Орман шаруашылығын оңалтуда оң нәтиже бар

Орман  шаруашылығын оңалтуда оң нәтиже бар

Елімізде қазан айының үшінші жексенбісінде  орман шаруашылығы қызметкерлерінің күні   тойланады. Табиғи су көздері тапшы түбек  экологиясын оңалтуда сексеуіл  алқабын ұлғайту  ерекше стратегиялық  сипатқа  ие. Себебі   қолданыстағы жайылым сапасының  тозу деңгейінің артуы, өңірдің ішінара қуаңшылыққа ұрынуы, шабындықтардың мардымсыз өнімділігі және басқа факторлар өңірдің табиғатын қалпына келтіретін кез келгені ұғындырады. Өңірде табиғатты қорғау, көгал алқаптарды  кеңейту,  аң-құстар  қорғаумен айналысатын арнайы мекемелер бар.  Орман шаруашылығы қызметкерлері күні қарсаңында сырт көзге оңай  көрінетін орманшылардың  сан салалы қызметі жөнінде Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ғаббас Досатовпен сұхбаттасудың сәті түсті. 

– Ғаббас мырза, өңірдегі орман алқаптарының жай-күйі  жайлы ақпаратпен бөліссеңіз.

– Біздің басты міндет өңірдегі орман қоры жерлерін қорғап, тиімді пайдалану ісін,  орман шаруашылығы қызметін қадағалау деуге саяды.  Өзіңе мәлім, Маңғыстау өңірі шөл және шөлейтті аймақ.  Өңір аумағында мемлекеттік орман қорына тиесілі қос орман алқабы бар. Оның бірі – Сам,  ал өзгесі – Бейнеу орманы.  Өңірдегі орман алқабының жалпы аумағы 253 мың гектарды құрайды. «Бейнеу»  орман шаруашылығы мекемесінің орталығы – Сыңғырлауда, ал «Сам»  орман мекемесінің орталығы Ақжігіт ауылында орналасқан. Ел Президенті 2020 жылы халыққа Жолдауында  орман қоры аумағында 2 млрд түп  ағаш отырғызу жөнінде тапсырма берген еді. Осыған байланысты ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Маңғыстау облысы әкімдігі өңірде ормандарды молықтыру және орман өсірудің 2021-2027 жылдарға арналған   кешенді жоспарын бекітті. Алдағы жылдары Маңғыстау облысының 5850 га мемлекеттік орман қоры жеріне 1950 түп қара сексеуіл егу жоспарланды. Себебі Маңғыстау облысы бойынша жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын Бейнеу және Сам орман қорының  негізін қара сексеуіл өсінділері құрайды. 

Сексеуіл жылда гүлдейді, тұқымы күздің соңында пісіп жерге шашылады да, желтоқсанның аяқ тұсында өне бастайды.  Сондықтан сексеуілдің тұқымын 15 қазаннан бастап жинап, кептіріп, қараша айында егеді.  Қазіргі таңда орман алқабында тұқым жинау жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр. Бұйырса сексеуіл тұқымын 1 апта 10 күнге жуық кептіреді. Бұдан соң  жерге сексеуіл тұқымын себу үшін жер айдау жұмыстары жүргізіледі. Биыл  855 гектар жер жыртылып, дайындалады деп жоспарланды. Жер айдау жұмыстарына мекемеден арнайы  техника бөлінеді. Күз айларында өңделген аумаққа 4300 келі сексеуіл тұқымын себу жоспарланған.   Сексеуілдің өсімі жауын-шашынға тікелей байланысты, неғұрлым мол болса, шығымы жақсы болады. Жоғарыда атап өткенімдей, биылғы жоспар бойынша алқапта сексеуіл тұқымын себу күз мезгілінің еншісінде. Біздің өңір бойынша былтырғы  орман екпелерінің орташа өнімділігі 40-50  пайызды құрады. Маңғыстаудың қатал климатын ескерер болсақ, бұл қанағаттанарлық көрсеткіш болып есептеледі.

Жоғарыда атап өткен кешенді жоспарды орындау мақсатында 3420 гектар аумаққа 17100 келі тұқым егу үшін алдағы 2024-2027 жылдары жергілікті бюджеттен 89,3 млн теңге қаржы бөлу жоспарланған. 

