жоқ. «Тамыз бүлігі» жөнінде Горбачев, Ельцин, Яковлев, Язов, Крючков, Павлов, Болдин, Лукьянов, Хасбулатов, Назарбаев және Райса Горбачеваның оқиғаны әр қырынан пайымдаған естеліктері мен кітаптары жарыққа шыққаны да белгілі. Олардың бүлікке көзқарасын қысқаша таратып айтсақ, «Бұл Горбачевтің бастауымен Ельцин ұйымдастырған саяси ойын», «Батыс арнаулы қызмет орындарының ісі», «КГБ-мен ауыз жаласқан Пентагонның әрекеті», «Тақ үшін талас, яки хунта», «Бұл саяси ойын – Вашингтон басқарған «қырғи-қабақ» соғыстың соңғы операциясы», «Горбачевтің сатқындығы, одан басқа ештеңе емес» дегенге тоғысады.

Әлем жұртшылығы төрткүл дүниенің төрт бұрышына да қанды тырнағын батырған, сұсы басым, зымиян социалистік державаның ақырғы тыныс алуын өте мұқият қадағалағандығында сөз жоқ. «Ата жауының» соңғы жантәсілім сәті олар үшін айтарлықтай қуаныш болғанымен, қаншама қан төгіп, сан миллиондаған құрбандықтармен құрған қоғамды енді өз қолдарымен құлату коммунистер үшін өте ауыр трагедия болғаны сөзсіз. Оны бір- екі ауыз сөзбен жеткізу қиын, әрине. Оның үстіне кешегісіз – бүгін, бүгінгісіз – ертең болмайтынын ескермей тағы болмайды. Байқап қарасақ, соңғы кезде Екінші дүниежүзілік соғысты өз пайдасына шешкен аға буынның ерлік істеріне масаттанып өскен «жалаңаш патриоттар», яғни кейінгі буын жастары ешқашан да бір-бірімен ымыраға келмейтін екі түрлі жүйенің (социалдар мен капиталдар жүйесі) арасындағы текетірес күресті түсінуге, бойына сіңіруге, таразылауға бет бұра бастады. Анығында, бұл жайт та біздің аталған мәселеге қайта айналып соғып, қалам тербеуімізге түрткі болды. Олай болса, тарихымыздағы әлі нақты өз бағасын алмаған осы бір «жарықшақ оқиға» туралы өз білген-түйгенімізді қал-қадіріміз жеткенше әңгімелеп беруді жөн санадық.

 

Тамыз төңкерісінің алғышарты

Жасыратыны жоқ, бүгінгі Ресей Федерациясында, жалпы ұлы орыс әлемінде келмеске кеткен КСРО-ны аңсаушылар, оны қайта тірілтуге ұмтылушылар елеулі күшке айналып отыр. Осы елеулі күш 1991 жылғы Тамыз бүлікшілерін көзсіз батырлар, идеяның табанды қорғаушылары және аса үлкен масштабтағы сатқындықтың бейкүнә құрбандары ретінде көргісі келеді. Бұл идеяны жақтаушылардың саны күннен күнге өсе түсіп отырғаны да қазір көпке құпия емес. Осыдан отыз бес жыл бұрын елдегі либералдық реформаларды, демократиялық өзгерістерді жақтаушылар, сол үшін күндіз күлмей, түнде ұйықтамай қоғамға жан-тәнімен қызмет еткендер мен денсаулығын, уақытын құрбандыққа шалғандар қазір ультра күштер деп аталатын күштердің тарапынан түрлі сынға ұшырауда.

Ендеше тамыз төңкерісіне не түрткі болды және КСРО-ның бірінші әрі соңғы Президенті М. Горбачев өзі басқарған жоғары билік эшелонында бүліктің ұйымдастырылатынын шын мәнінде білмегені ме деген сұрақтарға жауап іздестіріп көрейік.

