2025 жылғы 10 қыркүйекте Астана қаласында «Орталық Азиядағы мүгедектігі бар әйелдердің мүдделерін ескере отырып ТДМ-ға қол жеткізу» атты халықаралық конференция өтті. Бұл іс-шара Финляндияның “Кюннюс” қауымдастығы қолдаған Орталық Азия мүгедектігі бар әйелдер ұйымдарының желісінің жобасының қорытынды кезеңі болып табылады.
2005 жылдан 2025 жылға дейін Орталық Азия мүгедектігі бар әйелдер желісі серіктестерімен бірге мүгедектігі бар әйелдердің теңдігін, құқықтары мен мүмкіндіктерін ілгерілету бағытында жұмыс істеп келеді.
Желі қоржынында ұлттық және халықаралық деңгейде мүгедектігі бар әйелдердің құқықтарын қорғау жөніндегі адвокация жобалары, мүгедектігі бар әйелдердің репродуктивтік құқықтарын іске асыру, мүгедектігі бар қыздарға арналған Тәуелсіз өмір мектептерін ұйымдастыру, мүгедектігі бар әйелдерге қатысты теріс стереотиптерді өзгерту, зорлық-зомбылықтан қорғау және көшбасшылық бойынша білім беру бағдарламаларын әзірлеу бар.
Конференция барысында Орталық Азиядағы мүгедектігі бар әйелдер ұйымдарының жұмыс тәжірибесі ұсынылды, тақырыптық бағыттар бойынша талдау жасалды және мүгедектігі бар әйелдер мен қыздардың құқықтарын қамтамасыз ету контексінде Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу жөнінде ұсынымдар берілді.
«Тұрақты даму мақсаттары – бұл болашаққа бағытталған әмбебап күн тәртібі. Алайда оларды іске асыру халықтың осал топтарының мүдделерін ескермей мүмкін емес. Мүгедектігі бар әйелдер мен қыздар – бұл бүкіл әлем бойынша білімге, медицинаға, жұмыспен қамтуға және қоғамдық өмірге тең қолжетімділігі болуы тиіс миллиондаған азаматтар. Сондықтан біздің ортақ борышымыз – ешкімнің назардан тыс қалмауын және мүмкіндіктерден шет қалмауын қамтамасыз ету» – деді Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Перепечина О.В.
«Қорытындылай келе, инклюзия қағидаттарын ілгерілету және Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу Қазақстан үшін басты басымдықтар болып қала беретінін атап өткім келеді. Біз мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың және азаматтық қоғамның күш-жігерін біріктіру арқылы мүмкіндігі бар әйелдер мен қыздар өзін-өзі жүзеге асыруға және өмірдің барлық салаларына белсенді қатысуға тең мүмкіндіктерге ие болатын инклюзивті қоғам құруға болатынына сенімдіміз. Қазақстан ынтымақтастыққа және озық тәжірибе алмасуға ашық болып, осы ортақ іске өз үлесін қосуды жалғастыруға дайын» - деді Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі, Надиркулова А.А.
Іс-шараны «Шырак» мүгедектігі бар әйелдер қауымдастығы, Орталық Азия мүгедектігі бар әйелдер желісі, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, “Кюннюс” қауымдастығы және Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисі бірлесіп ұйымдастырды.
Конференция Орталық Азия елдерінің Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға, БҰҰ-ның мүгедектер құқығы туралы конвенциясының және Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы БҰҰ конвенциясының ережелерін орындауға бағытталған халықаралық міндеттемелерін орындауға елеулі үлес қосады. Сондай-ақ бұл іс-шараға қолдау көрсету ЕҚЫҰ-ның адам құқықтары, гендерлік теңдік және инклюзия саласындағы басымдықтарды ілгерілетуге қосқан үлесін, ЕҚЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің шешімдері мен ұйымның стратегиялық құжаттарында, соның ішінде Хельсинки қорытынды актісі мен 2004 жылғы Гендерлік теңдікті ілгерілету жөніндегі іс-қимыл жоспарына бекітілгенін көрсетеді.