«Qazaqstаn dauiri» қоғамдық-саяси газетінің «АMANAT» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы, Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, «Ауыл» партиясы, «Ардагерлер кеңесі» РҚБ, «ЕлАна» әлеуметтік-танымдық сайты, «Мөлдір бұлақ» журналымен бірлескен «Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» атты дәстүрлі экспедициясы Қостанай облысында
«Qazaqstаn dauiri» қоғамдық-саяси газетінің дәстүрлі экспедициясы Қостанай облысына табан тіреді. Өңір басшылары экспедиция мүшелерін жақсы қарсы алды. Емен-жарқын әңгімелер мен арнайы ұйымдастырылған кездесулер, КIА зауытындағы жұмысшылармен жолығу, Қостанай телеарнасындағы арнайы ұйымдастырылған теле-бағдарламалар сөзімізге дәлел.
Қазақ атамыз «Құтты қонақ келсе қой егіз табар» деп бекер айтпаса керек. Экспедиция табаны Тобыл өңіріне тигенде Қостанайда КIА зауыты ашылды.
Нақтырақ айтсақ, Қостанайда жаңа зауытта Kia автокөліктерін шығару өндірісі іске қосылды. Сарапшылардың пікірінше, корей автоконцерні мен отандық серіктестер бірлесіп жүзеге асырып жатқан ауқымды жоба Қазақстанның автомобиль нарығындағы позициясын нығайта түседі. Қостанайдағы Kia зауытының іске қосылуы – отандық машина жасау саласының тарихындағы ең ірі жобалардың бірі. Инвестиция көлемі 131,5 млрд теңгені құрады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев іс-шараға қатысушыларды зауыттың ашылуымен құттықтап, бұл еліміздегі машина жасау саласын дамыту бағытындағы өте маңызды қадам екеніне назар аударды. Мемлекет басшысы осыдан екі жыл бұрын Қостанайға сапары кезінде KIA Sportage автокөлігінің өндірісі іске қосылғанын еске салды. Бүгін Kia Motors корпорациясымен жасалған келісімге сәйкес зауыт ашылды. Қасым-Жомарт Тоқаев KIA Corporation президенті Хо-сунг Сонгқа және компанияға шынайы ризашылығын білдіріп, ауқымды жұмыс атқарылғанын, нәтижесінде өзара тиімді және жемісті байланыс нығая түскенін атап өтті. «Жалпы, бүгінгі айтулы оқиға Қазақстан мен Корея арасындағы стратегиялық серіктестік пен табысты қарым-қатынастың жарқын көрінісі екені анық. Корея Республикасы – Қазақстанның Азиядағы сенімді әріптесі. Біз ынтымақтастығымызды күшейте түсуге мүдделіміз. Қазір Қазақстанда Кореяның 800-ден астам компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде автокөлік жасау саласын өзара тиімді ықпалдастық көзі деп айтуға толық негіз бар. Бүгін ашылып жатқан бірегей зауыт – соның айқын дәлелі. КІА корпорациясы автомобиль шығаратын әлемдегі 10 ірі компанияның қатарына кіреді. Сондай-ақ КІА – Қазақстан азаматтары ең көп сатып алатын үш көлік маркасының бірі. KIA брендінің атауы «көтеріліп келе жатқан» және «Азия» деген екі иероглифтен құралуының символдық мәні бар. Шын мәнінде, компания Азияның жаңа экономикалық өрлеуі мен гүлденуінің жарқын көрінісіне айналды. KIA – келешектің корпорациясы. Кәсіпорын шығаратын автокөліктерде озық технология, тартымды дизайн және жоғары деңгейдегі сенімділік үйлесім тапқан», – деді Президент.
