Президент мырза! Жаңа Қазақстан ескі, таптаурын жүйемен жүрмеуі тиіс!

Президент мырза!  Жаңа Қазақстан  ескі, таптаурын жүйемен жүрмеуі тиіс!

Күні кеше ел дүрлікті. Ашу дейтін шайқады желтүндікті. Ашынған халық бейбіт шеруге шығып, елдегі қымбатшылықты сынға алып, түк бітіре алмай отырған  Үкіметтің тарауын, жемқорлардың қанауын тоқтатуды биліктен талап етті. Сеңдей соғылысқан, толқындай сапырылысқан бейбіт шерудің арты қанды қырғынға айналды. Арандатушылар анталап шығып, мемлекеттік нысандарды «ханталапай» қылды. Өртенген ғимарат, өлген адам саны күн өткен сайын көбейе түсуде. Алайда тек полицейлердің өлімі жайлы ғана нақты ақпарат айтылуда. Қапияда қаза болған қарапайым шерушілер жайлы фактіден гөрі, өсек-аяң көп. Неге? 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі елдің тыныштығын қорғаған сарбаздарға алғыс айтып, бейбіт шерушілерді аузына да алмай отыр. Шындап келгенде Қ.Тоқаев билігінің құлдырауы мен күшеюі халықтың қолында тұр емес пе?!  Ала қойды бөле қырқудағы мақсат не?  Мұның бәріне  кім кінәлі? «Көпірден өткенше қызыңды алайын. Көпірден өткесін қызыңды ұрайынның» кебі емес пе бұл?! Қалың ел еріккеннен шерулетпейтіні анық. Жаны күйзелгесін, тұрмыс тауқыметі шаршатқасын, әділетсіздік орнағасын, қымбатшылық алқымнан алғасын, жемқорлық барлық жүйені жегі құрттай жалмағасын қайтеді енді. Шыдамның да шегі бар. Дәл қазақтай көнбіс, төзімді, шыдамды жұртты жер бетін он айналып табу қиын-ау! Егер шыдамның жібі үзілсе, қазақтың тақымы атқа бір тисе – оны тоқтату оңай болмас. Арындап кетсе, арқасы қозып кетсе, сабасына түсу қиынның қиыны. «Халық қаласа, хан түйесін соятынын» көзіміз көрді кеше. Газ бағасы төмендеді, ауыздықсыз кеткен қымбатшылыққа тұсау салынбақ. Ең басты талап, халық жеңісі: Үкімет тарады. Ың-шыңсыз тараған Үкіметтің орнына – елеулі жаңалық күтті халық. Үміт пен күдік айқасып, төзім мен ашу шайқасты. Жағымды жаңалыққа сусаған жұрт 11 қаңтарды асыға күтті. Әлеуметтік желілерде балшылар да көбейді, көріпкелдердің де көзі мөлиді.  Біреулер: «Мамин басқарған үкімет құлайды, одан ешкім қалмайды. Елді тығырыққа тіреген Үкімет басшысы жауапқа тартылады. Өз қызметіне жауапсыз қараған командасы биліктен қуылады. Бар жамандық солармен кетіп, ескіден ешкім қалмайды. Ескірген саясаттың күні батып, жарқырап жаңа таң атады. Үкіметке жаңа толқын келіп, экономиканы көтереді, халықтың әл-ауқатын арттырады. Сөйтіп халықты қарық қылады», – деп болжап, масаттанып жатты.  Екіұдай сезімді бастан кешкен елдің елеңдеген жағдайын сөзбен жеткізуге тіл жетпес.

