Өткен кемшілікті жасырып, береке таппаймыз. «Қаңтар қасіретінің» сабағы «Жаңа Қазақстанда шындықты айт, әділ жолмен жүр» деп отыр. «Жауырды жаба тоқып, 30 жыл бойы өтірікпен өмір сүруден не таптық? «Елін сүйген, елі сүйгеннен» не таптық? Ақырында абыройымыз айрандай төгілді. Енді өткенді мансұқ етіп, Жаңа Қазақстан құрмақпыз. Иә, «Адасқанның алды – жол, арты – сопақ». Бұны түйсінгенімізге де шүкіршілік.
Сонау Кеңес Одағы тарап, өзімізше мемлекет құруды бастағанда-ақ таланып, тоналуға түстік. Өзгені емес, өзімізді-өзіміз тонадық. Мұны жасырып-жапқанымызбен, бәрібір «өлім әшкере қылды». Сол 90-жылдары экс-президент: «Барынша тонаңдар, сөйтіп, байыңдар! Тонаудан түскен ақшаны шетел банктеріне салыңдар. Салымшылардың аты-жөнін құпия ұстаймын, әйтеуір тонасаңдар болды!» – деп жарлық шашты. Осыдан кейін имансыз – қызылкөздер, әсіресе «Құдіреттің» жақындары мен оны жағалағандар тіпті құтырынды. Бар қазына-байлығымызды, мал-мүлкімізді жауша талады. Құныққандар түйені түгімен, вагонды жүгімен жұтты. Шетелдерден вилла – «жұмақжайлар» алып, жеке кемелер мен ұшақтарға ие болды, оффшорлық компаниялар ашты. «Тәйт!» дейтін ешкім болмады. Ұлт жанашырлары, Шерхан ағамыз мемлекет басшысына: «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді», – деп, қадап та айтты. Бірақ бұған құлақ асқан «Құдірет» те, қуыршақ Парламент те, өтірік Үкімет те болмады. Елбасына «Бұл не сұмдық?! Тоқтат!» деп, өктем түрде ешкім айта алмады. Жағымпаз жәдүгөйлер «бәрін дұрыс жасап жатырсыз» деп жарамсақтанумен болды. Қара халық қаңырап, тентіреп тезек теріп кетті. Халық демде бай-кедей, қанаушы-қаналушы, жалдаушы-жалданушы болып, аражігі аспан мен жердей екі тапқа бөлініп шыға келді. Бұны «90-жылдардағы тоқырау» деп айдар тақты. Ал бұл шын мәнісінде қолдан жасалынған «тоқырау» болатын. Кезінде неміс жазушысы Герольд Бельгер: «Мұнша қазына-байлықпен Қазақстанда ешуақытта тоқырау болмайды, болуы да мүмкін емес. «Тоқырау» елбасындағылардың басында болып отыр», – деп еді, жарықтық. Әрі-беріден соң, біз әлі сол 90-жылдардағы жетістікке жетпеппіз. Америка және басқа да шетел зерттеу институттарының ғалымдары сол тұстары еліміздің жалпы әлеуеті жағынан рейтинг бойынша әлем елдерінің ішінде 28 орында болғанын айтады. (Бүгінде 172-орында екенбіз). Бұны бүгінде өзіміздің де эксперт-экономистер, ғалым-саясаткерлер нақты дәлел-дәйектер келтіріп, айтып беріп отыр. Еш мемлекетке бір теңге қарызымыз болмаған екен. Ал бүгінгі жайымыз ше?.. Ең сорақысы сол, біз шетелден осы уақытқа дейін 300 млрд доллар инвестиция тартқан екенбіз, бұны тағы да мақтанышпен айтамыз. Бірақ сол ақша қайда, не үшін жұмсалды? Шын мәнісінде ол ақша елімізді өркендетуге, өндіріс орындарын ашуға, шикізаттарымызды өңдеп, ұқсатуға жұмсалуға тиіс еді. Бірақ біз әлі мол шикізаттың көзі болып отырмыз. Шетке де шикідей экспорттаймыз. Ұқсатып сатсақ, ұтар едік қой. Өзімізде жеткілікті қоры бола тұра азық-түліктің 70-80 пайызын шеттен сатып аламыз. Мұнайлы ел бола тұра жанар-жағармайды Ресейден аламыз. Мұнай өңдейтін зауытымыз Кеңес кезеңі кезіндегі ескі, үнемі жөндеумен тұратын бірдеме. Ал жаңа, заманауи тұрпатта зауыт салуға ақша қимайды. Одан да жеп қоюды жөн санайды. Не ықпалды бір күш мұнай өңдеу зауытын салуға мүмкіндік бермейді. Өйткені ондаған мұнайлы компанияларымыз шетел иелігінде. Елімізге бар түсімнің кемі 65-70 пайыз қаржы әкелетін «Каспий құбыры консорцуимының (КТК) кілті Ресейдің (Батыс Еуропа елдеріне орыстардың үстімен өтетіндіктен) қолында. Жалпы жер астындағы байлығымыздың 75 пайызы өзгенің еншісінде. Иә, «Өз малымды өзімдікі дей алмайтын» халдеміз.
Бұрын да айтқан болатын, жуырда Парламент мәжілісінде «Ақ жол» партиясының депутаты Азат Перуашев Қазақстанның шетелге қарызы 160 млрд доллардан асқанын айтты. Яғни еліміздегі дүниеге келген әрбір сәби 9 мың доллар қарызбен туады екен. Ойланатын жай...
«Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішінен қулық сақтап.
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Ақылың мен қайратың екі жақтап».
(Абай)