Президент жақында Үкіметке экономикалық ахуалды тұрақтандыру үшін нақты шаралар әзірлеу туралы тапсырма беріліп, осыған байланысты бірқатар маңызды шешім қабылданғанын айтты. «Соған сәйкес енді азаматтарға автокөлікті лизингпен алу мүмкіндігі ұсынылады. Соның арқасында автокөліктер халыққа мейлінше қолжетімді бола түспек. Елімізде KIA Qazaqstan зауытының іске қосылуы осы саланы технологиялық тұрғыдан жаңғыртуға зор серпін берері сөзсіз. Кәсіпорын болашақта басқа да жаңа көлік түрлерін шығарады деп сенемін. Осылайша, әлемдік озық талаптарға сай көліктерімізді сыртқы нарыққа, яғни шетелге шығаруға мүмкіндік болмақ. Қазақстан жаһандық автокөлік өнеркәсібінің дамуына бар күш-жігерін салуға дайын», – деді Президент. KIA Qazaqstan зауытын салу туралы шешім 2023 жылы қабылданды. Кәсіпорын Қостанай қаласының индустриялық аймағындағы 62,95 гектар аумақта орналасқан. Зауыт жылына 70 мың көлік өндіре алады. Инвестиция көлемі – 131,5 млрд теңге. Кәсіпорында 1500 жұмыс орны ашылған. Ал оның өнімі Қазақстанға, Орталық Азия және ЕАЭО елдерінің нарықтарына шығарылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев KIA Corporation президенті Хо-сунг Сонгты ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
«Біз Сіздің қазақ-корей ынтымақтастығының дамуына, қос халықтың арасындағы достықтың нығаюына қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймыз. Шын мәнінде, еліміздің автокөлік саласын дамытуға сіңірген еңбегіңіз мол», – деді Президент. Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстанның жаңа автомобильдер нарығы тұрақты өсімді сақтап отыр және одан әрі дамуға жоғары әлеуетке ие. 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша елде шамамен 105 мың жаңа автомобиль сатылған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 26,2 пайызға көп.
Қостанай облысы әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі бағыттары бойынша жақсы көрсеткіштер көрсетуде. Халық саны көбейіп келеді, өнеркәсіп пен ауылшаруашылығының дамуы жалғасуда, шағын және орта бизнес жандануда. Өңірге инвестициялар өсуде, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік саладағы жағдайларды жақсарту жөнінде шаралар қабылданып жатыр.
Қостанай облысы – Қазақстанның негізгі өнеркәсіпті өңірлерінің бірі. Аймақ экономикасының негізін өңдеу өнеркәсібі құрайды, оған облыстағы барлық өндірілетін өнеркәсіп өнімінің 66%-дан астамы тиесілі. Бұл үлестің жартысынан көбін машина жасау алады (54%). Сонымен қатар тамақ өнеркәсібі (22%) мен металлургия (18%) маңызды.
Бүкіл өнеркәсіп саласының үштен бірін (29,2%) құрайтын тау-кен өнеркәсібі де аймақ экономикасына айтарлықтай әсер етуде. 2025 жылдың бірінші тоқсанында өндірістің жалпы көлемі 727,9 млрд теңгеге жетіпті. Бұл ретте тау-кен өндіру саласындағы өндіріс көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,6%-ға өскені байқалады. Пайдалы қазбаларды өндіру және өңдеу саласындағы өсім ерекше назарда: құрамында алтыны бар кенді өндіру 13,9%-ға, темір кені концентратын өндіру 17,7%-ға, түйіршіктерді өндіру 5,7%-ға, мыс концентратын өндіру 25%-ға және асбест өндіру 23,3%-ға артқан.
Темір кені шикізаты Соколов, Сарыбай, Қоржынкөл және Қашар кен орындарында шоғырланған. Сонымен қатар облыс аумағында әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі саналатын Жітіқара хризотил-асбест кен орны орналасқан.
2025 жылдың 1 тоқсанында ауылшаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 34,6 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,4%-ға артық. Осы уақыт ішінде 17,6 мың тонна ет, 42,5 мың тонна сиыр сүті және 86,8 млн тауық жұмыртқасы өндіріліпті. Айта берсе, өңірдің биылғы жетістігі ұшан-теңіз.