1985 жылы наурыз айында КСРО атты алып мемлекеттің КОКП-ның Бас хатшысы боп сайланған М. Горбачев сол жылғы сәуір айында экономиканы қарқынды түрде дамыту үшін «жеделдету» ұранын жария етті. Ал бір жылдан соң «қайта құру» деген атауға ие болған саясатты жүргізуге кірісті. Ол үшін қоғамдық өмірді «демократияландыру», «жариялылық» деп аталатын бағыттарды өмірге енгізе бастады. Бірақ нақты істен жалаң сөзі көп бұл бағыттардың нәтижелері онша болмады. Алып империяның экономикалық даму үдерісі тежеліп, көп ұзамай жалпы дағдарысқа ұшырай бастады. Ал бұл жағдай өз кезегінде әлеуметтік теңсіздіктер мен қайшылықтарды туғызса, ол процесс одан әрі жалғасып, ұлтаралық дүрдараздыққа ұласты. Кеңес қоғамы өзінің 1920-1950 жылдардағы тарихының ақтаңдақтарын жариялылық арқылы біліп, мұның түпкі себептерін коммунистік партияның үстемдігінен, оның Сталин секілді басшылығының қанқұйлы саясатынан деп қабылдады. Осылайша, елде орын алған былықтың барлығына партия мен орталықтандырылған биліктің жетекшілері кінәлі делінген пікірлер үстемдік құра бастады.

«Қайта құру» саясаты жарияланғаннан кейінгі 3-4 жыл ішінде КСРО кеңістігінде қордаланған барлық мәселелер 1989 жылдың мамыр-маусым айларында өткен КСРО Халық депутаттарының I съезінде аузы ашылған жарадай толығымен көрініс берді. Съездің ашылған алғашқы сәтінен бастап-ақ оның жұмыс бағыты Кремль басшылығы ойлағандай болмады. Грузиядан сайланған бір депутат 1989 жылы сәуір айында Тбилиси қаласында болған қырғынның құрбандарын еске алу үшін орындарынан тұруды және сол оқиғаға байланысты комиссия құруды ұсынды. Одан кейін сөз алған депутаттардың барлығы дерлік тек өз аймақтарындағы әртүрлі проблемаларды айта бастағаны есімізде.

Мінеки, осыдан кейін съезд жұмысы басқа арнамен жүрді десе болады. Қазақстаннан сайланған халық депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі, ақын М. Шаханов дәл осы съезд мінбесіне шығып, 1986 жылғы 16-18 желтоқсанда Алматыда болған Желтоқсан көтерілісінің шындығын бүкіл жаһанға тұңғыш рет ашық жариялаған болатын. Ол Алматыда болған оқиғаның одан кейін орын алған Тбилиси қырғынынан да едәуір қауіпті сипат алғанын, бейбіт шеруге шыққандарға қарсы сапер күректерін, қызмет иттерін қолданғанын, жас қыздарды дубинкамен сабап, керзі етіктерімен тепкілегенін, бұл наразылықта ешқандай ұлтшылдық астары болмағанын, Желтоқсан оқиғасына әділ баға берілуін, сотталғандардың ақталуын айтып, осы оқиғаға байланысты ақиқатты анықтау үшін комиссия құруды талап еткен әйгілі сөзін сөйледі. Қысқасы, бұл съезд Кеңестер Одағының тұралап қалғандығын, құлаудың алдында тұрғандығын көрсетті. Сонымен бірге коммунистік идеологияның өміршең еместігін, КОКП рөлінің төмендегенін, Орталық биліктің қауқары әлсірегенін және одақтас республикалардағы биліктің рөлі мен беделінің арта бастағанын байқатты.

Съезден кейін елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал одан әрі тереңдей түсті де, ол ішкі-сыртқы саяси жағдайға әсер етіп жатты. Ал оны тоқтатудың, дағдарыстан шығудың жолын Мәскеулік билік таба алмады. Дәл осы кездегі Кеңес Одағының жағдайын толқынды күні теңізде ескегінен айырылған қайықшыға теңесе болар еді. Осы тұста алғашқылар болып Балтық жағалауы республикаларында «егемендік», «тәуелсіздік» туралы ойлар ашық айтыла бастады. Көп ұзамай Литва, Латвия және Эстония өз егемендіктерін жариялап, өзге республикаларға үлгі көрсетіп, батыл қадамдар жасады. Осы кезде КСРО-ны сақтап қалу үшін Орталық билік конфедерация негізінде жаңа келісімдер жасау, тіпті Жаңа Одақтық шарт жасау туралы идеяларды алға тарта бастады. Іле-шала оның жұмыстары басталып та кетті.

