Қолдарыңыздағы осы әдеби-публицистикалық жинақ – ұмыт болған, ұлт жадының тереңінде жатқан деректер мен қолжазбалардың қайта жаңғыруының көрінісі. Мұнда архив бумаларындағы сарғайған парақтардан, қолжазба қорларындағы белгісіз есімдерден, көненің ізі қалған жолдардан алынған деректер негізінде жазылған шығармалар топтастырылған. Бұл еңбектің мақсаты – өткен мен бүгіннің арасын жалғап, ұлт тарихының үзіліп қалған үміт жібін қайта сабақтау.
Жасанды интеллект қарыштап дамыған, технология күн сайын жаңарып, адамзат өмірінің барлық саласына дендеп енген бүгінгі заманда кітап пен кітапхананың мәні кеміген жоқ, қайта бұрынғыдан да айқын, бұрынғыдан да қажет бола түсті. Себебі кез келген жаңашылдықтың, кез келген ғылыми серпілістің түп-тамырында адамзаттың ғасырлар бойы жинақтаған білімі, зердесі, рухани тәжірибесі жатыр. Ал сол рухани қазынаның ең сенімді, ең тұрақты сақтаушысы – кітап пен кітапхана.
Осы ойдың өзегінен туындап, мен бұл әдеби-публицистикалық жинақты «Өркениеттер өткелі» деп атауды жөн көрдім. Өйткені адамзат тарихына көз салсақ, өркениеттер бірінің орнын бірі басып, уақыт көшінде үздіксіз алмасып отырғанымен, олардың арасын жалғап тұрған ортақ арна – кітап екеніне көз жеткіземіз. Кітап – өткен мен бүгіннің, бүгін мен болашақтың арасын жалғайтын рухани көпір, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан зияткерлік эстафета.
Кітапхана болса – сол рухани әлемнің тұғыры. Ол – үнсіз сөйлейтін, бірақ мың сан тағдырдың, мың сан ойдың тілін білетін кеңістік. Кітапханаға енген әр адам тек ақпарат іздеп қана қоймайды, өзімен-өзі сырласады, өткенмен тілдеседі, болашаққа ой жүгіртеді. Сондықтан кітапхана – өркениеттердің өткелі ғана емес, рухани жаңғырудың ордасы, мәдени сабақтастықтың алтын өзегі.
«Өркениеттер өткелі» – тек өткенді дәріптеу емес, болашаққа бағдар. Бұл жинақта кітаптың адамзат тарихындағы орны, кітапхананың мәдени және рухани миссиясы, білім мен өркениет арасындағы ажырамас байланыс әдеби-публицистикалық ой өрнегі арқылы сараланады.
Бұған дейін жарық көрген «Көктем нәрлі болмаса...» атты әдеби-публицистикалық жинағымда мен қазақ руханиятының қайнарынан нәр алған көне кітаптар мен сирек қолжазбалар туралы, сондай-ақ ел жадында өшпестей орын алған тұлғалар тағдыры жайында ой толғаған едім. Сол кітапта менің мақсатым – тарихты құр дерек күйінде емес, жүректен өткізе жеткізу, яғни оқырманды өткеннің рухымен тілдестіріп, қарапайым, жылы тілмен бабалар сөзін бүгінмен сабақтастыру болатын.
Ал қазір қолдарыңызға тиіп отырған жаңа жинақ – сол рухани ізденістің заңды жалғасы іспетті. «Өркениеттер өткелі» деп аталатын бұл кітап – алдыңғы еңбектің мазмұндық өзегін сақтай отырып, тақырыптық өрісін кеңейткен туынды. Мұнда да менің назарым – ұлт тарихының ұмыт қалған беттерінде, ескі мұралар мен сирек кездесетін жазбалардың арасында, сондай-ақ тағдырлы тұлғалардың өмір жолында. Бұл екі жинаққа да арқау болған өзім қызмет ететін еліміздегі Бас кітапхананың 7 миллионнан асатын алтын қоры екенін айтқым келеді.
Бұл жинақта да архив қойнауында сақталған қолжазбалар мен сирек басылымдар негізінде жазылған эсселер, әдеби толғамдар мен публицистикалық ойлар топтастырылды. Олардың әрқайсысы – қазақ руханиятының терең қатпарларына жол салар бір соқпақ. Әр жол, әр сөйлем – ізденістің ізі, ойдың бедері.
«Көктем нәрлі болмаса...» еңбегімде мен өткеннің ұмытылған үніне құлақ түріп, рухани жаңғырудың бастауларын іздесем, бұл «Өркениеттер өткелі» жинағында сол ізденістің нақты жемістерін, яғни архивтер мен қолжазба қорларынан табылған тың деректер мен көне мәтіндердің көркем баяндалуын ұсынуды жөн көрдім.
