Ақ тілекті қар жамылған ақ таңда,
Түн шегініп, күн күлімдеп атқанда.
Базарым кепті ұлы өмірге әндетіп,
Қасиетті он тоғызыншы ақпанда!
Әдебіңмен, сымбатыңмен тал мүсін,
Көркі боп өстің ән-жырға бөлеп ел ішін.
Қолдарын созып жете алмаған жігіттер,
Қайдан білсін жаралғаныңды мен үшін!
Біздер жайлы білмек болып сыр тартқан,
Талай ұрпақ тәлім алып жол тапқан.
Дарқан жүрек, сенің жомарт қолыңнан
Өнердің ұлы жұлдыздары дәм татқан!
Жаратқан ием салып нұрлы назарын,
Қараңғыны жарық еткен ажарым.
«Елім», «Жерім» деп жүргенде еміреніп,
Жетпіс жетіге жетіпті-ау ақ Базарым!
77-ің құтты болсын, жан-жарым,
Өзіңсің әнім, аялап өтер арманым.
Өрісім кеңіп, ұрпақтарымды аймалап,
Биікке шықсам, сенің арқаң, ардағым!!!
Ауырған кезде «қартайдым» деме, асылым,
Мен үшін жассың, өзіңсің мәңгі ғашығым.
Әулетімнің, бірлігімнің ұйытқысы,
Бере гөр, Алла, өмірдің нұрлы ғасырын!
Махаббатсыз бұл өмірде жалған көп,
Өтейік бірге ұрпақтарға қорған боп.
Мұрагерім – Төлегенім жазылып,
Атқа мінсе, Жаратқан ием, арман жоқ!!!