Облыс аппаратындағы келелі жиын
«Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» экспедициясының «Еңбек адамы» тақырыбында өткен кеңеске облыс басқармаларының басшылары, қалалар мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат бөлімдерінің басшылары қатысты.
Қостанай облысы әкімінің орынбасары Нарымбетов Бақытжан Хаберұлы:
«Бүгін біздің облысқа жұмыс сапармен «Qazaqstаn dauiri» қоғамдық-саяси газетінің Бас директоры, танымал журналист, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ел анасы Сәуле Мешітбайқызы келіп отыр. «Ауыл тағдыры – ұлт болашағы» экспедициясы бүкіл ел үшін үлкен маңызға ие. Бұл экспедиция ауылдың дауысын естуге, оның қажеттіліктерін түсінуге және ауылдық аумақтарды дамыту мемлекеттің стратегиялық басымдығы екенін көрсетуге бағытталған. Ауылдық жерлердің тағдыры Қазақстанның орнықты дамуымен, дәстүрлердің сақталуымен, азық-түлік қауіпсіздігімен және азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатымен тікелей байланысты.
Бұл тақырып Қостанай облысы үшін айрықша маңызды. Өңір өзінің қуатты аграрлық әлеуетімен, мол табиғи ресурстарымен және еңбекқор халқымен ерекшеленеді.
Ауылдық аумақтарды дамыту тек ауылшаруашылығы өндірушілерін қолдаумен шектелмейді, сонымен қатар инфрақұрылымды жақсарту, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларына қолжетімділікті арттыруды да қамтиды. Ауыл ұлттық бірегейліктің тірегі әрі халықтың рухани құндылықтарының сақтаушысы болып табылады.
Сіздің өңірлерге ерекше назар аударып, ауылдың шынайы үнін естіп, оны бүкіл елге жеткізуге ұмтылғаныңыз және сіздің тәжірибеңіз бен қоғамдық ұстанымыңыз ауылдық аумақтарды дамыту және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі өзекті міндеттерді шешуде қосымша серпін беретініне сенімдіміз.
Ауылды қолдау арқылы ұлт болашағын қалыптастыруға белсенді үлес қосқаныңыз үшін және сапарыңыз үшін алғыс білдіреміз», – деді ол.

«Qazaqstаn dauiri» қоғамдық-саяси газетінің Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы облыстың әлеуметтік-экономикалық жетістіктерімен таныс екенін, түйткілді мәселелер кездессе, оны бірлесе шешудің жолдарын қарастыруға, келеңсіздік болса, БАҚ арқылы билікке жеткізуге тырысатынын әңгімеледі. Президент Жолдауының жергілікті жерлерде қалай орындалып жатқанын баспасөз арқылы оқырманға насихаттау, экспедицияның басты мақсаты екенін жеткізді. «Qazaqstаn dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» балалар журналы туралы, олардың ұлт болашағы үшін жасап жатқан игі қадамдары туралы да сөз орайында айтып отырды.
Сәуле Мешітбайқызы сапар аясында елдегі тұралаған салалардың жандануына атсалысып, биліктің назарын аудару басты нысанаға алынып отырғандығын қадап айтты. Сонымен қатар, бұл бастама негізінде жастардың тәрбиесі, отбасы құндылығы, білім алудың маңыздылығы туралы мәселелерге де ерекше көңіл бөлініп отырғанына ерекше назар аударды.
Ел анасы Сәуле Мешітбайқызы бүгінгі қоғамдағы жиі кездесіп жүрген отбасылық және әлеуметтік жағдайдағы күрделі мәселелерге арнайы тоқталып, ұлттық құндылықтар мен отбасы мәселесі, қоғамдағы қыз бала тәрбиесінің маңызы туралы да келелі ойлар айтты.
