ӨМІРЛІК ДӘРІСТЕР

ӨМІРЛІК ДӘРІСТЕР

Осыдан тура 20 жыл бұрын. 2005 жыл болатын. Ол кезде Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болып қызмет етемін. Түстен кейінгі уақыт. Ұлым Ерасыл сол күні балабақшасына бармай қалғандықтан, менімен жұмысқа келіп, жанымдағы орында сурет салып отырған. Жасы ол кезде бесте. 

Бір кезде есік ашылып, қоңыр былғары плащ, басына құндыз бөрік киген, ақ шарф таққан, жасы шамамен жетпістерге келген бір кісі кіріп келді. Бұрын-соңды көрмеген адамым. Орнымнан атып тұрып, бірден сәлемдесіп жатырмын. Үстіндегі сырт киімін шешіп, баскиімін алып, ілгішке ілді. Бірден танысып, әңгімелесіп кеттік.

Жазушы, этнограф-ғалым, баспагер Зейнолла Сәнік екен. Баламмен сөйлесіп, салып отырған суретіне қарап, мақтап қойды. Ерасыл мұрны тершіп, суретін одан сайын бояй түсуде. Сол күні Зейнолла Сәнік ағамен бір сағаттай сөйлестік. Сол кездегі Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалинге келген екен. Хатшы қыз Айзада Нұрлан ағаның бір сағаттан кейін келетінін айтқан соң, осы бөлмеге келіп, күте тұрайын деп шешіпті. 

Зейнолла ағамен әңгімеміз бірден жарасты. Өзі менің әкем Қамшыгерден төрт жас үлкен екен. Қарапайым, әңгімешіл, салмақты, өте мейірімді жан болып шықты. Өзінің сөзінен Қабанбай батырды көп зерттегенін аңғардым. «Қабанбай батыр» жырынан біраз жерін жатқа біледі екен. Үзінді айтып берді:

Қайратқа мінген Қабанбай,

Садақ жетер жерлерді,

Тартып кетіп барады.

Қылыш жетер жерлерді

Қырып кетіп барады.

Ұстарадай жау тобын

Тіліп кетіп барады.

Жекпе-жек келсе найзамен

Іліп кетіп барады.

Өлексесін жауының

Үйіп кетіп барады.

Алпыс аттан әр жерге

Түйіп кетіп барады.

Жетпіс аттан әр жерге

Жиып кетіп барады.

Кез келгенін құлатып,

Ұрып кетіп барады.

Ойсыратып дұшпанын

Түріп кетіп барады…

Зейнолла ағаның жырдан үзінді айтқаны қандай керемет! Ұлым Ерасыл да суретін қоя қойып, қызығып тыңдап қалыпты. Баяғыда мен де осындай 5-6 жаста болғанымда нағашы атам Жарданберді «Тәуке батыр» жырын айтып беруші еді. Сол балалық бал шағым, нағашы атамның жыр айтып берген кезі елестеп кетті. 

       Содан бастап Зейнолла Сәнікпен ақын-жазушылардың жиын, кездесу, кітаптарының тұсаукесерлерінде жиі кездесіп тұратын болдық. Көргенде шұрқырасып, қуанып, бір мәз болып қаламыз. 

–  Ерасыл қалай? Өсіп жатыр ма? – ма дейді.

– Иә, аға, жақсы, биыл бірінші сыныпқа барды. Шоқан Уәлиханов атындағы №12-мектеп-гимназияға бердік. Талғар ауданында тұратын болғандықтан, мектепке апарып-келу үшін көлік алдым, Зейнолла аға.

Ағам менен де артық қуанып, жарайсың деп, қолын созып құттықтап жатыр.

– Балалардың тәрбиесіне көбірек көңіл бөл, Саят. Осы балалар үшін өмір сүріп жатырмыз ғой. Қазақстаныма – атамекеніме көшіп келгеніме қуанып, күнде шүкір деп жүрмін. Шекараның ар жағында жүргенде осы күндерді қалай армандадым десеңші! Енді міне, өзімнің елімдемін. Ұрпағым қазақша оқып, елге пайдалы болса арманым жоқ! Шүкір, Қанатым өсіп, өзіме қолғанат болып жүр, Жанатым да мейірімді, қамқор болып өсті. Сен де Ерасылың мен Аружаныңа жақсы тәрбие бер, қатарға қос. Жақсы жерлерде оқыт. Солардың жағдайын жаса. Ақын-жазушылардың өзі ғана емес, ұрпағы да ел үшін қызмет етсе бір ғанибет! – деп иығымнан қақты. 

Міне, Зейнолла аға осындай еді ғой. Үнемі жақсы сөзін аямайды, шапағат-нұрын таратып, жан-жағын арайландырып, сәулелендіріп, адамдарды рухтандырып жүретін. Мұндай жанды нағыз зиялы десе болады. 