Алайда аңсаған арманға қол жетті ме? Елдің талап-тілегі орындалды ма? Президент Қ.Тоқаев ел көңілінен шығар тың қадамға барды ма? Жаңа Үкімет жаңашылдық күткен елдің үмітін ақтай ала ма? Әлде бәрі баяғыдай көз арбау мен алдау ғана ма? Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Президент Тоқаев ел сенетін, топырлап соңынан жұрты еретін Үкімет жасақтай алды ма? Оған жауап төменде!  «Еститін Үкімет» есі кеткен Үкіметке айналып кеткелі қашан. Егер олай болмаса, халық неге толқыды? Әлемді шарлады ғой толқыны. «Қазақстанның жаңа кезеңі басталды» деді президент Қ.Тоқаев Мәжілістегі отырыста. Қалай ойлайсыздар, жаңа кезең басталды ма? Бұрынғы президент Н.Назарбаевтың қасқа жолы қасаңданып, жаңа президенттің дара жолы жанданатын күн туды ма? Ескі жолдан бас тартса, жаңа жолда халықты не күтіп тұр? Сұрақ көп... Өте көп... Кейде ана ретінде Президентті аяймын. Оның алдында «Былай тартса, өгіз өлетін, ары қарай тартса, арба сынатын» кезең тұр. Өте қиын кезең. Сынақ кезеңі.

 

Дамудың жаңа кезеңі басталды ма?

Президентіміздің  «Дамудың жаңа кезеңі» атты бүгінгі Мәжіліс алдындағы сөйлеген сөзін тыңдап шықтым. Біраз өзгерістер болайын деп тұрғаны анық. Әсіресе жастар үшін қуандым. «Жастарды тұрақты жұмысқа орналастыру, ауылдық елді мекендерге спорт алаңдары т.б. салауатты өмір салтын насихаттайтын дүниелерге айрықша көңіл бөлу керек», – деді президентіміз. Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеп, оңтайландыру жүйесін қалыпқа келтіру, бастысы бюрократтық мінезден арылу керектігін, қолынан іс келмейтін ақ жағалыларды жұмыс істемес масылдыққа салынбай, жұмыстан босату керектігіне баса назар аударғаны дәтке қуат береді. Әкімдер мен депутаттардың айлықтарын көтеруге 5 жылға мораторий жариялады. Құдайшылығын айтайын, президент Қ.Тоқаевтың қас түлектей түлегенін көріп қуандым. Ел арасындағы күңкіл сөзді құлағы шалып жүрді ме, әлде енді билікті толықтай қолға алмаса, болмайтынын сезінді ме, әйтеуір қасқайып отырған отырысының өзі бір бөлек. Бұрын «үлкен кісіге» жалтақтайтыны байқалатын. Бұл жолы отырысы мығым, сөзі ірі. Елдің «қожайыны» өзі екенін бір емес, бірнеше рет сөзімен нақтылады. Соның бірі, бірі емес-ау бірегейі: «Бірінші президент – «елбасы» тұсында өте табысты компаниялар мен халықаралық деңгейдегі бай адамдардың тобы пайда болды. Халыққа тиесілі дүниені халыққа беретін, жүйелі түрде көмектесетін уақыт келді. Үкімет компанияларды анықтап, олармен «Қазақстан халқына» қорына аударатын салымдарын анықтауы тиіс» дегені көпшілікті елең еткізді. (Қ.Тоқаевтың бұл сөзі сарказм ба, жоқ әлде, сарқылған төзім бе, әзірге белгісіз. Бірақ нақты бұлай «жұлқына» сөйлеуі «Н.Назарбаев дәуірінің» басынан «бағы тая бастағанын» көрсетіп тұрған секілді).

     

