Оппозиция деген не?

Оппозиция деген не?

Бізде оппозиция бар ма?

Қазіргі адамзат өркениетіне тән әлем елдерінің бәрінің қоғамдық саяси дамуына ықпал ететін ортақ құбылыс – оппозициялық қозғалыс. Бұл құбылыс адамдардың алғашқы қарапайым топтасып тіршілік етуінен басталып, кейінде қарапайым қауымдастық, тайпа, этнос (халық), ұлт деңгейіне көтеріліп, көпшілікке ортақ сана қалыптастыру арқылы біз білетін бек, князьдық, хандық, патшалық сатыларынан өтіп, мемлекеттік қоғам құрудағы даму сатыларына ықпал етіп келген. Бұл құбылыс адамдардың табиғи қасиеті мінез-құлқының жетіліп және адами сананың өсуіне байланысты адамзат дамуының әр сатысына тән ерекшеліктері қалыптасып отырған. Алғашқы адамдардың топтасу мен қауымдастығында бұл құбылыс адамдардың табиғи күшіне сүйенсе, келесі сатыларда ортақ, қауымдық сана қалыптасып, этносқа тән рухани дамудың негізін салған дәстүрге ұласқан. Бұл кезеңдер адамдардың табиғат заңдарын білуге, зерттеуге ұмтылып, ғылым-білімнің негізі болған алғашқы даналық мектебі пәлсапа (философия) дамуына әсер еткен. Қазіргі қалыптасып қалған адамзат тарихының философиялық даму жүйесі батыс өркениеті дәріптейтіндей гректерден басталмайды, оның түбі мыңдаған жылдар әріде жатыр. Адамзаттың рухани дамуының негізі шығыс пәлсапасы екенін кезінде жаңа оянған Еуропа даналары мойындап кеткен. Бұл құбылысты, шығыс пәлсапасы салған даналық жолын гректер өркениеті бір ізге салып жетілдірген болса, еуроцентризм жүйесімен дамыған батыс өркениеті оппозиция ықпалының қоғамдаму үрдісі тарихында өз орнын тауып, саяси додаға түсетін күш ретінде қалыптасуына жол ашқаны белгілі. Сондықтан да оппозиция адамзат өркениетінің қоғамдық дамуына, оның жетілуіне үнемі үлес қосып отыратын күш екені табиғи заңдылық. Осы заңдылықпен санаспайтын қоғамда әділетсіздік пен теңсіздік өрісі кеңіп, авторитаризм мен диктатура дәуірі күш алатыны аян. Яғни қоғам дамуында тіршілік заңына сәйкес туындайтын сан алуан пікірлермен билік санасып, ортақ мәмілеге келетін жолды тауып отырмаса, ондай қоғамның дамуы тежеліп, саяси дағдарысқа тіреледі.

Назарбаевты халық ешқашан кешірмейді

Біздің елдегі мемлекеттің шаңырағын шайқап кеткен Қаңтар оқиғасы осы заңдылықты дәлелдеп отыр. Бұл оқиғаның туындауын терең зерттеп, одан саяси сабақ алу Қазақ елінің келешегі үшін ауадай қажет. Ол келешекте қанды оқиғаның қайталанбауы үшін керек. Өкініштісі, «Жаңа Қазақстан» орнатамыз деп бағыт ұстаған жаңа билік те, өздерін қарсы күш оппозициямыз деп жүргендер де, Қаңтар оқиғасын нақтылы ғылыми тұрғыдан зерделеп, бұл оқиғаға алып келген нақты себептерді ашық көрсетіп, қоғамды дағдарысқа әкелген саяси күштердің орнын анықтап, олардың келешекте ел тағдырына ықпал етуіне жол бермейтіндей баға бере алмағаны болып отыр. Осыған байланысты үлкен сұрақ туады... Мемлекет саясатын мадақтап, насихаттап жүрген ғалым-саясаттанушылар, ғалым-философтар, саяси ғылыми институттардың профессорлары, ішкі саяси жүйені басқарған мемлекет қайраткері – саясаткерлер қайда, неге үнсіз жатыр? Әлде оларды елдің келешегі қынжылтпай ма?.. Жоқ жігерсіз құлмінездік пе?.. Әлде..?

