Ортақ өгізден оңаша бұзау артық

Ортақ өгізден оңаша бұзау артық

Жуықта Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің премьер-министрлері қырғыздың Шолпан-Атасында өткен саммитте бас қосып, ұлттық валютада есеп айырысу мәселесі жөнінде кеңес құрған еді. Кейбір мәлімет бойынша, Ресей ЕАЭО шеңберінде тәуелсіз төлем инфрақұрылымын жасауға басым бағыт беріп отырған көрінеді. Себебі Украинадағы қанды қырғынның жазасы ретінде ресейлік банктердің бірсыпарасы SWIFT жүйесінен ажыратылған. Онсыз одақтың өзара саудада есеп айырысуы тұйыққа тірелген.

Сондықтан Мәскеу серіктес бес елге Ресей Банкі жасап шығарған Қаржы хабарламаларын қабылдауды ұсынып отырса керек. Осы мәселеге қатысты экономист Мақсат Халық: «Батыс Ресейдің кейбір банктерін SWIFT жүйесінен өшіргеннен кейін қаражатты жіберу-алу тұрғысынан біраз қиындықтар туындады. Оны Қазақстан мен Ресей арасынан да байқап отырмыз. Ресейге ақша жіберу-алу өте қиын. Бірақ Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы шектеліп жатқан жоқ. Шектелу процесі саяси формада жүріп жатыр. Ресей тарапы біраз тауарларға шектеу қойды. Десе де, біз Ресейден өте көп тауар әкеліп жатырмыз. Төлем жасауда қиындыққа тап келдік. Қаражатты жеткізу оңай болмай қалды. Ресей құрастырған, SWIFT жүйесіне ұқсайтын қаражатты растау-жіберу жүйесін іске қоспақшы. Негізгі мәселе – осы. Бірақ бұл жерде тағы бір түйткілді мәселе бар. Ресей бірыңғай электронды есептік шот жүйесін құрамыз деп отыр. Былайша айтқанда, бұл – валюта. Рас, Еуропалық одақта мұндай тәжірибе бар. Еуро, яғни қағаз ақшадан бөлек, SDR (Special Drawing Rights) деген жүйе жұмыс істеп тұр. Олар осы арқылы өзара есептесе салады. Валюта жіберіп, оны ауыстырып жүрмейді. Мұның жеңілдігі – осы. Жалпы, ортақ валюта дегеніміз – электронды есептік шот. Әзірге Ресей ұсынысы – осы. Ал банктердің арасында қолданылатын SWIFT-тің баламасында тұрған ештеңе жоқ. Бірақ оның арғы жағындағы ортақ валюта идеясына қарсылық туындап отыр. Шындығына келсек, бізге ортақ валюта былай тұрсын, ортақ есептік шотты ашудың қажеті жоқ. Оның бізге пайдасы шамалы. Әрине, мемлекеттер арасында есептесу оңай болады. Зияны, біз Ресейден өте көп тауар сатып аламыз. Сатқанымыздан гөрі, сатып алғанымыз көп. Айырманы ертең немен толтырамыз? Ертең осындай сауал туындайды. Ресей бізге он миллиард долларға жуық тауар өткізсе, біздің өткізгеніміз 5 миллиард доллар болса, қалған 5 миллиардтың орнын немен толтырамыз? Бұл – үлкен сауал.

Менің ойымша, мұның саяси қыры болуы мүмкін. Ресей саяси мәселелерді көтеріп, «мұның орнын былай толтырасың» деп талап қоюы мүмкін. Сондықтан бұған жол беруге болмайды.

Еуразиялық экономикалық комиссияның 2025 жылға қарай ортақ валюта жасау туралы жоспары бар. Біз «ортақ валюта керек емес» деген ұстанымымызды ашық көрсетуіміз керек. Еуразиялық экономикалық одақ аясында әрі қарай жұмыс істейміз десек, ұлттық мүдделеріміз, экономикалық ішкі қауіпсіздігіміз, азық-түлік қауіпсіздігі толық қорғалуы қажет. SWIFT арқылы Еуропамен, Қаржы хабарламаларын жіберу жүйесі арқылы Ресеймен есептесуге болады. Бірақ мұны сылтау етіп, Батыс санкция салып жүрмесе, мемлекетімізге басқа зияны жоқ. Бірақ қазіргі жағдайымыз өте қиын. Бұл – қыл көпірдің үстімен жүргенмен бірдей нәрсе. Біз қазір Ресейден кетіп жатқан компанияларды өзімізге тартып жатырмыз. Бұған Ресейдің көңілі толмайды. Десе де, елімізге ресейлік кәсіпкерлер де көшіп келіп жатыр. Бұл Батысқа ұнамауы мүмкін. «Ары тартсаң арба сынады, бері тартсаң өгіз өледінің» кері. Санкциялық тауарлар Ресейге біз арқылы жетсе, бұл айқындалса, онда Қазақстанға да екінші деңгейлі санкциялар салынуы ғажап емес. Соңғы алты айда компьютерлік технологиялар мен смартфондарды Ресейге көп сатқанымыз анықталып отыр. Бұл – Ресей осы тауарларды Қазақстан арқылы алып жатыр деген сөз. Бұл да қауіпті», – дейді. Сірә, сарапшы айтқандай, Ресей не айтса соған «құлай кетпей», ортақ өгізден оңаша бұзау артық екенін ұмытпағанымыз жөн болар ма?...  

Ермек САХАРИЕВ
08.09.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 244
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 240
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 742
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 865
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 778

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8935
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8329
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11557
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9314
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10541