Сағат Жылгелдиев! Актер, әнші, ең бастысы үлкен жүректі талант иесі. Бауырымыз бүкіл саналы ғұмырын кино, театр өнеріне арнады. Өнерден өз орнын ойып алған Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, әнші, актер Сағат Ермағамбетұлы Жылгелдиевтің бұл пәниден көшкеніне де, міне, 40 күн. 68 жасқа келіп, таланты кемелденген, толысқан шағында халқына өлшеусіз қызмет еткен Сағат досымыз жайлы, оның өнері туралы кейінгілер әлі де айтар, жазар. Біздің бүгінгі толғайтынымыз – оның адами жан дүниесін, жарқын келбетін көрсету.
Сыр елінің қасиетті жерін иітіп, ғасырлар бойына нәр беріп келген Сырдария өзені Арал теңізіне құятыны бесенеден белгілі. Мұны айтып отырғанымыздың себебі қарт дарияның екі жағы көкорай шалғын, балауса қамысты, хош иісті жиделі ағашты болғанымен, негізінен, шөлейтті өлке. Әлемге әйгілі Қызылқұм мен Қарақұм осы өңірде аяғын кеңге салып жатыр. Осы алып шөлді арда емген, төрт түлік малымен күндерін көріп, осында ұрпағын өсіріп, тамырын жайып, өркендеген қалың қазақ орналасқан. Сағаттың ата-бабалары да осы өңірден. Қармақшы мен Жалағаш аудандары бірде бірігіп, бірде ажырап, тағдырлары талай мәрте тәлкекке түскенімен, мұнда өмір сүріп жатқан халық әрқашанда біте қайнасып, бірімен-бірі араласып-құраласып жатады. Шөмекей, кете – өмірде егіз рулар. Сағат құлыс кетеге жатады. Менің нағашым. Біз шөмекейміз. Жалағаш ауданының 4 ауылын шөмекейлер ауылы дейді. Мәдениет, Мақпалкөл (қазір Т.Жүргенов атында), Жаңаталап, Аққыр... 1965 жылы Аққыр аты аталған ауылдардан еншісін алып, жеке шаңырақ көтерді. Осы кезеңде Кеңес өкіметі малшаруашылығын дамыту үшін бірнеше совхоз құрды. Аққырдың жері сонау Өзбекстанның Тамды ауылына дейін созылып жатыр. Қызылқұмның астында үлкен су қоймасы бары анықталып, скважиналар қазылды. Мұнда отар-отар қой өрді. Қыста Қызылқұмды жайлап, жазда Қарақұмды жайлау еткен шопандар еңбектің тайқазанын қайнатты.
Сағаттың әкесі Ермағамбет озат шопандардың бірі болатын. Қара бала Сағат аттың жалында, түйенің қомында дегендей, еңбекпен шыңдалып өсті. Желаяқ бала ағасы Рахат екеуі оқудан қолдары қалт еткенде әкелеріне қолғабыс беретін. Әсіресе олардың жазғы демалыста Құдайы беретін. Әкесінен бастап, олар өнерпаз отбасы еді. Жалпы, «өнер кетеге келіп түнеген» деген аңыз бар. Кете Жүсіп, Тұрмағамбет, Балқы Базар дейсің бе, осы өңірдің өнер тарихына көз салсаң, небір Сыр сүлейлері өткенін білесің де, таңдай қағасың. Сондықтан бұл отбасының өнерпаз болмауы, ән-күй сазына бөленбеуі мүмкін емес болатын. Қарындасы Гүлбану да, інісі марқұм Арыстан да өнерден, әннен құралақан қалмай, ауылдық көркемөнерпаздардың алдыңғы қатарында еді. Ал Сағат бұл отбасыдан ерекше суырылып шығып, қара домбырасын өңгеріп бұлбұлдай сайрап, Сыр сүлейлерінің мақамымен тамағы бүлкілдеп ән шырқағанда бір тамаша таланттың бүршік жарып, жапырақ жайып, гүлдеп келе жатқанын сезгендей болатынбыз. Жаңа құрылған Аққыр тек мал өсірумен ғана даңқы шыққан жоқ, өнерімен асқақтап, аты облысқа белгілі болды. Совхоз директоры Камал Бердәулетов жан-жақты кемел ойлы кісі-тін. Клуб салдырды, сан түрлі секциялар құрды. Домбыраны, тіптен үрмелі аспаптарды үйрететін арнаулы білікті мамандарды шақырды. Содан да болар, аядай ауылдан республикаға белгілі танымал актерлер, әншілер, суретшілер, ғалымдар, жазушы-ақындар, сазгерлер шықты. Сондай-ақ, ән-би ансамблі құрылды. Ауыл кештері әнмен тыныстап, күймен күмбірлейтін. Сағат соның бел ортасында жүрді. Біртін-бірге шыңдалып өсіп келе жатты. Әрине, бұлықсыған бұла әншіге ауыл, аудан таршылық ететіні белгілі. Сағат оныншыны бітірісімен әке батасын алып, бірден Алматыға тартты.