Сол жылы Зейнолла Сәнік аға мерейлі 70 жасқа толды. Жазушылар одағында оның «Хан батыр Қабанбай» атты кітабын талқылайтын болдық. Осы жиынның ұйымдастырушысы, жүргізушісі болдым. Зейнолла ағаның бұл іс-шарасы керемет өтті. Кітапты оқыған Тұрсынбек Кәкішұлы, Рафаэль Ниязбек, Серік Қапшықбайұлы, Тұрсынәлі Рыскелдиев, Жәркен Бөдешұлы, Жанат Ахмади, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Жәди Шәкенұлы сияқты қаламгерлер көсіле сөйлеп, пікірін айтып, бағасын берді. Зейнолла Сәнік кітап талқылауынан кейін қалай қуанды десеңші! Бақытты сәті әлі көз алдымда.

Бір күні Зейнолла ағам Құнанбайдың адамдық келбеті мен шешендігі жайлы айтып берді. Ауызым ашылып, тыңдап тұрмын.

Бұл дүниенің баласы,

Алды-артыңа қарашы.

Ата-ананың ақылы,

Қазылған қара жолмен тең.

Ағайының көп болса,

Ұлы әскер қолмен тең.

Қарсы келген кәрілік,

Жайып қойған тормен тең.

Жақынның бәрі сұм болса

Қазып қойған көрмен тең.

Орнын білмес жаманға,

Есік те болса төрмен тең…,  – деп Құнанбайдың сөзін мысал етіп келтірді. Есте сақтау қабылеті қандай жақсы! Осындай ғибраты мол сөздерді, шешендік арнаулар мен толғауларды көп білетін. Оны «ел аралап, ақсақалдармен көп сөйлескеннен жадымда сақталыпты» деп түсіндіретін.  

Сол кезде бірге қызмет ететін ақын Серікжан Қажи екеуіміз Жазушылар одағына Зейнолла Сәнік келсе, қуанып, жазып отырған хаттарымызды, түрлі жиынның бағдарламасын қоя қойып, ықыласпен сөйлесіп, ағаның қызықты әңгімесін тыңдап, рахат күй кешетін едік. 

– Өнімді еңбек ету үшін дұрыстап тамақтану керек. Түскі ас уақыты болып қалыпты, жүріңдер, тамақ ішіп қайтайық, – дейді бір кезде Зейнолла аға. 

Біз жазғанда қарсылық жоқ, Зейнолла ағаға еріп жүре береміз. Дастархан басында тіпті ашыла түседі, өмірден көрген-білгенін, түйгенін афоризм ретінде жазып жүргенін айтып, бір күні қағазына түртіп қойғанын оқып берді.

«Жасында байқары көптің қартайғанда айтары көп».

«Сақалына ақ түсіргенмен, көңіліне дақ түсірмей өткен адамның рухы қашанда көгершін қалпын сақтайды».

«Біреуге ренжігеніңде, сол адамның өзіңе істеген жақсылығын есіңе алатын бол. Сонда жүрегіңді ауыртқан сыздауық жаныңды жадырататын жасыл жапыраққа айналады».

«Жақсы өнегенің жарығы, жақсы адамның даңқы алысқа кетеді».

«Адам уақытты созғанда емес, уақыттан озғанда ғана табысқа жетеді. Уақытты қадірлей білгендік – өзін қадірлей білгендігі». 

«Тым тәтті болма, жұтып жібереді, тым ащы да болма, түкіріп жібереді. Өмірде асып та кетпейтін, тасып та кетпейтін қоңыржай мінезбен өмір сүру оңайға түспейтін іс». 

Міне, осындай ой иірімдерін зер сала, ойлана отырып тыңдап, көкейімізге түйіп отырдық. Уақытпен, тәжірибемен келген бұл ойлар Зейнолла Сәнікті көз алдымызда бұрыннан да асқақтата түсті. Зейнолла ағамыздан сонда өмірлік дәріс алған екенбіз ғой…

     Бір күні жұмыс бөлмемнің есігі ашылып, жайлап басып Зейнолла аға кіріп келді. Соның алдында ғана телефонмен үлкен әпкеммен сөйлескенмін. Әкемнің құлағының түбіне өспе шығып, бір рет ота жасатқан болатын. Ол жазылмай, орны бітпей қойған соң Семейдегі дәрігерлерге қаралыпты. Дәрігерлер жаман аурудың диагнозын қойыпты. Оны уайымдап, алаңдағаннан анамның қанты 21-ге көтеріліп, қан қысымы 220-дан асып, инсульт алыпты. «Жығылғанға – жұдырық» деген осы. Әпкем маған соны хабарлап, телефонмен айтқан еді. Сөйлесіп болған соң әке-шешемнің денсаулығын уайымдап, жұмыс бөлмемде жалғыз отырып, шарасыздан жылап отырғанмын. Зейнолла аға сол кезде кіріп келді. Менің түрімді көріп шошып кетті, көзі алақандай.