Қазіргі кезеңде саяси дағдарысқа әкелген Назарбаев және оның командасы екенін заңды түрде мойындаудың басталғаны белгілі. Бірақ алғашқы екіұшты ойлар туғызып отырған қадамдар шындықты толық ашады, қоғам оның салдарынан мүлде таза арылады деп айтуға әлі ерте сияқты. Әрқашанда кеткен биліктің кемшілігінен арылу үшін люстрация қажет, онсыз оның зардабынан құтылу мүмкін емес. Назарбаевтың өз елінің байлығын тонап, халқына жасаған қиянатына тарих қатал бағасын береді, ешкім оған араша бола алмайды, жұрты оны ешқашан кешірмейді. Бұл – тарихи ақиқат. Сонымен қатар біз мынаны ұғуымыз қажет. Елімізді кедейлік пен жемқорлықтың құшағына апарып әлемге күлкі еткен бір ғана адам десек, онда халқымыздың дана сөзі «Халқы қандай болса, ханы сондай болады» дегенді ұқпаудан туады. Бұл жерде бәріміздің де кінәміз бар. Халық болып ұрпағымыздың келешегін ойлап, ақылмен ұйысып, қайсарлықпен ел тағдырын қорғауға енжарлық танытып, жігерсіздік пен көнбістікке жол бергенімізді ұғып, сол қателерді түзетуді бірігіп іске асыру қажет. Бәрімізге келешекте халқымыздың бірлігін нығайтып, ұлттық сана-сезімді оятып, ұрпақ үшін қоғамда туындайтын қайшылық пен кемшіліктерден арылуда туындаған мәселелерді бірлесіп мәмілеге келіп шешуді ойлағанымыз жөн. Яғни билік пен оппозиция өздерінің «билік үшін күрес» бәйгелерін тежеп, бірінші кезекте халықтың мүддесін жоғары қоюмен нағыз халықшыл-мемлекетшілдікті үйренуі керек. Олар сонда ғана өздерінің парасатты, саяси сауатты істерімен халқының шын сеніміне ие болып, жұртына қадірлі болады. Өкініштісі, биліктегілер де, қарсыласы оппозициядағылар да осы деңгейге көтеріле алған жоқ. Ойланыңдаршы! Елімізде жұрт сенім артатындай оппозиция болды ма? Жоқ... Неге?..

Оппозиция мемлекетшілдік ұстанымымен, қоғам халықтың мүддесін қорғауда әділеттілік пен теңдікті ұстау жолынан ауытқымау үшін күресетіндіктен, нағыз оппозиция болады. Радикализмдік бағыт дағдарысқа әкеледі, Мемлекетшілдік бағыт даму жолы болады. 

Нағыз оппозиция мен жалған оппозиция

Осы сұрақтың жауабын іздесек, бізде тоталитарлық кеңес жүйесінің темір құрсау идеологиясында тәрбие көрген азаматтардың әлем елдеріндегі қоғамдаму үрдісіндегі оппозицияның негізгі сырын жете түсінбеуінен, қате жол таңдап адасуы орын алып отыр. Сондықтан қысқаша оппозиция туралы ұғымға тоқталуды жөн санаймын. Өйткені тоталитарлық кеңес жүйесінің елді бір ғана партияның саяси доктринасымен билеуіне байланысты оппозиция болмады, соның салдарынан ол қоғамның ғұмыры қысқа болды. Ол қоғамның билігі «саяси доктринаға қарсы пікір айтқан адам – халық жауы» деген ұғымды жұрттың қанына сіңдірген. Тәуелсіздік алған еліміздегі билікке келген кеңес мектебінің «тұлғалары» да, «жаңа пайда болған оппозиция» да, қандарына сіңген ұғым шеңберінен шыға алмай, екі жақта бір-бірімен ел үшін ортақ тіл табысуға бармай, жаудай алысып отыр.

Оппозициялық күрестің екі жолы бар. Біріншісі – радикализм жолын ұстаған оппозиция. Ол ешқашанда мемлекет басқарып отырған билікпен ортақ тіл тауып мәмілеге келмейді. Ол қоғамды тығырыққа тіреп, қантөгісіне әкелетін жол. Біз билік жүйесін өзгертеміз деген түрлі сылтаулармен, сыртқы күштерге сүйеніп билікке келетін жол. Олар жұрттың көзін жеткізетін, біз мына қадамға барып, биліктің кемшілігін былай түзетеміз, халықтың әлеуметтік, рухани мәселесін, қоғамдағы әділетсіздікті былай шешуге болады деген нақтылы бағдарламасын көрсете алмайды. Әрбір топ өз ұстанымын ғана қорғап, халықтың мүддесі үшін бір-бірімен де, өзара ортақ мәмілеге келмейді. Олардың мақсаты – билікке жету, не болмаса билікке ықпал етіп, өз мақсаттарын шешу. Тек, биліктің жіберіп отырған кемшілігін теріп сынаумен, жұрт алдында өздерін халықтың жанашыры етіп көрсетуде құр сөзбен, сан түрлі қитұрқы әдістерді, қаржы қорын пайдаланып, «біз билікке келсек, бәрі өзгереді» деген ұранмен көпшілікті алдап, арбауға шеберлік танытқанымен, нақтылы істің орнына, ел ішінде сан түрлі пікір тудырып, жұрттың бірлігіне нұқсан әкелуге бейім. Қарапайым, саясаттан хабары аз халықтың кейбір өкілдері тек сезімге (эмоцияға) беріліп, олардың соңынан еретіні белгілі.