– Осы күнге дейін орман алқабын ұлғайту бағытында қандай іс-шаралар атқарылды?

– Орман аумағында шөлді аймаққа бейім өсімдіктер  мен жануарлардың сирек кездесетін және байырғы түрлері жеткілікті мөлшерде шоғырланған. Десек те өңірде орман қорының басым бөлігін сексеуіл ағаштары құрайды. Статистикаға сәйкес сексеуіл алқабын ұлғайту бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Сексеуіл қазан айында тұқым шашады. Ал  тұқымды дер кезінде жинап, ылғалдан қору – аса қауырт әрі жауапкершілігі  зор жұмыс. Кешіксе, тұқым желмен ұшып кетеді. Жиналған тұқымды тазалап, кептіріп, себуге дайындайды.  Тұқым қыстай қар астында жатады, көктемде сол себілген тұқымның көктеп шығуын бақылаймыз. Көктемде тұқымның  шамамен 55-60%-дайы көктеп шығады. Көктемде, жазда ауа райы ылғалды, жаңбырлы болса, жақсы шығады. Тұқымды желдетілетін, құрғақ,  күн көзінен қашық  жерде кептіру қажет. Ол үшін арнайы қоймалар жасақталды.

Осы тұста айтып өтер басты мәселе – өңірде ормандарды қалпына келтіруге бағытталған бастамалардың нәтижесінде  мемлекеттік орман қоры аумағының ұлғаю үрдісі байқалады. Бұл бағытта мемлекеттік орман қоры аумағында орман орналастыруды жүргізумен және Қазақстанның бүкіл аумағында орман қорын есепке алумен айналысатын Қазақ орман орналастыру кәсіпорнымен бірлесіп жүргізген жұмыстың маңызы зор. Орман қоры аумағында өз қалауымен ағаш егуге ешкімнің құқығы жоқ. Аталған мекеме мамандары өңірге келіп,  бірнеше ай бойы қай жерге орманды отырғызуға болады немесе болмайтынын анықтау үшін ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысады. Жылда топырақты зерттеу жұмыстары нәтижесінде ғана  ағаш, бұта отырғызылады. Бүгін отырғызған бұтаны ертең ағаш ретінде қабылдамаймыз. Ағаштың жерсінуі әр өңірде әрқалай.  Халықаралық стандарт бойынша ағаштың да өсімталдығы бар. Құмды жерге еккен ағаштың өсімталдығы 50 пайызға дейін. Осы мәліметті ескеру қажет. 

– Орман қоры аумағында сексеуілді заңсыз кесу  деректері  қаншалықты жиі тіркеледі?

– Сексеуілдің құм көшкінін кідіртуге септігі зор, сонымен қоса құнары мол жас өскіні төрт түлікке жұғымды азық. Көнекөздер сексеуілді салқар сахара  байлығына балауы тегін емес. Сексеуілдің сиреуіне сеп болған басты қасиеті отқа жаққанда қызуы  жағынан көмірден кем түспеуі.  Жасыратыны жоқ, табиғи газ желісі тартылмаған жырақтағы ауыл жұрты  2000 жылдарға дейін қызуы қуатты сексеуілді отын қып  молынан жаратты. Аяусыз оталған тоғай  орны ойсырап,  құла түзге айналып шыға келгені рас. Аңызақ желдің алдын орап,  көшкін құмға қалқан болған сексеуілдің селдіреуі салдары ауыл халқына ауыр тиді. Алайда шалғай   елді мекендерді газдандыру мәселесі оң шешімін тапқаннан кейін сексеуілді отау деректері де сап тыйылды. 

