Ресейден 2022 жылдан бері соғыстан қашқан 1 миллионға жуық адам елімізге келді. Оларды құшақ жая қарсы алдық. Тіпті ЖСН-ді (ИИН) кезексіз бердік. Олардың көбі өз еліне қайтты, қалғаны басқа мемлекеттерге кетті. Қазір Қазақстанда шамамен 100 мыңдай ресейлік тұрақтап қалды. Оларға ешкім қарсы болған жоқ. Ал соғыс жағдайындағы Иранда шамамен 6 мыңдай қазақ бар екен. Олар: 1930 жылдары елден амалсыз көшкен өз бауырларымыз. Аталарының сүйегі қазақ жерінде жатыр. Соларды неге елге көшіріп әкелмеске? Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында қазақтар үлесі шамамен 38 %. Кей ауылдар қаңырап бос қалып жатыр. Неге сол жерлерге орналастырмасқа? Ауыл-ауыл етіп қоныстандыруға болады ғой. Мемлекет арнайы бағдарлама дайындап, қаржысын белгілеп, іске асыруға болады.
«Бос жер жау шақырады» деген бар. Ең бастысы – шекаралық аймақтарды шегелеп алуымыз керек.
Иран қазақтары өте еңбекқор адамдар. Мал да бағады, егін де салады, жеке кәсіппен де айналысады. Үкіметке салмақ салмайды.
Біз бүгінді емес, ертеңді, болашақты ойлауымыз керек.
Жәнібек Қожық,
Маңғыстау облысы, Онды ауылы















