Сарысу ауданының 95 жылдық мерейтойы аясында өмірі мен еңбек жолы өнеге болған, аудандық газеттің шарықтауына зор үлес қосқан, журналист Төкен Мақашевтың 100 жылдығы аудан көлемінде аталып өтті.
Шаралар легі Саудакент ауылындағы спорт кешенінде жасөспірімдер арасындағы футбол турнирінен басталды. Турнирді мәслихат хатшысы Шаттық Мұсабеков пен інісі Шоқан Шөжеев ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сонымен бірге, Төкен Мақашев атындағы аудандық мұражайдан арнайы бұрыш ашылып, округ әкімі Мейіржан Өксікбаев, үлкен қызы Гүлнар Мақашева, еңбек ардагері, ауданның Құрметті азаматы Алтын Досжанова лебіздерін білдіріп, қонақтар мұражайды аралады.
Шара «Өткен күндер елестері» атты салтанатты жиынға ұласты. Жиынды аудан әкімі Сәкен Мамытов ашып:
−Төкен Мақашев ағамыз ұзақ жылдар партия комитетінде, 20 жылдан астам баспасөз саласында қызмет етіп, аудан тарихын терең зерттеп, құнды дүниелерді келер ұрпақтың игілігіне қалдыра білді. Сол кездегі аудан орталығы Байқадам ауылынан аудан тарихынан сыр шертетін мұражай ашып, тың деректер мен дәйектерді іздеп, мұражайға құнды жәдігерлерді жинақтады. Төкен ағамыз теңізден маржан тергендей, білімді жастарды алыстан танып, жан-жағына жинап, Сарысу баспасөзінде қаламы қарымды журналистер мектебін қалыптастырды. Төкен ағамыздың да мол мұрасы да біз үшін алтын қазына,− деді.
Аудандық мәслихат төрағасы Шаттық Мұсабеков, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Сарысу ауданының «Құрметті азаматы», ақын Бергентай-Байбол Нұрмаханұлы, шәкірті Темірлан Абдраев Төкен Мақашев жайлы жылы естеліктерімен бөлісті.