– Бүгінде елде ерте жүктілік жағынан көш бастап тұрған өңірлердің саны артып тұр. Сондай-ақ, суицид бойынша да алдыңғы қатардағы орында тұрған аймақтардың көптігі бәрімізді алаңдатады. Кешегі «ұят болады, жаман болады, обал болады және сауап болады» деген сөздермен тәрбиеленген ересек буынның бүгінгі ұрпағы осы қасиеттерден ажырап кетті. Бұрын күйеуден қайтып келу өліммен тең болатын. Еліміз ажырасудан әлем бойынша алдыңғы бестікте тұрғандығы қынжылтады. Ал, әке-шешесін «қарттар үйіне» тапсырып жатқан безбүйрек балалардың ісіне тіптен қарның ашады. Мінекей, бұл біздің намысымызға тиеді. Бұл кеудесінде иненің жасуындай иманы бар адамды ойлантуы керек. «Отан отбасынан басталады» деген ғой. Біздің ертеңгі болашағымыз мықты болу үшін біз мықты болуымыз керек. Баяғыда «атаң келе жатыр, әкең келе жатыр» деген сөздер берекенің бастауы еді. Қазіргі таңда осы құндылықтар жоғалып бара жатыр. Әлеуметтік желілерді жақсылыққа ғана пайдалануымыз қажет. «Бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды» дейді. Тәуелсіздігімізді сақтап қалу әрқайсысымыздың қолымызда, – деді Сәуле Мешітбайқызы.
Сонымен қатар қазақ баспасөзіне жазылудың маңыздылығын атап өтіп, жұртшылықты ұлттық басылымдарды қолдауға, қазақ газеттеріне жазылуға шақырды.
Жиын соңында «AMANAT» партиясы облыстық филиалының өкілдері меймандарға экскурсия ұйымдастырып, тұлғалардың жүріп өткен жолымен таныстырды. Экспедиция аясында Сәуле Мешітбайқызы қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсарин кесенесіне арнайы барып, тағзым етті.
Кесенеде болып, ұлт ұстазының рухына тәу еткен еланасы ұлттың іргесі берік болуы үшін рухани сабақтастықтың, білім мен еңбекке адалдықтың маңыздылығын атап өтті.
Басқосу соңында келген қонаққа Міржақып Дулатұлының мерейтойынан естелік сыйлық табыс етілді.
Мұнан кейін жиынға қатысушылар Алаш қайраткерінің ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоғын қойды.
Сәуле Мешітбайқызы «Қостанай таңы» газеті тарапынан да сый-тартусыз қалған жоқ. Басылымымыздың бас редакторы Кенжеш Оразғалиқызы ұлт мұраты жолындағы мүдделес әріптесіне Тобыл жеріне келіп, елдің жағдайын көзімен көріп, түйткілді мәселелерді көтеруге атсалысқаны үшін айрықша алғысын білдірді. Құрметті мейманға қазақ поэзиясының падишасы Фариза ақын туралы әдемі кітапты тарту етті.
«Шетелді қайтем, шетелдіктер өздері келіп жатқан жоқ па?»
Әлемге аты мәшһүр KIA Қостанайда зауыт ашқанын естіген шығарсыз. Бұл қатардағы зауыт емес. Себебі корейлердің Қазақстанды таңдауында үлкен мән бар. Олар көрінген елге зауыт салмайды.
Инвестиция ақталатынын, экспорты көбейетінін біліп отыр. Оған қоса, бұл елге сенуге болатынын көрді. Бұл – Президент жүргізіп отырған инвестициялық саясаттың нәтижесі.
Алайда KIA шығаратын көліктер халыққа пайдалы ма? Бағасы халықтың қалтасына салмақ салмай ма? Не нәрсенің де екі жағы болады. Егер халықтың қалтасы көтермесе, нарықты жаулап алған Қытай көліктерінің «бағы» жана бермек!

КIA зауытының құрастыру цехының ауысым басшысы Қонақов Әли Айдарханұлына (А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің түлегі) бірнеше сұрақ қойдық.
– Көлік құрастыру цехының басшысы екенсің. Қазақ жастарының бұл мамандыққа келе бастағаны бізді, әрине, қуантады. Осы мамандыққа келу жолың жайлы айтып берсең?