Сексеуіл – аса баяу бой көтеретін кірпияз өскін. Тек 1,5-2 метрге дейін өседі. Осы кезде ғана пісіп-жетілді деп есептеледі. Сондықтан орман мекемелері қызметкерлері сексеуіл алқаптарына жіті  бақылау жүргізеді. Бұл жұмыстар жоспарға сай жүйелі түрде атқарылады. Мәселен, орман шаруашылығының қызметкерлері аудандық ішкі істер бөліміне қарасты табиғат қорғау инспекторларымен бірлескен рейдтер ұйымдастырып тұрады. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының 2015 жылғы 13 тамыздағы бұйрығымен мемлекеттік орман қоры учаскелерінде сексеуіл екпелерінде ағаш кесуге тыйым салынған. Себебі ел аумағында сексеуілді қорғау әрі оны молықтыру жұмыстары күшейтілді. Осы күнге дейін Маңғыстау облысының мемлекеттік орман қоры жерінде заңсыз сексеуілдерді кесуге жол берілмеді. Дейтұрғанмен де жалпы орман қорынан тыс жерлер де сексеуілдерді кесуге және сатуға тыйым салынғанын және осы заңбұзушылықтарды жасағаны үшін ҚР ӘҚБТ және ҚК бойынша жауапқа тартылатынын әрбір азамат білгені жөн. 

– Құм көшкінін тоқтатуда қандай қиындықтар бар? 

– Сексеуілдің селдіреуі салдарынан сусымалы құм ұлғайып, елді мекендерге экологиялық қатер төнетіні мәлім. Сондықтан қоршаған ортаны құм көшкінінен сақтайтын бірден-бір амал – құмды алқаптарға  ағаш егу  екені анық. Оның ішінде біздің өңірде сексеуіл  тұқымын жоспарлы себу арқылы жасыл белдеу құру жұмыстары жүзеге асып келеді.  

Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының тапсырысымен сексеуіл егу жұмыстары 2004 жылдан бастап қайта жанданды. Көп ұзамай бұл құзірет жеке сектордың еншісіне өткеннен кейін істің берекесі қашты.  Ауылды жылжымалы  құмнан қорғайтын жасыл желектің жайқалып өсуіне халық мүдделі болуы тиіс. Керісінше  қоршауды бұзып, мал жайып,  ағашты отап, отын ретінде қажетіне жаратқандар жиіледі. Кейін  құм тоқтату жұмыстары Бейнеудегі орман шаруашылығы мекемесінің құзырына берілді. Қазір   ауылдар айналасындағы қоршауларды қалпына келтіру  жұмысы жүзеге  асуда. Алайда ауыл мен аудан  арасы тым алшақ, жұмыс жайын бақылауға кедергі келтіреді.  Сондықтан   көшпелі құмға тосқауыл қою жұмысына  жетекшілік  ететін  арнайы мекеме құру жоспарланды. Келер жылдан бастап  құм тоқтау жұмыстарына қайта жан бітеді деген ойдамыз. 

Айтып өткенімдей, орман алқабына мал жаю, ағаштарды бұтау, сындыру отау фактілері анықталса, тиісті жаза кесіледі. Әрине,  инженерлік құбыр желілерін жалғау  жұмыстары кезінде тиісті мекемелер жергілікті әкімдікпен өзара келісімге келеді. Мәселен, бір бұтаны отаса, орнына пәлен ағаш отырғызу міндетін алады. 

– Орман өртінің алдын алу үшін қандай іс-шаралар атқарылады және  мекемелерінің материалдық-техникалық базасының жай-күй қалай? 

–  Былтыр Семей орманының 100 гектарға жуық аумағын алапат өрт  күлге айналдырды. Қостанай өңіріндегі орман өртінің салдарынан  қаншама халық жапа шекті.  Осы жағдайлардан кейін өңірдегі орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Техниканы  жаңарту кезең-кезеңмен жүзеге асырылып жатыр. Биыл   трактор, патрульдік және өрт сөндіру  көліктері, жеке қорғаныс құралдары   сатып алынды. Өрт бақылау бекеттерінде кезекшіліктер ұйымдастыру, орман күзеті қызметкерлерін  мобильді және қол рациялармен қамтамасыз ету назардан тыс қалмады. Облыстағы орман мекемелері өртке қарсы техникалар мен бақылау нысандарын жөндеп, жанар-жағармай қорларын құрды. Өрттің алдын алу және өрт болған жағдайда оны сөндіру жөнінде тиісті мемлекеттік мекемелермен келісе отырып, іс-шаралар жоспарын жасақтап бекіттік. Орман өрттерімен қоса дала өрттерін ауыздықтауға тиіспіз. Себебі дала өрті  орман өртіне ұласуы әбден мүмкін. Әрбір жеке және заңды тұлға мал азығын даярлау және өзге жұмыстар барысында өрт қауіпсіздігін сақтағаны жөн. Шалғай елді мекендердегі өрт сөндіру бекеттері жұмысын үйлестіру ерекше назарға алынды.   Орман шаруашылығы және орман инспекциясы қызметкерлері орман қоры аумағында жергілікті тұрғындарға өрт оқиғаларының алдын алу бағытында профилактикалық және рейдтік іс-шаралар ұйымдастырды. Сонымен қатар орман қоры аумағында  минералды жолақтар жасау бағытындағы жұмыстар өрт қауіпті кезеңі аяқталғанға дейін жүргізіледі.

