Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің отырысында сөз сөйледі. «ҚАСІРЕТТІ ҚАҢТАР» САБАҒЫ: ҚОҒАМ ТҰТАСТЫҒЫ – ТӘУЕЛСІЗДІК КЕПІЛІ атты тақырыпта сөйлеген сөзінде ол: «Құрметті Төраға! Құрметті Мәжіліс депутаттары! Біз, біріншіңден, Тәуелсіздік тарихында біз алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болдық. Ел басына түскен осындай сынақты қайыспай біртұтас ел болып еңсере білдік. Енді біз мұндай жағдайға ешқашан жол бермеуіміз қажет. Сондықтан, еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралап, оның салдарына нақты баға беру – алдымызда тұрған өте маңызды міндет. Өкінішке қарай, бүгінде халық арасында осы оқиғаға байланысты түрлі қарама-қайшы, шындыққа жанаспайтын жалған ақпараттар тарап кеткенін көріп отырмыз. Мұның, әрине, бірнеше себептері бар: кейбір азаматтарымыз ахуалды егжей-тегжей білмей тұрып, қате пікірде болса, кейбірі әдейі ақпаратты бұрмалап, жағдайды одан бетер ушықтырады. Бірақ, бізге керегі – тек ақиқат қана. Сол себепті, оқиғаларды мұқият зерттей отырып, айтарым: жыл басынан бері орын алған барлық жағдайлар – бір тізбектің тармақтары деуге толық негіз бар. Екіншіден, ашығын айтсақ, бұл бірнеше жыл бойы алдын ала ойластырылған зұлымдықтың көрінісі. Олардың көздегені – өздерінің қатыгез пиғылдарын іске асыру болғаны айдан анық. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жеке тоқталғым келеді. Бұған қатысты түрлі қауесеттің, әсіресе, шетелде тарап жатқан жаңсақ пікірдің алдын алу қажет. Бұл ұйым ұжымдық қауіпсіздік мәселелерімен айналысады. Қазақстан – оның толыққанды құрылтайшысының бірі. Осы ұйымның барлық мүшелерінен жасақталған бітімгершілік контингенті Қазақстанға уақытша мерзімге ғана келді. Оған жүктелген міндеттер нақты айқындалған. Бұл – стратегиялық нысандарды күзету және ақыл-кеңес беріп, қолдау көрсету. Лаңкестерге қарсы операцияны толығымен Қазақстанның күштік құрылымдары жүзеге асыруда. Шын мәнінде, солардың жанкешті іс-әрекетінің арқасында төңкеріске жол берілген жоқ. Үшіншіден, қаза болған тәртіп сақшыларының, әскери қызметшілер мен қарапайым азаматтардың отбасына көмек көрсету – біздің қасиетті борышымыз. Бұл мәселе менің жіті бақылауымда болады. Тұрғын үймен, оқумен және басқа да қажетті нәрсемен қамтамасыз етеміз. Қысқа мерзім ішінде қираған дүние-мүлікті қалпына келтіру керек. Толығымен қалыпты өмірге ораламыз. Төртіншіден, қаржы жүйесі мен көлік саласының, азық-түлік жеткізу ісінің еш кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің тапшылығын, бағаның негізсіз көтерілуін болдырмау маңызды. Үкімет комиссиясы өз жұмысын бастап кетті. Ол азаматтар мен бизнеске қолдау көрсетеді. Мемлекет қаржылай көмекпен қатар, кәсіпкерлерге басқа да қолдау түрлерін ұсынады. Атап айтқанда, несиелер бойынша пайыздық төлемдер, айыппұл мен өсімпұл белгілеу тоқтатыла тұрады. Бесіншіден, еліміздің қауіпсіздігін нығайту және қауіп-қатердің алдын алу үшін шұғыл шараларды жүзеге асыру қажет. Біз сарбаздарды, әскери техника мен қару-жарақты қажетті жерге жедел жеткізу үшін әскери-көлік авиациясы паркін толықтыру ісін қолға аламыз. Мемлекеттік шекараны нығайтуымыз керек. Көші-қон, соның ішінде ішкі көші-қон саласын тәртіпке келтіретін кез келді. Қару-жарақ айналымын мұқият тексеріп, оны заң тұрғысынан реттеу қажет. Шұғыл түрде қираған ғимараттар мен арнаулы техниканы жөндеп, бейнебақылау жүйесін іске қосып, құқық қорғау органдарының қызметін қалпына келтіру керек.. Ең алдымен, еліміздің жаңа экономикалық тұғырын қалыптастыруды мықтап қолға алу қажет. Экономикалық саясатымыздың мақсаты – айқын. Бұл – заман талабына сай әлеуметтік бағдары бар нарықтық экономика құру және дамыту. Бұл жүйенің өзегінде