– Менің бірінші алған мамандығым – энергетик саласы. Екінші мамандығым – бүгінгі салам – көлік жинастыру.
– Мамандығың өзіңе ұнай ма?
– Әрине, ұнайды. Шетелден келген мамандардан тәжірибе алып, білмегенімді үйреніп жатырмын. Осы жұмысқа кәрістер мені өздері шақырды. Құрал-жабдықтарды әкелу барысында, сұрыптау аясында Оңтүстік Кореяға екі рет жолым түсті.
– Биылғы жылды Президентіміз «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп атады. Өзің қатарлас жастарға, жұмыс жоқ деп жүрген замандастарыңа не айтасың?
– Ең алдымен жұмыс жоқ деп жүргендерге айтарым – жұмыс жетеді. Екі қолға бір күрек демей ме қазақ. Сол айтпақшы, қай салада болса да жұмыс көп. Тек соны терең игеруге, үйренуге, қиындыққа шыдауға көп жастар әлсіз. Бірден байып кетсем, бірден бастық болып кетсем деген ниетпен жүреді көбі. Сосын жұмысқа тұрақсыз. Қиындыққа шыдамсыз.

– Алға қойған мақсатың туралы білсек?
– Мақсат көп. Ең бірінші өз саламның айтулы маманы болсам деймін. Білгендерімді қазақ жастарына үйретсем деймін. Егер басшы болып жатсам, байып жатсам, өзім де көптеп көлік шығаруға бейімделіп, халыққа ыңғайлы бағада сатсам деймін. Жұмыс орындарын көптеп ашу да алға қойған мақсатымның бірі.
– Шетелге жұмыс іздеп кетіп жатқан жастар қарасы аз емес. Оған сенің көзқарасың қандай?
– Шетелге кету жақсы үрдіс емес. Өзге жерде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан болғаның жақсы. Келешек жастардікі. Олай болса, қазақ жастары кез келген жұмыстан қашпауы тиіс. Шетел жастарға не береді? Түсінбеймін. Қараңыздаршы, шетел өздері бізге келіп жатқан жоқ па? Осы мүмкіндікті пайдаланып, олардан үйреніп, жаңа технологияларды меңгеріп алсақ, біз ұтпаймыз ба?
Ой-пікіріңе рақмет!
Жаңарған, жасарған Арқалық
«Qazaqstаn dauiri» қоғамдық-саяси газеті дәстүрлі экспедициямен Қостанай облысына сапарға шығардың алдында Арқалық қаласы, Амангелді, Жангелдин аудандарына барып қайтқан болатын. Сапар аясында аталған аудандардағы елді мекендерге ат шалдырып, халықтың тұрмыс-тіршілігімен де танысып қайтты.
Арқалық қаласы әкімі Әмірхан Біркенұлы Асанов мырзамен кездесіп, Арқалық қаласының хал-ахуалымен танысып, әкімнің қолдауымен қала мектептерінде кездесулер ұйымдастырылды. Игі істерге бастамашы болып, еңсесі көтеріліп келе жатқан Арқалық қаласында атқарылып жатқан істер жетерлік.
Үкімет 2023 жылдың аяғында Қостанай облысының Арқалық қаласы, Амангелді және Жангелді аудандарын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023-2027 жылдар кезеңіне арналған кешенді жоспарын бекіткені белгілі.
Арқалық – Қостанай облысының оңтүстігінде орналасқан қала. Арқалық қаласы 1956 жылы боксит кен орындары тобының айналасында құрылған. 2022 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша қала халқының саны 38,4 мың адамды құрайды.

Халықты қуанышқа бөлеген жақсы жаңалық – Арқалық қаласының әуежайы. Шалғайдағы ағайын жол азабын тартып жүр еді, әуежайдың қолға алыну елге қуаныш сыйлауда.
Қостанай облысында оны қалпына келтіру бойынша ауқымды бағдарлама басталған. Оған өзіміз де куә болдық. Бұл қадамдар көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған кең бастаманың бір бөлігі болып табылады және өңір үшін елеулі өзгерістер әкелмек.
