Ауыл шаруашылығында қордаланған мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Атап айтсақ, олардың ең өзектісі әрі ең маңыздысы – жер мәселесі. Кезінде түрлі жағдайлармен жерді иеленіп алғандар әлі күнге сол жерді игермей, олар мақсатқа сай пайдаланылмай келеді. Ауылдықтар болса қолдағы малын асырап-сақтауға жайылымдық жер таба алмай бастарын тау мен тасқа соғуда. Бұған жергілікті билік те, басқа құзырлы органдар да бас ауыртып отырған жоқ. Олардың ойынша, есебі болса, болды. Сондықтан да, осы арада аудан, ауыл әкімі нақты жұмыс жасауы тиіс. Жермен шұғылданбайтындардан ондай жер телімдерін кері қайтарып алып, оны іске жарататындарға беру жолдарын қарастыру керек-ақ. Екінші мәселе – инфрақұрылым. Кеңес үкіметінен кейін жөнделмеген, тіпті қайла, күрек тимеген жолдар бар. Олардың тозығы әбден жетіп біткен. Үшінші мәселе – ауылдағы маман кадрларға қатысты. Ол да өзінің өзектілігін жойған жоқ. Мұғалім, дәрігерді айтпағанның өзінде, қазір механизаторға тапшы ауылдар қарасы көп. Ал, аграрлық мамандардың қаттығы агрокешенді тығырыққа тірейтіні анық. Ауылдағы келесі өзекті мәселе – азық-түлік қауіпсіздігі, ол – ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бір бөлшегі. Ғалымдардың есептеуі бойынша, азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі үшін әртүрлі азықтүлік, мысалы астық, ет, сүт және т.б. өнімдер 80- 85 пайызы сол елдің өзінде өндірілуі керек. Қалған жетпейтін өнімдерді басқа елден сатып алуға болады. Сондықтан, бұл жердегі басты проблема – сол жерді дұрыс пайдалану, оның құнарлылығын сақтау
Фото ғаламтордан алынды
Келесі мәселе – ауылдық жерлер үшін жергілікті өзін-өзі басқаруды енгізу, ол – ең демократиялық институт. Сол институт арқылы жерді бөлу, жерге иелік ету мәселесі де, жерді қалай пайдаланып жатқанын бақылау мәселесі де шешіледі. Бүгінгі күні мемлекеттен бөлінген қаржы жергілікті жерге жетпейді, бөлуде әділдік жоқ. Жалпы, кез келген реформа қабылданар уақытта ең алдымен міндетті түрде халыққа дұрыс түсіндіру қажет. Ауылдың тағы бір проблемасы – бұл азаматтық қоғамның дамымауы. Ең бастысы, ауылдың ішкі мәселесін шешуді халықтың өзіне беру – ауылды тірілтудің ең тиімді жолы. Осы бір демократияның құрылымдық институтының бірі болмаса ауылдың жағдайы осы күйінше қалады. Әр халықтың, әр ұлттың өз кәсібі бар десек, қазақ үшін ата кәсібіміз – мал шаруашылығы, біз соны дамытуымыз керек. Сондай-ақ ауылдықтардың ауызсумен қамтылуы, ауылдардағы көлік жолдары сынды жұртшылықтың басты проблемасына айналған өзекті мәселелер де бар. Рас, ауыл мәселесі аз айтылып, аз жазылып келе жатқан жоқ, бірақ, сөз бір басқа да, нақты іс мүлде басқа ғой. Мәселеге осы тұрғыдан қарасақ, кемшін соғып жатқан тұстарымызға келтірер мысалдар жыртылып айырылады. Мемлекет көмектеспейді деуден аулақпыз, бірақ, ауылдың көсегесін көгертер істер аз, тіпті мардымсыз. Бүкіл республиканы ауылшаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған ауылдықтар үшін өзі өндірген өніміне қойылар бағаның маңызы зор. Бағаны өнім өндірушілер емес, арадағы делдалдар, қала берді алпауыт монополистер белгілейді. Қазіргідей қатал нарық заманында бұл заңға томпақ келетін жәйт. Бірақ, бұған алаңдаушылық білдірген лауазымдылар жоқ. Кейде ашынғанда: «Бағаны ауыздықтауға шамасы келмейтін биліктің қоғамға қанша қажеті бар?» – дегің келеді. Біздіңше, бағаны ауыздықтау үшін ауыл шаруашылығы өнімін өндірушінің қойған бағасымен емес, монополистердің қызмет көрсету құнымен күресу керек сынды. Даланы да, қаланы да асырап-сақтап отырған ауылдарды билік «оңтайландыру», «модернизациялау», «урбанизациялау» деген сан түрлі желеумен құртып тынып, енді келіп оның тамырына қан жүгіртуіміз керек деп жанығуда. Шындығында бар гәп сол ауылдарға бөлінетін қаражатты бөліске салуда жатқан сияқты. Кезінде билік тарапынан ойлап шығарған «жекешелендіру» атты саяси науқан салдарынан ауылдағылар жерінен айырылып қалды. Ал, оны кезінде арзан тиын-тебенге сатып алған қалталылар бүгіндері соның қызығын көріп отыр. Одан ауылдықтарға тиетін соқыр тиын пайда жоқ. Ауылдағылар үйреншікті жұмыстарынан айырылғандықтан, екі қолға бір күрек іздеген жастар ауылды тастап кетіп жатыр. Онда қалғандар – қауқарсыз қарттар ғана. Қалада да жастарды күтіп тұрған жұмыс жоқ, сондықтан мұнда қоныс аударғандардың басым көпшілігі базар жағалап, кездейсоқ жұмыстан тапқан аз-маз тиын-тебенмен өлместің күнін көруде.