«Өркениеттер өткелі» – тек кітаптың атауы емес, сонымен бірге рухани сапардың белгісі. Мұнда адам мен уақыт, тарих пен тағдыр, өткен мен бүгін арасындағы байланыс көркем оймен өріледі. Оқырманды ойлануға, өз болмысын тануға, айналасындағы құбылыстардан мағына іздеуге шақырады.
Кітаптың алғашқы бөлімінде тылсым әлемнің тағылымынан бастап, Шәкәрімнің терең дүниетанымына дейінгі ойлар сабақталады. Ұлт тарихындағы қайраткер әулеттердің тағдыры, рухани тамырдың үзілмес арқауы – бәрі осы тараудағы туындылардың өзегіне айналған.
«Өркениеттер өткелі» – адамның өз-өзімен сұхбат құруы, өмірдің мәнін сұрау. Бұл бөлім – рух пен парасаттың үндескен мекені. Екінші бөлімде сондай ұлы есімдердің рухани әлеміне сапар шегеміз.
Жалаладдин Румидің махаббат пен хикметке толы ілімі, Ибн Халдунның өркениет туралы ғибратты трактаттары, әл-Ғазалидің даналық дарағы, Науаи мен Абайдың рухани сабақтастығы – бәрі де адамзат ойының биік белестерін паш етеді. Бұл бөлімде ойшылдардың еңбектері жай ғана баяндалмайды, олардың идеялары қазіргі заманмен сабақтастырыла талданады. Себебі, рухани ұлылардың сөзі – уақыттан тыс, мәңгілік үн.
Сондай-ақ Ахмет Йүгінекидің адамгершілік пен парасат жөніндегі өсиеттері, әл-Фарабидің ғаламдық деңгейдегі ғылым мен мәдениетке қосқан үлесі де осы бөлімнің өзегін құрайды.
«Дәуір біртуарлары» – тарихтағы тұлғалар арқылы бүгінгі рухты түсінуге бағытталған ойлар жинағы. Олар – ұлт санасының шамшырағы, адамзат өркениетінің темірқазығы.
Отырар кітапханасын іздеу мен зерттеу жолындағы қиындықтар, руханият пен ғылымға өмірін арнаған тұлғалардың тағдыры, ұлттың мәдени жадында қалған тұлғалар мен туындылар – осы бөлімнің арқауы.
«Уақыт таразысы» – тек өткенді еске алу емес, қазіргі заманның да бағасын айқындау. Бұл тараудағы әрбір эссе мен публицистикалық жазбада тарих пен таным, өнер мен адам арасындағы үндестік байқалады. Нұрдәулет Ақыштың әңгіме әлеміне шолу, «Миллионер» шығармасы арқылы қоғамның көркем бейнесін талдау, сондай-ақ Ұлттық кітапхананың ел руханиятындағы орнын саралау – бәрі де осы тарауда уақыттың мәнін ашуға бағытталған.
Бұл бөлім – өмір мен өнер, жады мен жаңғыру туралы толғаныс. Себебі уақыт – ұлы ұстаз, ал рух – сол уақыттан өткен мұра.
Ендеше, көп сөзбай қадари-хал қолымыздан келгенше зерттеп, зерделеп, жүректен туған ойларды оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Уақыттың үні мен адам жанының терең қатпарларына үңілуге талпынып, тарихтың да, тағдырдың да тылсым тұстарын түсінуге тырыстық. Бұл жинақтағы дүниелер – жылдар бойы жиналған ой-пікір мен толғаныстың жемісі, ізденіс пен еңбектің нәтижесі.
Ізденісіміздің бүгінгі іздері – осы қолдарыңыздағы еңбектен көрініс тапты. Мұнда бір адамның ғана емес, тұтас ұлт руханиятының үнін, халқымыздың тарихқа, парасатқа және ізгілікке деген ұмтылысын көруге болады. Әр туындыда өмірдің өзінен өрілген сыр, өткеннің өнегесі мен бүгіннің болмыс-бедері тоғысып жатыр.
Бізді алға жетелеген бір ғана нәрсе бар – ол рухани жауапкершілік пен шынайы ықылас. Осы еңбектің әр жолы сол ықыластың ізіндей қабылданса, әр ойы оқырманға ой салса, соның өзі біздің еңбегіміздің ең үлкен жемісі болмақ!
Қанат АЛТЫНБЕК,
жазушы, зерттеуші,
ҚР Ұлттық кітапханасының
Ғалым хатшысы,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі,
Әл-Фараби ат. ҚазҰУ, Философия
кафедрасының магистрі