Екіншісі – мемлекетшіл оппозиция. Бұл – барлық дамыған демократиялық елдерге тән, қоғамның саяси өміріне араласып, мемлекеттің басқару жүйесіне ықпал ете алатын күш. Олар мемлекеттің нығаюына ықпал ететін әрекеттерді сауатты пайдаланып, халықтың әлеуметтік, азаматтық, рухани мәселелерін шешуге қосқан үлесінің нәтижесінде көпшіліктің қолдауын тауып, билік институттарына сайланып, парламенттік оппозиция деңгейіне көтеріледі. Олардың ұстанымы, билік жүйесінің конституция мен басқадай негізгі заң шеңберінде демократиялық ұстанымды, азаматтық теңдікті, экономика мен әлеуметтік мәселелер және мемлекет басқарудағы басқа да сұрақтарда туындайтын кемшілікті сараптап, көпшіліктің талабын билікке жеткізіп, оны түзетудің нақтылы жобаларын ұсынып отырады. Жұртқа пайдалы, мемлекеттің тәуелсіздігін нығайтатын биліктің қадамдарын қолдап, ортақ мәселелерді шешу үшін мәмілеге келуден қашпайды. Сол істерінің нәтижесін бағалап, қолдайтын электорат жинайды. Сайлау кездерінде өздерінің нақтылы бағдарламасын ұсынып, көпшілік қолдауын тауып билікке келеді. Оппозиция халық арасында (өзін қолдайтын аймақтарда) сайлау кезінде ғана емес, үнемі тұрақты ағарту жұмысын жүргізіп, өз электоратының өсуіне мұқият көңіл бөледі.

30 жылдағы зор қателігіміз неде?

Отыз жыл бойы елімізде өздерін оппозициямыз деген топтардың істеп келген істерін зерделесек, нені көреміз? Олар халықтың шын жанашыры бола алмағандықтан, жұрт сеніміне ие болатын деңгейге көтеріле алмағаны ақиқат. Өйткені азаттыққа саяси күрессіз жеткен, егеменді ел болып, тәуелсіз мемлекет құруда тәжірибесіз билік басына келген топта, оппозиция болуға ұмтылғандарда кеңес қоғамындағы санаға сіңген ұғым шеңберінен шыға алмады. Бірі «билікке қарсы пікір айтатын адам – қоғамның жауы» десе, екіншісі «қоғамдағы кемшілікті жою тек, биліктегілерді кетіріп, жаңа саяси жүйе құру қажет» деген ұғымнан арыла алмады. Өкініштісі, билік пен қарсыластары әлемдегі қоғамдаму тарихындағы даму үрдісіндегі қайшылықтардың эволюциялық жолмен шешілетін үдерісінің ішіне үңіліп, одан өздеріне қажетті сабақ алып, оны ғылыми сараптама негізінде өз халқының менталитетіне сәйкестендіре пайдалануға ұмтылмады. Яғни қателік Еуропа елдерінің демократиялық қоғамдағы жетістіктерін ешбір ғылыми сараптамадан өткізбей, соларды еліктеумен пайдалануға ұмтылғандарында болып отыр. Биліктің де, қарсыластарының да ең үлкен кемшілігі өз жұртының тарихи қалыптасқан мінез-құлқымен (менталитеті) санаспауында екені аян. Тағы бір кемшілік биліктің алғашқы қадамынан қандай мемлекет құратынын және ол кімнің мүддесін қорғайтынын айқындай алмай, дамыған елдердің басқару жүйесін, оған дайын емес қоғамға еліктеп, ойсыз көшірумен айналысқанында болып отыр. Бұл қадам қоғамда оңай шешілмейтін қайшылықтардың көптеп тууына әкеліп жатқанын ұғу қажет және оны бірігіп түзету жолын көрсете алатын саяси оппозиция болуы керек. Ол үшін билік те, оппозиция да популизмнен, кеңестік дәуір идеологиясынан арылып, ғылыми негізде халықтың пікірімен санаса отырып жұмыс істеуді үйренуі қажет.

Халқымыздың «Тіршілік өмірде – бірінші құдай, одан кейін халық биік» деген дана сөзін ұмытпайық. Қоғам өмірінде ешқандай билік халықтан жоғары бола алмайды. Ол Ата Заңымызда бекітілген. Сондықтан билікке деген талап қатты болуы қажет. Әрқашанда осы талапты орындауда, халқымыз ұрпағының келешегі үшін ақылменен ұйысып, бабалардан қалған даналығы, қайсар жігері мен береке-бірлігі өсіп, өз тағдырына өзі ие болатыны аян. Ел-жұртымның есінде жүрсін деген бір тілегім. Біз өзімізді де, жіберіп келген қатемізді де түзейік. Бүгінгі күннен бастап билікке қоятын қатаң талапты оппозицияға да қоюымыз керек. Өз халқының алдында тазалық пен жауапкершілікті екі жақ та бірдей сезінуі қажет. Өйткені отыз жыл ішінде «оппозициямыз» деп ұрандағандардың ішінде жұртты тонағандар да, өз халқының не ділін, не тілін қадірлемей, жерін тауарға айналдырып сатуға күш салғандар да бар. Солардан тазару қажет. Билік те, оппозиция да тек халқының мүддесі үшін жүрегі ауыратын, ары таза күрескерлер болуы еліміздің келешегі үшін ауадай қажет. 

 

Болат ДҮЙСЕМБІ
07.10.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 145
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 143
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 657
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 777
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 690
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 700

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8839
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8237
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11464
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9221
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10448