– Орман шаруашылығы мамандығын меңгерген жастар үлесі қандай? 

– Шынтуайтында, біздің өңірдің жастары көбіне бұл  кәсіпке бет бұра бермейді.  Орман шаруашылығына төзімді, сабырлы, табиғатты аялай алатын адам ғана барады. Себебі орман алқаптарындағы орманшылардың еңбегі орасан. Уақытпен санаспай,  отбасынан жырақта жүруге де мәжбүр болады. Орманшы мойнына  орман шаруашылығын дамыту, орманды молықтыру, өрттен, заңсыз ағаш кесуден, мал жаю, шабындық жерлерді шабудан қорғау  міндеті артылады. Сондай-ақ орманшылар төтенше жағдай қызметкерлерімен бірге орман өрттерінің алдын алу мақсатында жиі рейд жұмыстарын ұйымдастырып отырады. Сонымен қатар әрбір орманшы өз аумағында заңсыз аң аулауды болдырмау үшін тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Осы өңірдің өсімдік дүниесі мен аң, құстарының тіршілік-тынысын бес саусағындай білетін де осы азаматтар. Сондықтан жауапкершілігі зор  сала қызметкерлерін төл мерекемен құттықтаймын. Бұл мереке орман шаруашылығымен айналысатын мамандар еңбегінің маңызын және олардың елдің орман ресурстарын қорғауға және қалпына келтіруге қосқан үлесін айқындайды. Еліміздің табиғатына қамқорлық жасайтын, жасыл алқабтың өсімін молайтуға ықпал етудегі елеулі еңбегін ерекшелейді. Өткен жексенбіде Бейнеу ауданында «Бейнеу ормандар және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» мекемесінде   орман шаруашылығы қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған мерекелік іс-шарада орман шаруашылығы қызметкерлеріне мінсіз еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің марапаттарын табыстадым. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. 

Голрох ЖЕМЕНЕЙ, Маңғыстау облысы
27.10.2024

Ұқсас жаңалықтар

Төбет – қазақтың ұлттық бренді
Жасұлан АБДИҒҰЛОВ, Қуат НҰРҒАЛИЕВ, әуесқой итбегілер - 09.12.2024 204
Жамбыл облысында 500-ге жуық мемлекеттік қызметшінің құқықтары қорғалды
Р.Ш.Шарипов ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 09.12.2024 42
ЖОЛДАР ТАЗАЛАНЫП, ИНЕРТТІ ЗАТТАР СЕБІЛІП ЖАТЫР
Сарысу ауданы әкімдігі - 08.12.2024 31
Шымкент – ауылшаруашылығына қолайлы өңір
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 08.12.2024 219
Шығыста шаруа қазаны қаз-қаз қайнап тұр
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 219
АБАЙ ЕЛІНДЕ АЛАШТЫҢ РУХЫ БАР
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 236
Шымкент – ауылшаруашылығына қолайлы өңір
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 08.12.2024 219
Ақмола астық жинаудан рекордтық көрсеткішке жетті
Дайындаған – Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 07.12.2024 207
РЕСЕЙ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КӨКСЕГЕНІ НЕ?
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 07.12.2024 202
Ән өнерінің саңлағы
Саяжан ҚАЙДАР - 06.12.2024 226
ТҮРЛЕНГЕН ТҮРКІСТАН, ҒИБРАТЫ МОЛ КИЕЛІ МЕКЕН
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 06.12.2024 215
Тоқсанның төріндегі театр
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 06.12.2024 223

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 10500
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 9481
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 12716
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 11686
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 16699