Өрт сөндірушілер – қоғамымыздағы ең қауіпті мамандықтардың бірі. Күнде табиғи апаттың кесірінен туындайтын және қауіпсіздік ережелерін дұрыс сақтамағандықтан шығатын өрттермен бетпе-бет келеді. Осынау маман иелерінің тілсіз жаудың «тілін табуға» тырысатын қызметі шынында да оңай деп айта алмаймыз. Ойламаған жерден тілсіз жау лап етіп, жалынға оранған заттың үстіңе құлап кетуі, сондай-ақ иіс тиіп, ес жоғалтуың да ғажап емес. Өрт сөндірушілер төтенше жағдай кезінде ең бірінші болып көмекке ұмтылып, адамдарды қауіпсіз жерге көшіруге тырысады. Осының өзі үлкен ерлік емей немене!
Әсіресе қазіргідей аптап ыстық айларда өрт тұтану оқиғалары жиі болады. Біз, әрине, өрт сөндірушілердің қызметіне зәруміз. Онсыз өмірімізді көз алдымызға елестете алмаймыз. Жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен алыстағы елді мекендерде өрт сөндіру бекеттерін құру, өрт сөндіруші мамандарын дайындау, өрт қызметін техникалық тұрғыдан жаңарту міндет болып табылады. Осыған байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою, өрттерді сөндіру, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу, оның ішінде коммуналдық шаруашылықтағы апаттар, облыстың ауылдық аудандарындағы су тасқыны, жол-көлік оқиғаларының мәселелерін неғұрлым тиімді шешу қажет. Шыны керек, аяқ асты өрт тұтана қалған жағдайда кез келген адам, мойындауымыз керек, тұтқиылдан өрт шыға қалған жағдайда қатты үрейленіп, сол жерді тастай қашады. Керісінше төтенше жағдайлардағы өрт сөндіру мамандары осындай сын сағатта қызыл жалынның ортасына қорықпай кіріп кетеді. Иә, бұл олардың қызметі әрі міндеті болып есептеледі. Кей кездері өз бетімен кетіп бара жатқан адамдарды азаматтық көмегін ұсынып, өрттен зардап шегушіні құтқарғаны үшін де бірден марапаттап жатады. Себебі екінің бірі мұндай тәуекелге бармайды, өртпен арпалысу деген оңай нәрсе емес. Бұларды қазіргі күннің батырлары десек те болады.
Өрт сөндірушілер – нағыз ержүректілерге ғана тән мамандық. Бұл зор жауапкершілікті, батылдықты талап етеді. Аяқ астынан тұтанған өртті тез өшіру үшін, әрине, тек қана ержүрек адам болу аздық етеді. Өрт сөндіруші ылғи да физикалық жағынан да дайын болып, өрт қауіпсіздігі ережелерін, өрт сөндіру техникасын және отпен күресу тәсілдерін жетік білетін мықты маман болуы қажет. Өрт сөндірушілер күн сайын өз өмірлерін тәуекелге байлайды және өзіне қауіп төндіреді. Олар кез келген ауа райында, қыстың қақаған аязы мен жаздың қапырық ыстығына қарамастан бастарын бәйгеге тігеді. Бұлардың басты мақсаты – қиналған жандарды құтқару, көмектесу. Оқыс төтенше жағдай кезінде өзін ұмытып, өзгенің өмірін құтқаруға тырысады. Осыған орай өрт сөндірушілердің қызметі әлемде ең бір ауыр да қиын мамандықтардың бірі деп есептеледі. Атауларының өрт сөндіруші-құтқарушы болып өзгеруінің де мәні бар. Тек өрт сөндіріп қана қоймай, басқа адамдардың да өміріне араша болғандары үшін құтқарушы қызметін де мамандықтарына қосымша тіркеді. Иә, өрт сөндіруші нағыз ерлердің мамандығы болып есептеледі. Өрт сөндіруші болғысы келетіндерге қойылар талап өте жоғары. Жұмысқа 18-32 жастардағы тепсе темір үзетін, денсаулығы мықты азаматтарды алады.