«Авиациялық және көлік логистикасын дамыту – елдің аумақтық тұтастығы мен барлық өңірлерге тең мүмкіндік берудің кепілі», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы Ұлттық құрылтайда. Мемлекет басшысының осы сөздері Қостанай облысында нақты іске асуда – Президенттің тапсырмасы бойынша Арқалық әуежайын қайта құру жобасы жүзеге асырылуда.
Жақын арада бұл әуежай қайтадан әуе рейстерін қабылдайтын болады. Қалпына келтіру жобасы тек аймақтық деңгейде емес, стратегиялық тұрғыдан да маңызды. Ол көлік қолжетімділігін арттырумен қатар, инфрақұрылымды дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың бір бөлігі болып табылады.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов жуырда өңірге жасаған жұмыс сапары барысында аталған жобалардың стратегиялық маңызын атап өтіп, көлік инфрақұрылымын дамыту мен халықтың мобильділігін арттырудың өзектілігіне назар аударды.
«Қазақстан көлік саласында үлкен әлеуетке ие және өңірдегі басты транзиттік хабқа айналуы тиіс. Біз осы бағыттағы инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытып келеміз, бұл – стратегиялық міндет. Бізде барлық қажетті ресурстар мен мүмкіндіктер бар. Ең бастысы – жобаларды сападан айырылмай, қысқа мерзімде жүзеге асыру. Бұл өңірлердің дамуына зор серпін беріп, экономиканы әртараптандырудың маңызды құралына айналады», – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр әуежайды қалпына келтіру жұмыстарын биыл аяқтауды тапсырды.
«Әуежай Арқалыққа облыстың оңтүстік өңірлері мен елдің негізгі қалалары арасындағы байланыстырушы орталық мәртебесін қайтарады. Бұл жай ғана логистика мәселесі емес, бұл – бизнес, туризм, қауіпсіздік және орнықты даму үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», – деді Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Жергілікті әуежайды қалпына келтіру қажеттілігі туралы пікірді қала тұрғындары, әсіресе жастар, бұрыннан айтып жүрген болатын.
«Арқалық тұрғындары, әсіресе жастар, бүгінгі таңда қаламызға көрсетіліп жатқан назарды үлкен қуанышпен қабылдады. Біз Мемлекет басшысына өңірлерді дамытуға бағытталған қолдауы мен бастамалары үшін шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Президент құрылтайда атап өткен жобалар Арқалық үшін жаңа перспективалар ашып, экономикалық өсім мен жаңа жұмыс орындарының пайда болуына жол ашады. Бұл болашаққа сенім ұялатып, жастарды қаланың және елдің дамуына белсенді қатысуға ынталандырады», – деді «Өркендей бер, туған өлкем» патриоттық акциясының қатысушысы Данияр Қожахметов.
Амангелді ауданында игі істер көп
Амангелді ауданы әкімі Кеделбаев Қанат Уашұлы да жылы шыраймен қарсы алып, аудандағы мектептерге кездесу өткізуге ұйытқы болды. Ол үшін әкімге айтар алғысымыз шексіз...
Аманкелді ауданында аудандық әкелер форумы өтті. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен іс-шарада түрлі салада жүрген әкелер бір диалог алаңында бас қосты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайда озық, дамыған мемлекет құру өскелең ұрпаққа тікелей байланысты екендігіне тоқталып, балалар арасында жалпы адамзаттық және отбасылық тәрбиені дәріптеудің маңыздылығын ерекше атап өткен болатын.
Президент тапсырмасына сәйкес ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары жобасы аясында өткен шара аясында форум қатысушылары «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының жүзеге асырылуы, бала тәрбиесі бойынша өзекті мәселелерді талқылады.
Аудан әкімі Қанат Кеделбаев бастаған ел ағалары бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі, өскелең ұрпақты әскери-патриоттық рухта тәрбиелеудің маңызы, жас ұрпақты ұлттық өнерге баулу, сондай-ақ білім беру ұйымдарында әкелер клубының жұмысын жандандыру бағытында құнды пікірлер мен ұсыныстарын ортаға салды.