Әрине, бұл бастамалардың бәрі орталық билікті ойландырмай тұрмады. Тіпті басым бөлігі партиялық номенклатураның өкілі болып саналатын билік Орталықтың шаңырағы шайқалып, күйреуге жақын қалғанын іштей сезінді десе болады. Сондай-ақ жер-жерде басталған демократияландыру үрдістерінен өздері үшін қауіп-қатердің жоғарылағандығын да олар білмей қалған жоқ. Биліктің қалыптасқан жүйесін жедел нығайту қажеттігі сезілді. Сол үшін демократиялық реңкті сақтай отырып, өздеріне «жайлы кресло» дайындаулары да тиіс еді. Бұл мүмкіндікті олар шайқалған ұлттық факторларды пайдалану арқылы ғана жүзеге асыра алатын еді. Есеп дәл шықты, өйткені олар республикалардың жергілікті тұрғындары негізгі бөлігінің Орталықты қолдамау бағыты күшеюі және бәсекелес ұлттардың өзара қарым-қатынасын реттеп отыратын ұлттық биліктің дәстүрлі авторитаризмі секілді объективті алғышарттарға сүйенуді көздеді. Орталыққа деген наразылықты ұлтты қорлау ретінде қабылданған «өзбек ісі», «қазақ ісі» деп аталатын сот процестері, Алматы, Душанбе, Ферғана, Ош, Жаңа-Өзен, Тбилиси, Вильнюс, Қарабақ сияқты оқиғалар одан әрі күшейте түсті. Бұл оқиғаларда Орталық биліктің қолтаңбасы бар екені ашық айтылып, олар республикалар тарапынан өз ресми бағасын алды да.

Қалыптасқан жағдайдан шығу үшін республикалық басшылыққа тәуелсіздік ұрандарын жалаулатқан жолмен жүрудің тиімді әдістерін пайдалану ғана қалды. Бұл айла-шарғы оларға өз халқының көз алдында саяси рейтингтерін күрт көтеруге кепілдік берді.

Ал М. Горбачев берген сұхбаттары мен мемуарында «Кеңес Одағы құлайды деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмегені» туралы айтады. Ал сол уақытқа арада өткен жылдар биігінен көз салсақ, осынау үш күнге созылған бұлғақ табан асты бола салған оқиға еместігіне көз жеткіземіз. Яғни, қасқабас көсемнің президент болып сайланғаннан кейінгі ерікті немесе еріксіз түрдегі барлық бастамасы Кеңестер Одағын күйретуге бағытталғанын тек көргісі келмейтіндер ғана көрмеуі мүмкін. Әлемді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған КСРО омақаса құлар болса, онымен бірге өзі де жар басынан домалап түсерін күні бұрын сезген Горбатый көсемнің асығыс түрде Тамыз бүлігін ұйымдастырғаны, бірақ ойын соңына қарай өзі жасаған сценарийдің өзіне қарсы бағытталып кеткені бүгінде басы ашық нәрсе десе болады. Оған дәлел-дәйек жеткілікті. Біз соның бірнешеуіне ғана тоқталамыз.

Бірінші дәлел: Тамыз бүлігіне кінәлі саналатын ТЖМК сол төңкеріс жасау барысында құрылды деу шындыққа сәйкес келмейді. Бұл ұйым М. Горбачевтің өз бастамасымен және қалауымен 1991 жылы 28 наурызда құрылған болатын. Ең қызығы, комитетке елге төтенше жағдай енгізуге құқық берілді. Өзінен өзі не үшін деген сауал туындайды?

Екінші дәйек: Тек ТЖМК құрылғаннан кейін ғана барып, 1991 жылдың 23 сәуірінде Ново-Огаревада Ресей Федерациясы, Украина, Қазақстан, Беларуссия, Өзбекстан, Азербайжан, Қырғызстан, Түркіменстан және Тәжікстан басшылары кездесіп, 9 сағатқа созылған келіссөздердің қорытындысында «9+1» деп аталатын жаңа Одақтық шарт дайындалды. Жаңа Одақты «Кеңестік Егеменді Республикалар Одағы» деп атау ұйғарылды. Сонымен бірге елдегі жағдайды тұрақтандыру үшін шұғыл шара қолдану және дағдарысты еңсеру туралы мәлімдемеге қол қойылды. Құжатта мемлекеттердің егемендігі, Одақтық өкімет орындарының қайта сайлануы мен Одақтық жаңа Конституцияның қабылдану қажеттілігі айтылды. Бүгінде көптеген тарихшылар мен саясаттанушылар Тамыз төңкерісіне Ново-Огаревада өткен тап осы бас қосу, одан да анығырағы – Одақтық шарттың жаңа редакциясы түрткі болды деп есептейді. Елде орын алған тап осындай күрделі жағдайда М. Горбачев жаңа Одақтық шарт жасауға неге құлшыныс танытты? Оның не қажеттілігі бар еді?..

Осы кездесуден кейін жоғары билік эшелонындағы ұстанымдар мен мүдделер қайшылығы одан сайын ушығып кетті. Уақыт жылжып өтіп жатты. Елдегі жағдай барған сайын күрделене берді. 1991 жылы 12 маусымда РСФСР-дің тізгінін күтпеген жерден Горбачевтің байырғы қарсыласы Борис Ельцин қолға алды. Ал шындығында мұнда да Горбачевтің қолтаңбасы анық көрінеді дегенді айтады тарихшылар мен зерттеушілер. Ельциннің Ресей мемлекетінің президенттігіне сайланып, Мәскеуде қос өкіметтік биліктің орнауы елдің ахуалын одан әрі шиеленістіре түсті. 17 маусымда Горбачев пен тоғыз одақтас республикалардың басшылары дөңгелек үстел басына қайта жиналып, күн тәртібінде жаңа Одақтық келісім-шартты жасасудың уақыты кешігіп бара жатқаны туралы мәселе қаралды.

Осы басқосуда ел арасында үлкен пікірталас тудыруға сеп болған, қайта өңделген шарт жобасы Одақтас республикаларға таратылып берілді. Міне, осынау аса маңызды оқиғаның басы-қасында болғандардың айтуынша, Егемен Мемлекеттердің Одағын құру туралы бұл құжат КСРО премьер-министрі В. С. Павлов, КСРО қорғаныс министрі Д. Т. Язов, КСРО ішкі істер министрі Б. К. Пуго және КСРО МҚК төрағасы В. А. Крючковтың ерекше қарсылығын туғызған. Сондай-ақ бұл Шарттың мәтіні республикалық парламенттердегі солшыл радикал күштер тарапынан да сынға ұшырағанын атап өткен жөн.

Шарттың соңғы нұсқасы әлі де болса қуатты Орталық тарапынан кейбір келісімдерге барған тұстары болған күннің өзінде республика парламенттерінің айтарлықтай бөлігі тарапынан қолдау таппады – олар бұған қол қоюға қысым арқылы келе жатты. Шарттың бұл нұсқасы республикаларға орынсыз көп өкілеттіліктер береді деп есептеген одақтық парламентті басқарушы ортадасальді оңшыл күштер блогы тарапынан да жылы қабылданған жоқ. Осы жағдай ақыры Орталықтың авторитарлық жүйесіне қайта оралуды мақсат еткен әскери бүлікке әкеліп соқты.