Бұл дегеніңіз Елбасының қолдауымен халықаралық масштабта байып алғандар Халықтық қорға жарна салулары керек дегені. Оның көлемін Үкіметтік комиссия анықтайды. Енді А.Машкеевич, Т.Құлыбаев, Д.Назарбаевалар және т.б. аса жеңілдікпен, тіпті заңсыздықпен қол жеткізген байлығының бір бөлігін халыққа ұсынуы тиіс. Өте дұрыс, батыл шешім.  Бірақ бір жылда бір-ақ рет алынады дегені осалдау болған сияқты... Алайда ұлттық байлықтың әділетті бөліну керектігі туралы пайымы керемет. Бұған қоса, Қ.Тоқаев «елдегі олигархтар тобы бәсекелестікті төмендетті» деп мәлімдеді. Бұл да болса шіріген байлардың басына «қара бұлттың» төне бастағанын көзге елестетті. Қайталап айтамын, президент елдің жағдайын жақсартуға байланысты көп нәрсені алға тартты. Мысалы, «Самұрық» бастаған квазимемлекеттік компаниялар туралы. Олардың шетелден қымбат бағаға консалтинг компаниялар мен мамандар алдыруының қаншалықты пайдасы барын тексеруді тапсырды. Олар да «дармоед» құрылымдар. Бұлардың пайдасы болмаса жабуды жүктеді. Болған күнде реформа жүргізіледі. Утильсбор шеруге шыққан көптің талабы еді, оны мемлекет қарауына алатын болды. Бұған дейін оның ақшасы қай ханымның жеке қалтасына түсіп келгенін білесіңдер. Қорғасқа байланысты шешім де жұртты қуантуы керек. Оның шын мәніндегі қожайыны кім екені де белгілі. Бұл жерді де қатаң тексеруді тапсырды. Шикізат өндіретін батыс облыстарға айрықша мән берілетінін де жеткізді. Астанадағы ЛРТ жөнінде де жақсы айтты. Қаншама қаржы желге ұшты? Біле білгенге осылардың өзі үлкен жеңіс. Ең қуанышты хабар ОДКБ екі күннен кейін аумағымыздан кетеді. Ара-арасында осылай қуандым. Оны несін жасырамын? Баяғы мақтау мен мадақ құлағымды сарсылтқан. Сосын президент ұсынысын жүз пайыз қолдаудан қашан арылар екенбіз осы? Аракідік баяғы «әуен» құлағыма келіп, шошып, шоршып түскен сәттерім де аз емес. Қ.Тоқаев жаңа Үкімет басшысын ұсынып, депутаттар бірауыздан қолдай кеткенде жер тесігі болса, кіріп кетуге аз қалдым. Бүгіннен бастап, бұрынғы Қазақстан жоқ, жаңа Қазақстанды көретініме шаттанып отырғанымда бұл көрініс жүрегімді айнытып жіберді. Енді ше, «Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталды» деп президент Тоқаевтың өзі мәлімдегесін сенбей қайда барасың? Жең ұшынан жалғасқан коррупция, жеке адамның басына табынып бюрократиялық астамсу, халықтың ой-пікірімен санаспау, ойына келгенін істеу деген енді болмайтын шығар деген үмітім көкке ұшты. 

 

Жағымпаздықтан жарысқа түскен мәжіліс

Жаңа премьердің кандидатурасын (Әлихан Смайловты) Қ.Тоқаев ұсынғаны сол еді, мәжілісмендердің бәрі елп ете түсті. «Nur Otan»-ды қойшы, «Қарға қарғаның көзін шұқымайды ғой, Мәжілістегі екі оппозиция төрағасы жүрістерінен жаңылып, Президенттің ұсынысына «табынып» құлады да қалды. Үкімет басшысын жаңа көргендей жарыса, тамсана сөйлегенде «мақтаудың мектебін жақсы тәмамдаған шәкірттер екені» көрініп қалды. Осы Әлихан Асқар Маминның бірінші орынбасары болып жүргенде, елді қуаңшылық басып, жанармай қымбаттап, тауар бағасы сағат сайын өсіп, газ шарықтап, жанармай қалықтап, ел шулап ақыры бейбіт шеру – қанды бұлғаққа айналып, елді ғана емес билікті де тығырыққа тірегенін басқа білмесе де депутаттар білуі керек еді ғой. Әй, дүние-ай, қалай-қалай құбыласың тоты құстай түрленіп. Жаңа Қазақстан жасағысы келетін Қ.Тоқаевтың миссиясына кереғар ұстаным ғой бұлар. Оның орнына депутаттар жапа-тармағай дауыс беруден бұрын, ең болмаса (бұрынғы орынбасарды)  сұрақпен сілкілеп алғанда ғой. Әттең, тонның келтесі-ай!..

 Мәжіліс тарапынан сол баяғы жалбақтау, президентті құр мақтау тоқтамаған екен. Соған көзім жетті. Желдің қай жақтан соға бастағанын білетін қулар, «Елбасы, Тұңғыш президент» деген сөздерден ат-тондарын ала қашатынды шығарыпты. Керісінше Қ.Тоқаевты сарабдал саясаткер, көреген президентке теңегендері көзге қораш, елге сүйкімдерін кетіріп тұр...

Жаңашыл президент Қ.Тоқаев мұны сезінбеді деуге болмас. Күні ертең жарқын жоспарына көлеңкесі түспеу үшін, бәлкім Мәжілісті тарқатып, халық сайлаған депутаттарды жинар маңына. 

Сонымен Президент Қ.Тоқаевтың айтқандарынан көңілге не түйдім:

1. Оператор РОП-қа Утильсборды алуды тоқтатты. Енді машина құны төмендеуі мүмкін; 

2. Бай мен кедей арасы алшақтап жатыр. Олигополияға жол азаяды. Олигархтарға тықыр таянбақ;

3. Елдің мазасын қашырған ОДКБ сарбаздары 2-3 күнде үйлеріне қайта бастайды;

4. Атамекен гранты 400 АЕК 1166800 теңгеге дейін өседі;

5. Жастарға жаңа жұмыс орындары ашылмақ; 

6. Техникалық мамандықтарға басымдық беріледі. 5 жаңа жоғары оқу орны ашылады. Оның екеуі батыс аймақта;

7. Тұрып қалған ЛРТ жалғасады. Жемқорлықтың иісі шыққан сәтсіз жоба екенін атап өтіп, бірақ аяқтауымыз керек деп айтты;

8. Қытай шекарасындағы Хоргосты бақылауға алмақ. Миллиардтар бюджетке емес, біреулердің қалтасына кетіп жатқанын ашық айтты; 

9. «Самұрық-Қазынаны» қайта реформалау қажет. Болмаса мүлде қажеті жоқ дегенге барды;

10. Ал өзге бюджет қызметкерлерінің айлығы өседі. Нақты қанша % айтылмады;

11. 2025 жылға дейін инфляция дәлізі 3-4% болмақ;

12. Қағазбастылық азаятынын айтты. Бұдан өзге де көңілге жағымды жаңалықтар жетерлік;

13. Әскерге көңіл бөлу... Біздің жастар Отан алдындағы борышын өтеуден қашады (себебі жемқорлық, қатыгездік, ұрып-соғу, өлім-жітімінің көп болуы);

Президент Қ.Тоқаев: Бұл Қазақстанның жаңа даму кезеңі болады деп сөзін аяқтады! Айтқаны келсін!

 

«Еститін» үкімет, саған айтам, Президент, сен тыңда!

ТҮЙІН: 11 қаңтарда жаңа үкімет жасақталатыны елді елең еткізгені рас. Қандай үкімет жасақталмақ? «Еститін» үкімет пе, жоқ әлде құлағы керең, меңіреу үкімет пе? Үкімет құрамына кімдер тартылмақ? Құртаңдар ма, желеңдер ме? Жаңа үкімет бұрынғы үкіметтен несімен ерекшеленбек? Үкімет басшысына кім лайық? Жаңа үкімет қай тілде сөйлемек? Елді осы мәселе толғандырған. 

Үкімет – халықтың хал-ахуалына жауапты орган. Былайша айтқанда халықтың тыныс-тіршілігінің айнасы. Ол айнадан елдегі жұрттың тұрмысы мен экономикалық жағдайын бақылап отыруға болады.

Еліміздегі тәуелсіз сарапшылар қаншама рет дабыл қақты. Қымбатшылық елдің еңсесін езіп бара жатыр деп. Селт еткен үкіметті көрмедік. Әлеуметтік желідегі ағайынның жанайқайына да елп еткен үкімет болмады. Қымбатшылықтың апарар жері – кедейшілік. Сыннан қорытынды шығармаудың шегі – құлдырау. Ақыры не болды, «Ақырып теңдік сұраған» халықтың бейбіт шеруіне ұласты. Шерудің арты қанды қырғынға жалғасып кеткені жүрекке батқаны рас. Белгілі бір топтар бейбіт шеруді өз пайдаларына бұрып әкеткені қандай өкінішті! Әйтпесе шерулеткен шерменде елдің шері мүлде басқа болатын. Олар елдегі қымбатшылықтың шектен шыққанына наразылық танытып, үкіметтің соған назарын бұрғысы келген... бұрды да. Бірақ халық діттеген мақсатына жете алды ма? 

Иә, жаңа үкімет жасақталды. Оған біреудің көңілі толды, біреудің көңілі солды. Жаңа даму кезеңі басталса – үкіметке жаңашыл, былық-шылықтан ада жас буынның тартылуы керек еді. Бірен-саран кадрларда ауыс-түйіс болғанымен, баяғы жартас бір жартас күйінде қалғандай көрінді. Тұңғыш президенттің ізбасарларының «мұрты да» қисаймады. Жә, дейік. Көш жүре түзеледі. Әйтседе көңілде кірбің көп. Саяси реформа, халықтың талабы жайлы бір ауыз сөз айтылмады. Ел күткен Үкімет – мүлде басқа болатын. Ескі жүйе түбегейлі өзгеруі қажет еді. Шахмат тақтасындағы «тастарды» ауыстырды. Одан не өзгермек? Ол да ескерілмегені жанға батты.  Керісінше 20 000 лаңкес жайлы, бүлікшілердің қатігездігі жайлы қаһарлы ескертулер есте қалды. 

   Тура айтатын, халықшыл депутат Берік Әбдіғали Мәжілістегі жиыннан кейін «Атамекен бизнес» арнасында: «Егер бұл үкімет те тапсырмаларды орындай алмаса, халық тағы көшеге шығуға мәжбүр болады» деп айтып қалды. Бұл түсінгенге қатаң ескерту. Демек біздің ғана емес, бұл кісінің де жаңа құрамға онша көңілі толмай отыр. Қаншама халық көкейінде жүрген өте салмақты, тұжырымды пікірлер айтты, депутатқа рахмет! 

Жолдау біте салысымен «Хабар 24» арнасынанда Р.Ошақбаевтың бағдарламасын тамашаладым.  Аты қазақ, тегі қазақ Ошақбаев, өзгеге мазақ болып жүргенін әлі сезінбейтін сияқты. Өзі тәрізді қазақ тілінен жұрдай «үш ноянмен» бағдарламаға шығып жолдауды жететін жеріне дейін мақтап, үшеуі ақырында Тоқаевқа «Халық президенті» деп айдар тақты. Халықтың атынан сөйлеуге қандай құқы бар бұлардың? Шынымды айтсам тыңдауға жиіркенішті сөздері. Мақтау мен мадақтан, тіптен мына өмірден халықтың әбден шаршағанын тіпті де сезінбейді өздері. 

Бұрынғы президенттің түбіне мақтау мен жақтау жетіп еді, бүгінгі президент осылардан ада болса екен. 