Сонымен қатар, форумға жиналған әкелер үшін арнайы экскурсия ұйымдастырылып, Жасбуын, Н.Мейірманов, Аманкелді, Ә.Боранбаев атындағы жалпы білім беретін мектептері мен «Шұғыла» шығармашылық орталығының дайындаған ұлттық қолөнер көрмесі ұсынылды.
Экскурсия барысында жаңадан қолданысқа берілген спорт кешені, заманауи үлгіде жабдықталған Амангелді жалпы білім беретін мектебі және аудандық мұражайдағы аудан тарихы таныстырылды.
Бұл іс-шаралар қатысушыларға ауданның білім беру және мәдени даму деңгейі туралы терең түсінік бере отырып, өңірдің жетістіктерімен танысуға мүмкіндік туғызды.
Форум қорытындысы бойынша бірқатар маңызды ұсынымдар қабылданды.
«Даналық мектебі» жобасы аясында әкелер клубының жұмысына белсене атсалысып жүрген бірқатар әкелер қауымына білім бөлімінің Алғыс хаттары мен естелік сыйлықтары табыс етіліп, іс-шара мерекелік концертпен жалғасты.
Амангелді және Жангелді аудандары Қостанай облысының оңтүстігінде және оңтүстік-батысында орналасқан. 1928 жылы құрылған, негізгі мамандануы ауылшаруашылығы болып табылады. Амангелді ауданының халық саны 13,5 мың адамды, Жангелді ауданының халық саны 10,8 мың адамды құрайды.
Амангелді ауданының 10 ауылы және Жангелді ауданының 21 ауылы бойынша жер учаскелеріне төлемақының базалық мөлшерлемелеріне түзету коэффициенттерін белгілей отырып, елді мекендердегі бағалау аймақтары шекараларының сызбаларын әзірлеу көзделген.
Негізгі қаржылық қолдау өнеркәсіпті, ауылшаруашылығын және кәсіпкерлік қызметті дамытуды қоса алғанда, экономиканың нақты секторын нығайтуға бағытталады.
Амангелді ауданында – құрамында алтын бар полиметалл кендерін қайта өңдеу фабрикасын салу (350 жұмыс орнын құрумен), Жангелді ауданында – Шилі ауылдық округінде тау-кен байыту комбинатын салу (350 жұмыс орнын құрумен) ауылшаруашылығы секторын дамытуға көп көңіл бөлінеді. Осы бағыт шеңберінде Арқалық қаласындағы құс фабрикасында жұмыртқа өндірісін жыл сайын 250 млн жұмыртқа деңгейіне дейін жаңғырту және кеңейту жөніндегі қадамдар жоспарлануда.
Бұдан басқа, 19400 бас ІҚМ мен ұсақ малға арналған бордақылау алаңдарын құру, сондай-ақ мал шаруашылығы кешендерін салу бойынша жұмыстарды жүзеге асыру жоспарлануда.
Халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, экономикалық белсенділікті ынталандыру, жаңа өндірістер мен жұмыс орындарын құруға жәрдемдесу де жүзеге асуда.
Тұрғындарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшін Арқалық қаласында (жыл сайын кемінде 20 адам), Амангелді ауданында (жыл сайын кемінде 10 адам) және Жангелді ауданында (жыл сайын кемінде 25 адам) жастар практикасын ұйымдастыру жоспарлануда. Бұдан басқа, жалпы ұзындығы 146 км (Амангелді және Жангелді аудандарында) қосалқы станциялар мен беріліс желілерін жаңарту жоспарлануда.
Дамудың негізгі аспектілерінің бірі халық арасында цифрлық технологияларды енгізу болып табылады. Бұл 18 ауылда кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету үшін инфрақұрылым мен АМС құрылысы болып табылады.
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК















