Орал – 1991: Тарихи шындыққа лайықты баға берілуі тиіс!

Орал – 1991: Тарихи шындыққа лайықты баға берілуі тиіс!

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ  ҚАСЫМ-ЖОМАРТ КЕМЕЛҰЛЫ ТОҚАЕВҚА

ҮНДЕУ

 

Тарихи жады – ұлттың тәуелсіздігін бекемдейтін рухани негіз. Қазақ-станның тәуелсіздік тарихында халықтың елдік санасы мен азаматтық ұстанымын танытқан елеулі оқиғалар аз емес. Солардың бірі – 1991 жылғы Орал оқиғасы.

Осы тарихи оқиғаға қатысқан азаматтардың бастамасымен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа жолданған бұл Үндеуді оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Үндеудің басты мақсаты – қандай да бір саяси тартысты қайта жаңғырту емес, Қазақстанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығының қалыптасу жолындағы тарихи оқиғалардың бірі ретінде 1991 жылғы Орал оқиғасына лайықты баға беру, оның тарихи мәнін ғылыми тұрғыдан зерделеу және ұлттық тарихи жадтағы орнын айқындау.

Біз тарихи оқиғаларды әділ бағалау өткенді түгендеу ғана емес, келер ұрпаққа ел тәуелсіздігінің қандай жолмен келгенін ұғындырудың маңызды шарты деп есептейміз.

Құрметті 

Қасым-Жомарт Кемелұлы!

 

Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде өзінің тарихи жадын жаңғыртып, халқымыздың азаттық жолындағы күресінің елеулі кезеңдеріне лайықты баға беруі Тәуелсіздіктің табиғи әрі маңызды талаптарының бірі деп есептейміз.

ХХ ғасырдың соңында Қазақстанның тәуелсіздік алу қарсаңында орын алған «Желтоқсан – ұлттық сипаттағы көтеріліс», «Жаңаөзен – әлеуметтік-этносаяси қақтығыс», «Орал – аумақтық-саяси сипаттағы азаматтық қарсылық» оқиғалары қазақ халқының азаттыққа ұмтылысының әртүрлі сипаттағы тарихи көріністері болды деп санаймыз.

Осы оқиғалардың ішінде 1991 жылғы Қыркүйектегі Орал оқиғасының орны ерекше. Өйткені бұл оқиға қазақ халқының тәуелсіз мемлекет құруға саяси және азаматтық тұрғыдан дайын екенін көрсеткен тарихи күрес болды. Жер аумағы жөнінен әлемде 9-орын алатын Қазақстанның аумақтық тұтастығын сепаратистік пиғылдағы күштердің ықтимал әрекеттерінен қорғауға бағытталған бұл азаматтық қарсылықтың тарихи мәні ерекше болды. Ол Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына тарихи алғышарттардың біріне айналды. Отаншыл азаматтардың бұл азаматтық қарсылығы Қазақстанның батыс өңірлерінің аумақтық тұтастығын қорғаумен қатар, елдің өзге де өңірлеріне таралуы ықтимал аумақтық-саяси қатерлердің алдын алуға бағытталған азаматтық жеңіске ұласты.

Оралдағы оқиға қазақ халқының өз жерінің тұтастығын қорғауға және тәуелсіз мемлекет құруға саяси тұрғыдан дайын екенін көрсеткен тарихи кезең ретінде бағалануға тиіс деп есептейміз. Осы тұрғыдан алғанда, 1991 жылғы 15 қыркүйек – тарихи жадымызда лайықты орын алуы қажет күн.

Алайда бұл дата бүгінгі күнге дейін еліміздің тәуелсіздік тарихындағы айтулы оқиға ретінде кеңінен танылып, мемлекеттік деңгейде тиісті бағасын алған жоқ. Тарихи оқиғаларды әділ бағалау – өткенді ғана еске алу емес, сонымен бірге қазіргі және келешек ұрпаққа елдің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығының қандай тарихи жолмен келгенін ұқтыру мен сіңіру.

Осыған байланысты 1991 жылғы 15 қыркүйекте болған Орал оқиғасының 35 жылдығын 2026 жылы мемлекеттік деңгейде атап өтуді ұсынамыз. Бұл ұсынысымыздың мақсаты – қандай да бір саяси тартысты қайта жаңғырту емес, Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасу жолындағы тарихи оқиғаларға әділ баға беру және тарихи жадты толықтыру.

 

Осыған орай Сізден:

1. 2026 жылы 1991 жылғы Орал оқиғасының 35 жылдығына байланысты мемлекеттік деңгейде тиісті іс-шаралар өткізуді;

2. 1991 жылғы 15 қыркүйектің Қазақстанның тәуелсіздік тарихындағы орнын арнайы тарихи-саяси және құқықтық тұрғыдан зерделеп, Орал оқиғасына тиісті баға беру мәселесін қарастыруды;

3. Орал оқиғасына қатысушылардың куәліктері мен осы кезеңге қатысты тарихи материалдарды жинақтап, ғылыми тұрғыдан зерттеуді;

4. Орал оқиғасының Қазақстанның тәуелсіздік тарихындағы орнын тиісті деңгейде насихаттау мәселесін қарастыруды сұраймыз.

Біз Қазақстанның тәуелсіздігіне алып келген тарихи жолдың барлық кезеңдері халықтың жадында сақталуы керек деп есептейміз.

1991 жылғы Орал оқиғасының 35 жылдығын атап өту – сол оқиғаға қатысқан азаматтардың ғана емес, Қазақстанның тәуелсіздік тарихын құрметтеудің маңызды қадамы болар еді.

Сізден осы ұсынысымызды қолдап, оны мемлекеттік органдардың қарауына ұсынып, нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылдау жөнінде тапсырма беруіңізді сұраймыз.

Құрметпен,

1991 жылғы Орал оқиғасына 

қатысушы азаткерлер,

Астана қаласы, 

2026 жылғы тамыз

20.08.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27072
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 26540
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43871
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39663
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44222