29 шілде күні Ново-Огаревада М. Горбачев, Б. Ельцин және Н. Назарбаев құпия түрде бас қосып, жаңа Одақтық келісім-шарттың тағдырын шешуге уағдаласты. Бұл басқосуда аталған шартқа 20 тамызда қол қою туралы және жаңа басшылықтың құрамы жөніндегі келісімге қол жеткізді. Егемен Мемлекеттер Одағының  президенті лауазымы М. С. Горбачевке,   ал    премьер-министр     қызметі      Н.Ә.Назарбаевқа  ұсынылды. Тамыз бүлігі негізінен осы  үш президенттің құпия жоспарын болдырмау мақсатымен қолға алынғандығы кейіннен Горбачевтің естеліктерінде де, Медведев пен Млечиннің кітаптарында да жеткілікті айтылды. Мысалы, Млечин «Назарбаев. Группавой портрет с президентом» атты кітабында бұл оқиға туралы былай жазды: «Если бы не путч, главой союзного правительства стал бы Нурсултан Абишевич Назарбаев, пользовавшийся в стране немалым кредитом доверия. Это назначение могло бы изменить ход истории». Өзге танымал саясаткерлер де сол кезде Одақтың вице-президенті немесе премьер-министрі қызметін Қазақстан лидеріне ұсынғанда, тарих тегіршегі мүлде басқаша айналар еді деген пікір білдірген.

Ал Н. Назарбаевтың өзі бұл мәселе жөнінде «Өмір өткелдері» атты сұхбат кітабында кеңінен тоқталып өтеді. «Бұл сол кезде бір адамға немесе тіпті бірнеше адамға қатысты мәселе емес еді деп ойлаймын, – дейді ол. – Ешкім де тарих тегіршегін кері айналдырып жібере алмайды. Тарих тегіршегін жылдамдатуға, баяулатуға немесе бағытын біршама бұруға болады. Бұл енді басқа әңгіме. Одақтық Үкіметті басқаруға келісім беру арқылы қоғамның жаңа формацияға ауысуын, экономиканың нарыққа көшуін көкейге қонымды, белгілі бір жүйеге бағындырып өткізуге мүмкіндік алуға болатын. Ал жалпы КСРО атты елді сол күйінде ұзақ уақытқа сақтап қала алмайтыны анық еді. Мен КСРО халықтары депутаттарының 1990 жылы өткен IV съезінде Одақ қирап барады деген сөзді естігенде күйгелектенбейтіндігімді айтқанмын. Ол үшін Орталықты айыптап, күйіп-піспейтінімді де жасырмағанмын. Себебі осындай жағдай ерте ме, кеш пе, түбі бір болмай қалмайтын еді. Іргетасы дұрыс қаланбаған үй ұзақ тұрмайды...».

Осы жерде М. Горбачевтің жақын серіктерінің бірі, Саяси бюро мүшесі, «қайта құрудың архитекторы», «жариялылықтың әкесі», «КСРО-ның жаназасын шығарушы» деген түрлі алып-қашпа аттармен танымал болған Александр Яковлевтің тамыз бүлігі туралы әңгімесін тыңдап көрейік. Оның айтуынша, Саяси бюродан өз өтінішімен кетіп, КСРО Президенттік кеңесінің мүшесі қызметінде жүргенде 1991 жылдың 18 сәуірінде Горбачевке елде мемлекеттік төңкеріс қаупі барын ескертіп, арнайы хат жазған екен. Бірақ Горбачев тарапынан ешқандай реакция болмаған. 15 тамызда, яғни атышулы бүліктен төрт күн бұрын Орталық бақылау комиссиясы «СОКП-ны екіге жаруды мақсат еткен іс-әрекеті үшін» Яковлевті партиядан шығаруды ұсынған. Келесі күні СОКП қатарынан шығатынын жариялы түрде оның өзі мәлім етті. Ол – ол ма, тамыз бүлігіне екі күн қалғанда тәжірибелі саясаткер «жоғары билік эшелонында әскери төңкерістің болмай қоймайтыны» жөнінде ашық мәлімдеме жасады. Мәскеуде, тура тұмсығының астында болып жатқан осы жағдайлардың бәрін қасқа бас көсем білмей, сезбей, көрмей отырды деуге бола ма?..

(Жалғасы бар)

Болат ШАРАХЫМБАЙ

20.08.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27074
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26542
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43873
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39665
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44224