«Жау жағадан алғанда бөрі етектен тартады» дегендей, елді әбігерге салған коронавирустың жаңа түрі пайда болып, оның елімізде кең етек жая бастағаны да айтылуда. Оған кешегі ашынған халықтың бейбіт шеруі мен қымбатшылық қосылды. Алда әлі талай қиындық күтіп тұр. Аналық ақ тілегім: Мың өліп, мың тірілген қазақпыз ғой, сабыр сақтайық, ағайын. «Сабыр түбі – сары алтын» деген ғой аталарымыз. Арандап қалудан, қызбалықпен жастардың қылмыстық іске шатылып кетуінен абай болайық. Осы жерден қадап айтып кететін жайт, заң орындары соттағанда, тергегенде содырлар мен жай халықты ажыратып, жастар жазаға тартылмауы тиіс. Оң-солымыз толы жау. Ішімізде де мысықтілеулі жұрт жетеді. Ең ұлы құндылық тәуелсіздік! Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы – қазақтың ынтымағында. Үкімет жасақталды, ел күткен межеден алыс. Ел тыныштығы үшінде  ел президенті осылай шешкен болар. Күдік пен күмәнға жақын. Қазіргі демократия туын тіккен әлеуметтік желідегі халық сыни-пікірді төгіп жатыр. Бірі нысанаға дөп тиеді, енді бірі лағып кетіп жатыр. Қалай десек те «жаңарған жаңа Қазақстан құру» бір күннің ісі емес. Бәлкім жылдар керек болар. Ең бастысы – іргетасы қаланды. Ниет дұрыс, жоспар айқын. Президент Тоқаев нақты тапсырма берді. Оны орындау үкіметке сын!

30 жыл бойы «сүйегі қатайып» кеткен жүйені, бір күнде қалыпқа салу құр қиял ғана. Оны бәріміз біліп отырмыз. Соған қарамай жаңашылдыққа талпынған президентті қолдамауға хақымыз жоқ. Жарқын болашақ үшін біз бәріне дайын болуымыз керек. 

Тек, кешегі халықтың бейбіт шеруі – билікке сабақ болғай. Халықтың ашуы – Алланың ашуы! «Бейбақ жеңді, бейшара көнді» қағидасы бұл жерге жүрмейді. Әділетті қоғамда ғана шындық салтанат құрады. Олай болса, «жаңарған Қазақияның» жаңа белесі құтты болғай! 

Сөзімнің соңын белгілі қоғам белсендісі Аймұханбет Бейсембековтің мына жазбасымен тәмамдағым келіп отыр:

 

ҚР ПРЕЗИДЕНТІ 

Қ.ТОҚАЕВТЫҢ НАЗАРЫНА!

 

 

ПРЕЗИДЕНТ ҰМЫТҚАН ҮШ  МƏСЕЛЕ ЖӘНЕ...

ҚР Президенті Қ.ТОҚАЕВ өз баяндамасында мемлекеттің тəуелсіздігі мен тұтастығының негізі саналатын үш мəселе туралы  бір ауыз сөз айтпағаны өкінішті-ақ! Біздің осы жиыннан күткен басты сұрақтарымыз да осы еді.

Бірінші мəселе – ҚР Конституциясы.

 

Қазақстан демократиялы зайырлы елдер қатарына қосылу үшін бірінші кезекте, жеке басқа табыну, диктаторлық жүйе орнатуға жол ашқан, 30 жылда «қызыл шимайға» айналып, 1000-нан артық түзетулер енгізген ҚР Конституциясын жаңадан қабылдау қажеттігі туралы бір ауыз сөз айтпады-ау!

Жақында болған қазақ тарихындағы ең бір қаралы күннің себепкері де, Ата заңның халықты биліктің жалдамалы малайына айналдырып, бір адамның ғана, биліктегілердің ғана ерекше құқықтарын қорғайтын құралға айналғанының айқын дəлелі.

 

Екінші мəселе – Мемлекеттік тіл.

Мемлекеттік тіл – сол мемлекеттің атауын алған ұлттың тілі. Сол тілді білуге, сол мемлекеттің əр азаматы міндетті. Мемлекеттік тіл – сол мемлекетте тұратын этностарды, ұлыттарды біріктіретін, достастыратын, бір-бірін түсінетін ортақ тілі.

Қазақстандағы ұлт араздығы да көп жағдайда екі тілділіктен туындап отыр.

Бұл мəселе тағы да ушықпай тұрғанда, Ата заңнан 7-баптың 2-тармағын жойып, орыс тілінің ресми тілдігін тоқтату керек!