қоғам алдындағы жауапкершілігін сезіне білетін кәсіпкерлеріміздің ауқымды тобы тұратыны анық. Яғни, бұл – өзінің және балаларының тағдырын Қазақстанмен ғана байланыстыратын кәсіпкерлер. Дәл осындай кәсіпкерлер ел болашағы үшін өзіне жауапкершілік алуға дайын. Сол себепті, кәсіпкерлікті дамыту үшін жүйелі жұмыс атқару өте маңызды. Мен бизнеске түскен бюрократиялық салмақты айтарлықтай азайтып, оның өсіп-өркендеуіне жол ашатын заңға қол қойдым. Үкімет осы заңның әлеуетін нақты іс жүзінде пайдалануы қажет. Әділ бәсекелестік біздің экономика үшін басты талапқа айналуға тиіс. Бүгінде бағаны ымыраласа отырып белгілеу қалыпты нәрсеге айналды. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сатып алу саласында картельді келісімдер жасасу кеңінен тарап кетті. Мысалы, Мен былтыр фармацевтика нарығындағы картельді ретке келтіруді тапсырдым. Бірақ, кейбіреулер заңнамадағы кемшіліктерді желеу етіп, бұл жұмысты аяқсыз қалдыруға тырысуда. Сондықтан, картельді келісімдер жасасты деген күдік болған жағдайда мемлекеттік сатып алуға қатысушыларды тексеруге тыйым салу туралы мораторийдің күшін жоюды тапсырамын. Келесі мәселе. Жылдан жылға біздің азаматтарымыз бен кәсіпкерлеріміз жанар-жағар май өндіру және оны бөліп-тарату жүйесінің ашық болмауынан зардап шегіп келеді. Тіпті, жанар-жағар май бағасын жарты жыл бойы қолдан реттеуге мәжбүр болып отырмыз. Осы кезеңде Бас прокуратура Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен, сондай-ақ Энергетика министрлігімен бірлесіп, осы саладағы жұмыстарды ретке келтіруге, оны реформалау үшін кешенді ұсыныстар әзірлеуге тиіс. Егер бұл жұмыс бір жолға қойылмаса, жанар-жағар май бағасын реттеу жүйесі сақталады. Келесі мәселе – «Самұрық-Қазына» қоры қызметінің тиімділігі. Бүгінде бұл қордың активі еліміздің ішкі жалпы өнімінің 60 пайызына жуықтайды. Яғни, осы ұйымның тиімді қызметі бүкіл экономикамызды өркендетуге тікелей әсер етеді. Қордың КЕГОК, Қазақгаз және Қазақстан темір жолы сияқты инфрақұрылымдық компаниялары экономикамыздың барлық дерлік секторының тиімділігін айқындайды. Осы тұста, қор өзінің негізгі міндетін орындап отыр ма, яғни ұлттық байлықты еселей алды ма деген орынды сұрақ туындайды. Қомақты жалақы алатын қызметкерлері, директорлар кеңесі немен айналысады? Қызметі өте қымбат консалтинг компанияларын және шетелдік мамандарды жұмысқа тартқаннан пайда бар ма? «Самұрық-Қазына» қоры еліміздің стратегиялық активтерін басқару ісінде басты рөл атқарады. Сондықтан, Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, квазимемлекеттік секторды түбегейлі реформалау үшін ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын. Егер Қорды реформалау мүлдем мүмкін болмаса, ондай құрылымның экономикамызда болмағаны жөн. Экономикалық өсім мемлекеттің экономикадағы үлесін азайтумен тығыз байланысты. Бірақ, жекешелендіру жүйелі және ашық жүргізіліп жатқан жоқ. Атап айтқанда, бәсекелестік ортаға берілуге тиіс активтерді іріктеу тәсілдері айқындалмаған. Оны шұғыл әзірлеу қажет. Үкіметке Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, тиісті Мемлекеттік комиссияның жекешелендіруге қатысты шешімдерінің толық ашық әрі айқын болуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Экономиканы әртараптандыру – күрделі міндет. Әртараптандыру болмаса, азаматтарымыздың әл-ауқатын арттырып, тұрақты жұмыс орындарын ашу мүмкін емес. Бұл жұмыстың басты бағыты – өңдеу өнеркәсібін дамыту. Дегенмен, ел экономикасындағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі айтарлықтай өсті деп айтуға келмейді. Біз әлі күнге дейін бірқатар өнім түрінен импортқа тәуелдіміз. Жыл өткен сайын еліміздің төлем балансында өткір тапшылық