Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен әр өңірге әскери тактикалық арнайы оқу-жаттығу өткізу міндеттелген болатын. Осы уақытқа дейін аталған жиын еліміздің барлық аймағында өтті. Біздің өңір бұл жиынды екінші рет өткізумен ерекшеленіп отыр.
Сондықтан, облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Қордай ауданындағы жұмыс сапарын Гвардейск горнизонында «Қордай-2023» әскери тактикалық арнайы оқу-жаттығу жиынынан бастады. Облыс әкіміне мұндағы жаттығу барысы жайлы «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығы 99205 әскери бөлімінің командирі Әлжан Хамзин баяндады. Оның айтуынша, осында шақырылған әскери міндеттілер қарудың бірнеше түрін жылдам құрап атуды меңгеріп, басқа да әскери қимылдарға жаттығып жатыр. Әскери міндеттілер үшін арнайы шатырлар әзірленген. Мұнда асхана, медициналық пункт жұмыс істеп тұр. Қордай ауданы әкімдігі арнайы машинамен қажетті суды жеткізген.
Облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы ұрыс қимылдарын меңгеріп жатқан әскери міндеттілердің іс-әрекетін тамашалады.
Мұнан соң әскери шатырларды аралап, әскери міндеттілердің жатын орындарын көрді. Осындағы медициналық қызметкерлерден қандай жағдайлар орын алғаны жайлы сұрап, алдағы уақытта әскерилерге медициналық қызметті тәулік бойы үзбеу керектігін жауаптыларға тапсырды.
Сондай-ақ, облыс әкімі Нұржан Нұржігітов «Қордай-2023» әскери тексеру жиынының жабылу салтанатына қатысты.
– Құрметті әскери жиынға қатысушылар! Отанның қауіпсіздігі – аса маңызды. Ел Президентінің Жарлығымен осындай тактикалық оқу-жаттығу жиындары өткізілуде. Біздің өңір әскерилері де белсенділік танытып отыр. Әскери оқу-жаттығу жиынына жақсы дайындықпен қатысқан сіздерге шынайы алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта 100 сарбаздан құрылған тұрақты әскери бөлімді жасақтау ойымызда бар. Осыған байланысты барлық қажетті қаражаттар бөлініп отыр. Себебі, әскери саланың мықтылығы – Отанның мықтылығы. Отанды қорғауға белсенді азаматтарды патриот, отаншыл, ел мен жерге сүйіспеншілігі жоғары тұлғалар деп бағалаймыз. Еңбектеріңізге табыс тілеймін . Біз Отан қауіпсіздігі жолындағы істерімізді жалғастыра береміз, – деді Нұржан Молдиярұлы.
Бұдан кейін облыс әкімі бірқатар озат әскерилерді облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапаттады.
Есет ДОСАЛЫ.