Апаттың алдын алу керек екенін – қаңтар оқиғасы көрсетті.

 

Үшінші мəселе – ұлттық идеология.

Қазақстанда ұлттық идеологияның құрдымға кеткенінің айқын көрінісі – еліміздегі мемлекеттік төңкеріс жасауға əрекеттенген шетелдік жаулардың үгіттеуіне, алдауына қазақ жастарының көптеп түскені. Қазақ жастары бұзық ойлы діни секталар мен ағымдардың шырмауына түсіп, еркектер шолақ балақты, əйелдер беттерін жапқан, ұлттық дəстүрден безген, санасы уланған тобырға айналуда. Ұзақ жылдар құлдық санада мəжбүрлі тəрбиеленген қазақ жастарының көпшілігі орыс тілді қазаққа айналды. Қазір солардың кейбіреулері қазақ тілінің жалғыз мемлекеттік тіл болуына қарсы. Бұл масқара жағдай! Əсіресе билікте отырған «шала қазақтар». Ұлттық рух пен ұлттық намыстан айрылғандар Отанын да сатады. Сондықтан қоғамда ұлттық идеология мəселесі алдыңғы орынға қойылғаны жөн. Қазақстанда жаңа Конституция қабылданбай, бір ғана мемлекеттік тіл болмай, ұлттық идеология мемлекеттік саясатқа айналмай, қазақ елі зайырлы демократиялы елдер қатарына қосылмайды!

Қос билік өзінің қасіретті нәтижесін көрсетті. Сіз билікке ие болдыңыз. Менің бұған алып-қосарым:

 

1-мәселе: Қазақ лаңкес емес!

 

Тура қазіргі сәтте халыққа не нәрсені болса да ашық айту керек. Бұл бар қазақтың қасіреті. Қазір жазықсыз жапа шегіп түрмеде отырғандар қаншама? Жоғалғандар қаншама? Осы жерде сіздің қолдауыңыз, әділ шешіміңіз бен халықтың бірлігі қажет. Бір қазақты екіге бөліп қарауға болмайды. Қайғы ортақ, қасірет ортақ.

Бейбіт шеруге шыққан қазақ, тәртіп сақтаған қазақ, ұрылған қазақ, соғылған қазақ, арандап қалған қазақ, жазықсыз оққа ұшқан қазақ, бұның бәрі террористер емес! Сондықтан мына қиын шақта сіздің тарапыңыздан осылардың барлығына әділ шешім болғанда халық өзіңізбен бірге болады. Бұл аналардың да жанайқайы.

 

2-мәселе: Демография.

Қазақ көбеюі керек. Біздің жеріміз жер асты қазынаға бай. Оның қызығын Назарбаев пен оның отбасы, жанындағы үркердей топ көрді. Енді оны халық көруі тиіс. Біріншіден, жерасты байлығынан жаңа туған балаға ресми, заңды түрде дивидент (есепшоты ашылуы тиіс) берілсін. Екіншіден, Ресейге еліктейміз ғой, Ана капиталы ашылса, нұр үстіне нұр болар еді. Үшіншіден, шетелдерден келген қазақтарды оралтудың, орналастырудың жаңаша, нақты жолы ойластырылып, ол жүзеге асуы керек.

 

3-мәселе: Жемқорлық.

Сіз сөзіңізде елімізді құрттай жеп жатқан жемқорлық жайлы жақсы айттыңыз. Экономикамызға шідер болып жатқан алып компанияны, кеденді т.б. мекемелерді сынға алдыңыз. Өзіңіз айтқандай ашықтық, жариялылық қана нағыз шындыққа жеткізеді. Жемқорлық жайлаған жерлер, олардың иелері сіздің аузыңыздан анық, нақты айтылуы керек (халық оларды онсыз да біледі). Сол алпауыт жемқорлардың көсемі, оның отбасы, айналасындағылар миллиардтаған байлықты қалтасында, шетел есепшоттарында ұстап отыр. Сіз Утильсборды (РОБ) мекемесін мемлекет қарауына беруді үкім еттіңіз. Қалған жекешеленген мекемелерді де осылай етіңіз. Жемқорлардың (мейлі олар лауазымды орындарда отырса да) заңсыз жиналған қаражаты тексеріліп, елге қайтарылсын! Сіздің қашанда әділ болғыңыз келеді. Сенеміз. Бұл дүрбелең іріген жүйенің жемісі. 70 – 30=100 жылғы нәтиже. Атын атап соны орындаушылар отыр бәрін жоя алмаймыз.