байқалуда. Алюминийден, мыстан жасалған дайын бұйымдар және машина жасау саласына қажетті жабдықтар әлі күнге дейін шетелден әкелінеді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша тек мұнай-газ және тау-кен машина жасау саласының импорты 4 миллиард доллардан асты. Әлде еліміздегі кейбір адамдар ахуалдың дәл осындай күйде болуына мүдделі ме? Үкімет бүкіл өнеркәсіп саласына терең талдау жұмысын жүргізуге тиіс. Шикізат қорын, құзіреттері мен экономикалық тиімділікті ескере отырып, бәсекеге қабілетті секторларды анықтау керек. Жүргізілген талдаудың негізінде нақты жобаларды әзірлеп, инвесторларды тарту қажет. Бұл – Үкіметтің жаңа құрамының алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Ауыл шаруашылығына ерекше назар аудару керек. Соңғы жылы елімізде қуаңшылық болды. Былтырға қарағанда жиналған астық көлемі 4 миллион тоннаға кеміді. Бұл шикізатпен және жем-шөппен қамтамасыз ету ісіне әсер етті. Болжам бойынша биыл да ахуал күрделі болуы мүмкін. Үкімет тұқыммен, жем-шөппен, тыңайтқышпен қамтамасыз ету мәселелерін және егін егу науқанын қатаң бақылауда ұстауға тиіс. Субсидияны тұрақты беруге қатысты мәселе жиі көтеріледі. Мен бұған дейін субсидиялау тәсілдерін қайта қарау қажеттігі туралы тапсырма берген болатынмын. Бұл жұмыс қысқа мерзім ішінде атқарылуға тиіс. Біз субсидия алуды жеңілдетуге, оның қолжетімді болуын және ашықтығын қамтамасыз етуге тиіспіз. Жуырда болған заң бұзушылықтардың қайталануына жол бермеу маңызды. Алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу қажет. Бұл Үкімет пен әкімдердің алдында тұрған негізгі басымдық екеніне айрықша назар аударамын. Егер нарықта азық-түлік тауарлары мол болмаса, инфляцияны ұстап тұруға ешқандай шара көмектеспейді. Қаржы жүйесінің тұрақтылығы ұлттық экономиканы одан әрі дамытудың кепілі екені белгілі. Экономика өсіп, халықтың табысында алшақтық пайда болғандықтан, тұтыну несиелері айтарлықтай артты. Оның мөлшері бизнесті несиелеу көлемінен асып кетті. Халық қазіргі уақытта көп несие алып жатыр. Осыны ескерсек, бұл қаржы нарығын құбылтып, әлеуметтік тұрақсыздық қаупін тудыруы мүмкін. Үкімет жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын әзірлеуді бастады. Бірақ, бұл тығырықтан шығатын жол емес. Ең алдымен, шектен тыс қарыздың көбеюін болдырмау қажет. Сондықтан, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Ұлттық банкпен бірлесіп, пруденциалды реттеу тетіктері арқылы нақты әрі жедел шешім қабылдауды тапсырамын. Баса назар аударуды қажет ететін тағы бір мәселе бар. Көптеген жас азаматымыз Қарулы күштер қатарында әскери борышын өтеуден қашады. Әскери билетке ие болу жастардың мақтанышын тудырмайды және Отанға қызмет етудің белгісі саналмайтын болды. Армия қатарында қызмет ету, құқық қорғау саласында жұмыс істеу – айрықша миссия. Бұл – Отан үшін жанын салуға бел буған азаматтардың саналы таңдауы. Жастарымызды әскери борышын өтеуге қалай ынталандыруға болатынын біз бүкіл қоғам болып ойластыруымыз керек. Біз – мықты халықпыз. Төл тарихымызда талай жаугершілік заманды, ашаршылықты және басқа да алапат қиындықты бастан өткердік. Соңғы күндердегі қайғылы оқиғалар біз үшін тағы бір сынақ болды. Оны еңсеріп, бұрынғыдан да мықты боламыз. Қадірлі отандастар! Қиын күндер артта қалды. Осы сәтте ел тағдыры үшін ұйыса білген бүкіл халқыма шынайы ризашылығымды білдіремін! Бәріміз бұл оқиғадан сабақ алуымыз керек. Ең бастысы, береке-бірлікті, тыныштық пен тұрақтылықты сақтауымыз қажет. Енді, Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталады. Бұл шынайы жаңару кезеңі болады. Егемен елімізді бірге өркендетейік! Халқымыз үшін Тәуелсіздік бәрінен қымбат. Жаңа Қазақстанды Бірге құрайық!»— деді.