Олардың біз білмейтін құпиялары
- Әдетте өрт сөндірушілер «үш күннен кейін» схемасы бойынша жұмыс істейді. Бірақ аяқ астынан төтенше жағдай орын алса, онда үзіліссіз жұмыс істеуге тура келеді.
- Өрт сөндірушілердің формаларын дайындау үшін 150-ге дейінгі температураға шыдап бере алатын арнайы мата қолданылады. Себебі ол концентрацияланған қышқылдар мен сілтілердің әсерінен қорғайды екен. Осы қасиеттердің арқасында өрт сөндірушілер адамдарды жанып жатқан үйлерден аман алып шығып құтқарады.
- Олардың жұмысы қауіпті ғана емес, сондай-ақ өте ауыр. Бұл сөз тура мағынасында айтылып тұр. Себебі киетін киімдерінің салмағы 30 келіге дейін екен. Осының бәрі костюмнің неден жасалғанына, жабдыққа не кіретініне байланысты болмақ. Міне, осыған қарап-ақ, өрт сөндірушінің жұмысына тек физикалық жағынан дайындалған адамдар ғана жарайтыны белгілі.
- Өрт туралы дабыл белгісі түскенде, бөлімге форма киіп, оқиға орнына бару үшін жиналуға небәрі 60 секунд беріледі. Бұған үлгеру үшін олар өздерінің формаларын ерекше дайындайды. Айталық, өртте киетін күртесі алдын ала теріс аударылып тұрады. Аса бір белгілі бір тәртіппен шлем, шалбар, өрт белдігі салынады.
- Стандартты машинада 5 тн су сақталатын алып цистерна бар. Әрбір машинада сұйықтықты тез толтыруға арналған арнайы сорғы тұрады. Осы арқылы гидрантқа қосуға немесе ашық су қоймасынан су алуға болады.
- Өрт сөндіру бригадаларының жұмысы бұдан басқа да жетерлік. Олар әртүрлі қиындыққа ұшыраған жағдайларда адамдарды құтқарады. Мәселен олар лифтте қамалып қалса немесе апат кезінде үйінділердің астында қалған жағдайларда көмектеседі. Сонымен бірге иттер, мысықтар, сиырлар, құстар, кірпілер секілді жануарларға да көмек қолын созады. Қызметте сақалды немесе шашы қырқылмаған өрт сөндірушіні ешқашан көрмейсіз. Жұмыс істегенде ыңғайлы және қауіпсіз жұмыс істеу үшін сақал-мұрт, шаш өсірмеу керек. Яғни ережелерге сай қысқа үлгі болу керек.
- Өрт сөндірушілердің жұмысы туралы фильмдерде олардың жанып жатқан ғимаратта оңай қозғалатынын көрсетеді. Зардап шеккендерді немесе шығу орнын тез табатынын бейнелейді. Дегенмен бұл кино ғой, шынайы өмірде бәрі керісінше. Алайда түтіннің кесірінен жанып жатқан үйде ештеңе көрінбейді, ал қатты сатырлап жанған оттың дыбысынан ештеңе естілмейді. Ешқандай жағдайда масканы алып тастауға болмайды, әйтпесе өрт сөндіруші тұншығып қалуы мүмкін. Құтқарушылар жанып жатқан бөлмелерде іс жүзінде жанасып, қолмен сипап жүріп те қозғала береді.
- Елімізде өрт сөндіруші мамандығын тек ер адамдар ғана істей алады. Ал әйелдер өрт сөндіру бөліміндегі диспетчер ретінде жұмыс істей алады.
- Өрт сөндіру қызметінің мамандары өртшілер деп атағанды ұнатпайды, себебі бұл өрт қоюшы немесе өртеуші дегенді білдіреді.
- Өрт сөндірушілер ауысымның соңына дейін етіктерін тазаламайды, осылайша кезекті шақыруға себепкер болмаймыз деп ырымдайды.
- Әріптестер бір-біріне ауысымнан кеткен кезде «өрт болмасын!» деген тілек айтпайды.
- Қызметке жаңадан келгендер мен зейнеткерлікке шыққанда міндетті түрде оларға өрт оқпандарынан су шашады.