 

4-мәселе: Ұлттық құндылық.

Денсаулық кодексінің 92-бабы бойынша мектеп қабырғасындағы 10 жастан жоғары балаларға жыныс қатынастың сауатын ашу. Халықтың наразылығына қарамай, естімей тура індеттің өршіп тұрған кезде осы заңды бекітіп жіберді. Сол қарқынмен 92-баппен қоса 21 жастан бастап жынысты ауыстыруға байланысты заңға қол қойылды. Бұл заң қазақтың өсуіне, тамырына балта шабатын заң екені белгілі. Сондықтан осы заңды қайта қарап, өзгерту бірден бір сіздің міндетініз деп халық сенім артып отыр. (Мысалы ЛГБТ и К бір жыныстыларды ашық және жасырын түрдегі насихаттауды тоқтату керек. Бұл біздің ұлттық құндылығымызға қарсы).

 

5-мәселе: Әйелдердің зейнет жасын қайта қарау.

Әйелдердің көбі өз мамандығы бойынша қызметте егде тарта бастағанда үлкен қиындықтарға тап болып жатады. Мысалы медбике болып қызмет істеген қарт әйелге ине шаншу қиын болуы мүмкін. Осы сияқты басқа мамндықтарда да көптеген мәселелер бар. Президент мыра! Жаңа Қазақстан ескі, таптаурын жүйемен жүрмеуі тиіс!

 

6-мәселе: Әлеуметтік желінің әлегі.

Өз үндеуіңізде де айтқан болатынсыз, арандату, пропоганда, түрлі фейк-ақпараттар қарыштап дамыған заманда желілерде өрмекшінің торындай қаптап жүр. Бұл мәселені газетімізде көтердік. Қазір бірден бір қолға алынып, тәртіпке келтіретін, баса назар аударатын дүние осы әлеуметтік желілердің «әлегі». Әлеуметтік желіде «ана әкімді ауыстыр, мына министрді ауыстыр» деген арандататын жазбалар көп. Аталарымыздың «өткелден өтерде ат ауыстырмаңдар» дегенін ұмытпасаңыз. Жастар өссін, сөз жоқ, бірақ тура қазір тәжірибелі, еңбегі сіңген ұлттық құндылықпен сусындаған кадрларды сақтау керек. Олар да осы елдің азаматы. Әлеуметтік желіні емес, салиқалы пікірлерді тыңдасаңыз.

 

7-мәселе. Қазақты бөле-жармау.

Бұл қасірет – қазаққа ортақ қасірет. Жазықсыз қамалған жастарға әділ қараңыз. Арасында шейіт болғандар бар. Күштік құрылымдар қазақты қинамасын. Зорлық-зомбылық жасамасын! Қамалғандардың барлығы қылмыскер емес!.. Желтоқсан көтерілісі екеуінің ортақ ұқсастығы бар. Ол Тәуелсіздігімізге жол ашса, кешегі жастардың бейбіт шеруі жаңа кезеңге жол ашты... Тарих болашақ бағасын береді. Бәрінен де бізге ел бірлігі, тұрақтылығы қымбат!..

 

АЛЛАҒА, СОДАН СОҢ СІЗГЕ АМАНАТ!

 

 

 

 

Сәуле Мешітбайқызы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері
20.01.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 42
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 123
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 36
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 42
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 50
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 42
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 118
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 123
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 314
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 308
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 931

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9004
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8399
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11625
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9382
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10609