– Не болды, балам?

– … 

Бәрін айтып бердім. Сонда Зейнолла аға Жарма ауданындағы әке-шешемді Алматыға көшіріп алып кел, өзің барып қарағанға бұл жақта отбасың, жұмысың бар. Алматы үлкен қала, осы жақтағы дәрігерлерге қаратып, емдетесің, көз алдыңда болады деп кеңес берді. 

– Бәрі жақсы болады. Қайғының бұлты үйіріліп, кеудені қасырет мұңы басқанда соған қайыспай, жасымай, сол ауыртпалықтың бәрін қара нардай көтеріп кетудің өзі де ерлік! Морт кетіп, шорт үзілу азамат адамға лайық емес. Ауырды жер көтереді, қайғыны ер көтереді деген сол. Жасыма, балам! – деді. 

Зейнолла ағаның сөзінен кәдімгідей қайраттандым. Көп ұзамай әке-шешемді ауылдан осында, өзім тұрып жатқан Талғар ауданына көшіріп алдық. Көшіп келгеннен кейін әке-шешем дәрігерлердің қарап, емдеп, қадағалауымен тағы 3-4 жыл өмір сүрді. 

Сол кезде Алла Тағала менің жұмыс бөлмеме осы кеңесті айтсын деп Зейнолла Сәнікті әкелген екен ғой. Ол кісімен әр кездесуім, әр сөйлесуім мен үшін сонда ғибрат болған екен. Өмірлік тәжірибесі, көргені мол жазушы, ғалым, зиялы жанның өнегесін көріппін ғой! Әкем алыста жүрсе де осындай ғажап жан әкемдей қамқор болған екен-ау!..

– Мектепке 10 жасымда бірақ барыппын, – деп бастады бір күні әңгімесін, – Сабақты жақсы оқыдым, зерек, алғыр болдым. 

Қатты жерге қақ тұрар,

Қайратты ерге бақ тұрар.

Әділдікке зарыққан,

Әділ биді жақтырар, – дейді. Қайратты, алғыр, әділ, білімге, оқуға, зерттеуге құштар болсаң еңбегің жанады, үмітің ақталады. Алдымнан жақсы адамдар көп шықты. Солардың арқасында жүрген жерімде сыйлы болдым. Ешкімді жамандамаймын. Біреудің сөзін біреуге жаткізбеймін. Кезінде қудаланып, еңбекпен түзеу лагерінде жүргенде де жасымадым, қажымадым. Келер күндерден үмітті жоғалтпадым. Өмірде сеніміңді жоғалтпай, бағыт-бағдарыңнан таймай, алға талпына беру өте маңызды. 

– Дұрыс айтасыз, аға.

– Саят, жазуыңды тоқтатпа. Қазір ізденіп, жазатын, өнімді еңбек ететін кезің. Біз болашаққа осы жазған кітаптарымызбен жетеміз. Өмірде қалсақ осы шығармаларымызбен, еңбегімізбен, жазған кітаптарымызбен қаламыз. Ұрпағымызбен, кітаптарымызбен мың жасаймыз.

Міне, кездесе қалсақ әңгімеміз осылай өрбитін. Өзінің өмірден түйгендерін осылай жеткізіп, Зейнолла аға өмірлік дәріс беретін. Сол кезде әкемдей қамқор, жанашыр жанның жылуын сезініп, ақыл-кеңесін тыңдап, шарапатын көргеніме бүгінде шүкір деймін. 

Биыл жазушы, этнограф-ғалым, баспагер Зейнолла Сәнік арамызда жоқ. Тірі болғанында 90 жасқа келер еді. Ол кісімен танысқаныма да 20 жыл толыпты. Зейнолла Сәніктің өмірі мен адамдық қалпынан үлгі-өнеге, ұшан теңіз ақыл мұхитынан, терең білімінен өмірлік дәріс алғаныма да 20 жыл… Зейнолла Сәніктің әдеби мұрасынан, сол кездегі маған айтқан сөздерінен, жүріс-тұрысы, өзін ұстау мәдениетінен, адамдық қасиеттері мен мінезінен әлі де сабақ алатыным сөзсіз!

Саят Қамшыгер,

ақын, аудармашы, «Серпер» сыйлығының,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ҚР Ақпарат саласының үздігі, 

ҚР Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

2025-жыл

14.11.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 19878
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 19696
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 34852
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 33400
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 37224