Тұрғындардың денсаулығы мен өмір сүру сапасын жақсарту бәрінен де маңызды. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын іске асырудың да негізгі мақсаттарының бірі – әлеуетін жоғарылату есебінен азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын құру. Ол үшін денсаулық сақтау, білім беру, көліктік және инженерлік инфрақұрылым секторларындағы барлық мәселелерді шешу талап етіледі.
Ақтөбе облыстық мәслихаты сессиясында облыс әкімі Оңдасын Оразалин биылғы жартыжылдықта атқарылған істерді қорытындылап, 2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджетке енгізілген өзгерістер туралы айтылды.
Аймақ басшысының айтуынша, жыл басынан бері өңірде тұрақты макроэкономикалық жағдай сақталып отыр. Негізгі жеті әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің алтауы бойынша өсім бар: өнеркәсіптің өсу қарқыны – 102,7%, инвестициялар – 104,4%, ауылшаруашылығы – 100,3%, құрылыс – 104,2%, тұрғын үйді пайдалануға беру – 102,6%, көлік және қоймалау – 109,2% деңгейінде қалыптасты. Тек қана сауда саласы бойынша өткен жылмен салыстырғанда 92%-ке дейін төмендеу байқалады.
– Негізгі көрсеткіштер бойынша өсім болғанымен, өздеріңіз білетіндей, әлемдегі күрделі геосаяси және тұрақсыз экономикалық жағдай, жалпы республика бойынша, оның ішінде облысымыздың дамуына да кері әсерін тигізуде.
Дүниежүзі бойынша тауарлар мен қызметтердің инфляциясы аз уақыт ішінде жылдық нормасынан асуда. Осындай күрделі жағдайда, біздің алға қойған бірнеше басты міндеттеріміз бар.
Біріншіден, өңір экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз ету арқылы халықтың әл-ауқатын арттырып, нақты табысты көтеріп, жаңа жұмыс орындарын ашу. Екіншіден, облысымыздың тұрғындарына әлеуметтік, көліктік және инженерлік инфрақұрылымдар мәселелерін кідіртпей шешу, – деді облыс әкімі.
Халықтың әл-ауқатын арттырып, жаңа жұмыс орнын құру үшін ең басты кезекте инвестиция тартып, өңір экономикасының 40%-тен астамын алып жатқан өнеркәсіп саласын дамытуға баса мән беріліп отыр. Облыста жыл басынан бері өнеркәсіп өнімі артқан.
– Жыл соңына дейін өңдеу өнеркәсібінің көлемін 850 млрд теңгеге жеткізуді жоспарлап отырмыз, бұл бес жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 40%-ға артық. Жыл басынан бергі алты айда облысқа 325 млрд теңге инвестиция тартылды. Бірақ жылдың аяғына дейін инвестиция көлемін 950 млрд теңгеге жеткіземіз. Бұл – бұрын-соңды болмаған ең жоғарғы көрсеткіш. Бүгінде құны 23 млрд теңге құрайтын 12 жоба іске асырылды. Осы жобалар аясында 486 жаңа жұмыс орны ашылды, – деді О.Оразалин.
Жылдың аяғына дейін Ақтөбе облысында 68 млрд теңгеге жуық тағы 18 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Оның ішінде мобильді бұрғылау қондырғыларының өндірісі, жылыжай кешені, логистикалық орталық, рафинадталған май өндіру цехы т. б. бар.
Ауылшаруашылығы саласында да айтарлықтай өсім бар. Аталған сала – кәсіпкерліктің перспективалы бағыттарының бірі және бұл саланы қолдау және дамыту өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық маңызды бағыт.
Осыған байланысты бүгінде ауылшаруашылығына төленетін субсидиялар көлемі облыста 2019 жылмен салыстырғанда 2 есеге жуық артты. Биыл республикалық және жергілікті бюджеттерден 22,7 млрд теңге субсидиялар бөлініп отыр. Оның ішінде малшаруашылығына – 13,2 млрд теңге, өсімдік шаруашылығына – 1,5 млрд теңге, инвестициялық субсидиялар – 3,6 млрд теңге, басқа субсидиялар – 4,4 млрд теңге.
– Нәтижесінде ауылшаруашылығының барлық көрсеткіштері бойынша тұрақты өсім бар. Жарты жылдың қорытындысы бойынша ауылшаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 130 млрд теңге болды, ірі мал басы саны – 7,3%-ға, ұсақ мал – 4,5%-ға, жылқы – 28%-ға, түйе 13,2%-ға артты.
Өңірдегі суармалы жерлерді ұлғайту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, егер 2019 жылы тұрақты суару алаңы 22 мың гектар болса, биылғы жылдың аяғына дейін бұл нәтиже 33,3 мың гектарға дейін артып, ал 2023 жылғы вегетациялық кезеңге 41 мың гектарға жеткізілетін болады, – деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
Облыс басшысының айтуынша, су әлеуетін одан әрі жақсарту үшін жергілікті бюджет есебінен 10 орта суқоймаларға және республикалық бюджет есебінен 6 ірі суқоймалардың құрылысына құжаттар әзірленіп жатыр. Осылайша, алдағы 5-7 жылда жаңа су қоймаларын салу есебінен тұрақты суару аумағы 100 мың гектарға дейін жеткізілмек. Сондай-ақ, Ақтөбе облысында алдағы үш жылда өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үлесін арттыру үшін агроөнеркәсіптік кешенде 315 млрд теңгеден астам сомаға 75 жобаны іске асыру жоспарланып отырғаны айтылды.
Сессия барысында шағын және орта бизнесті дамыту, әлеуметтік, көліктік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселелері де айтылды.
– Кез келген ел экономикасының негізі – шағын және орта бизнес, оған қоса осы салада халықтың басым бөлігі жұмыс жасауда. Осыған байланысты шағын және орта бизнестің ахуалы қандай болса, халықтың жағдайы да сондай. Сондықтан бизнесті мемлекеттік қолдау үшін аса маңызды шаралар қабылдануда.
Мәселен, ағымдағы жылы шағын орта бизнесті дамытуға шамамен 12 млрд теңге қарастырылған, бұл 3 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 1 мыңнан астам бизнес жобалар қолдау тапты. 7 ай қорытындысы бойынша өңірлер арасында ірі мегаполистерді баса озып, Ақтөбе облысы 1-орында көш бастап тұр. Жалпы, жарты жылдың қорытындысы бойынша облыста жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 72 мыңға жуық немесе 14%-ке артты, – деді О.Оразалин.
Бүгінде облыс бойынша халықтың 92,8%-ы көгілдір отынмен, 97,8%-ы ауызсумен толық қамтамасыз етілген.
Жыл аяғына дейін қосымша 11 ауылға сумен қамтамасыз ету жүйесін салу жоспарланып отыр, нәтижесінде халықты ауызсумен қамту үлесі 98,3%-ға дейін артатын болады. Сонымен бірге биыл газ желілеріне 9 мыңнан астам адамды қамтитын тағы 10 елдімекен қосылады.
Ақтөбе облысының үлкен көлік торабы және көлік хабы ретінде дамуға әлеуеті зор. Биыл жалпы ұзындығы 608 шақырым болатын, құны 37,8 млрд теңгеге 200-ден астам жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
– Әлеуметтік инфрақұрылым бағытында өңірде бірнеше нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл құрылыстардың толық аяқталып, іске қосылуы облысымыздағы біраз әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ықпал етіп, халықтың қолайлы өмір сүру сапасына әсер ететін болады, – деді О.Оразалин.