Өнер ордасы – Алматы ауылдың қаршадай қара баласын өзінің кең құшағына алды. Өнер құбылысының алғашқы әліппесін үйренді, консерваторияға түсті. Міне, осы кезде орысшадан қиналғанын кейін Сағат әзілдеп айтып жүрді. Бұла жас жігіт махаббат айдынында өзінің сыңарын тапты. Жібек есімді Алматының аруын алақанына қондырды. Өнер әлемінде сәтті қосылған бұл жұп қол ұстасып шаңырақ көтерді. Осы жерде ерекше айтып кететін нәрсе – Сағат Жібегін Аққыр ауылына жетектеп әкелді. Өзгелердей келіп-кетудің ырымын жасаған жоқ, сонау Қызылқұмдағы әке-шешесінің шаңырағында біраз уақыт тұрып, қаланың ақ саусақ нәзік қызы нағыз келіннің «рөлін» тамаша орындап шықты. Атқа мініп, қой бақты, сиыр, түйе сауды, сөйтіп, ата-ананың мейіріміне бөленді. Былай қарасаң, аңыз сияқты, бірақ олардың өмірінде осы бір әсем шақ мәңгілік жып-жылы шуағымен есте қалды. Бұл жұптың жасаған тағы бір ерлігін айта кетсек. Екеуі консерваторияны бітірген соң, базбіреулердей қалада байырқалап қалмай, сонау Талдықорғанның театрына барып, өнердің отын жақты. Жетісу тұрғындарының зор құрметіне бөленді. Кейін «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» атағын иеленді. Әрине, нағыз актер болу, оның ыстығы мен суығына шыдау кез келген өнер иесінің қолынан келе бермейді. Шелек-шелек тер төгесің, сабырыңды жүрегіңе серік етіп, күні-түні еңбек етесің. Сағат театр мен кинода талай кейіпкерлерді сомдады, осы ұлан-ғайыр еңбегімен даңққа бөленді, елінің сүйіктісіне айналды. Бұл даңқ оған кәнігі актерлығымен ғана келген жоқ. Оның ғажайып әнші екенін әсте ұмытпауымыз тиіс. Ақан серінің бүкіл Сарыарқаны тәнті еткен үнін, тағы да басқа әншілердің арқыраған дауысын сазымен, иірімімен жеткізу – нағыз әншіге тән құбылыс. Сағаттың әншілігі шынында да ерекше құбылыс болатын. Оны актерлығынан бөле-жара қарап, арнайы зерттесе де артық емес. Оның күркіреген сазды дауысы көпке дейін өнер әлемінде өшпейтіні сөзсіз.
Сағат жайсаң мінезді, көңілі кіршіксіз таза, жаны да, көкірек сарайы да ізгілікке, жақсылыққа толы болатын. Жасандылық оған жат еді. Сәкең шынайы ғұмыр кешіп, елгезек те елпілдек мінезімен халқына қызмет етті, адамдарға шын жүрегімен көмектесті. Енді оның екінші өмірі басталды. Ол, меніңше, Өнер кітабы болып қайта өмірге келуі тиіс. Оның жасаған жақсылықтарының о дүниеде қарымы қайта ма деген үміт бар. Аллам жар болып, жаны жаннатта болып, иманы саламат болғай! Әумин!