Фото ғаламтордан алынды
Биліктегілер бүгіндері «Дипломмен ауылға» деген ұран көтеріп, бар мәселені сонымен шешуге құлшыныс танытуда. Бірақ, тұрмыстық жағдай жасалмаған, орталықтан тым қашықта орналасқан ауылға өз еркімен кім бара қойсын? Осылайша қазақтың тағдыры саналатын ауылдың тамырына балта шабылып жатыр. Ал қазіргі жаһандану заманы елімізді адастырып, болашағы күңгірт ауылдарымызды күресінге лақтырып тастап кеткендей күй кештіруде. Халық қамын жейді деген депутаттарымыз биліктің айтқанынан шыға алмай, солардың ығына жығылып жатса, қоғамда қандай тың өзгеріс, қандай әділдік болуы мүмкін? Осы жылдың басында Парламент сайлауын өткізіп, халық қалаулыларының сапалық құрамын жаңғырттық дегенімізбен, оның өзі бұрыны таптаурын болған «әмбебап» тәсіл – партия тізімімен өткендіктен, оның әділ өткендігіне зор күмәнмен қарауға тура келеді. Себебі, оған халықтың өзі дауыс берген жоқ. Десе де, бұл жердегі ең басты мәселе, сол тізімге кімдердің кіргендігінде. Көпшілік жұрт парламент депутаттарының 50 пайызы партиялық тізіммен сайланып, қалғандары жеке-жеке округтерден бәсекеге түссе дұрыс болар еді деп қаласа да, билік «соқыр көргенінен жазбайды» дегендей, қашан болмасын адастырмайтын үйреншікті тәсілді таңдап алды. Себебі, билікке бәсекелестік орын алатындай ондай орта қажет емес, әйтпесе, сайлауға қатысты заң жобасын оны өткізгенше миға қонатындай етіп сан рет өзгертуге болар еді ғой. Оның үстіне, керек кезде биліктің заңды өз қалауынша өзгертетінін көзіміз көріп жүргені кешелі-бүгін емес қой. Ал, жақсылықты қашан да алдан күтуге үйренген халыққа Парламентте жұмысқа жан-тәнімен берілген, қалың жұрттың өз мойнына жүктеген міндеті мен жауапкершілігін терең сезінген адамдардың отырғаны керек. Арғы ата-бабадан артқы ұрпаққа мирас болып қалып келе жатқан ұлттық ерекшеліктерді тарих архивіне жібермей, қаз қалпында сақтап қаламыз десек, ең алдымен, ұлттық мүдде бірінші орында тұруы қажет. Шекарамен бөлініп, межесі бекітілген жерінсіз, туған ана тілінсіз ешбір ел мемлекет ретінде танылмайды, бұл – аксиома. Кез келген нәрсені түзету үшін, адамда ең алдымен соны қолға алсам деген ниет болуы керек. Сосын, қалың жұрттың бойын билік басына өмірден көріп-түйгені мол, жұртқа жаны ашитын басшы келсе, бәрін бомаса да, ауыл мәселесін оң шешуге түрткі салар еді деген үкілі үміт жылытатыны рас. Биліктің соңғы кездері ауылға мойын бұрып, ондағы әкімдерді халықтың өзі сайлайтын заң қабылдағанын құптаймыз, әрине. Соның арқасында ендігі жерде әр ауданның, ауылдың бюджеті бұрынғыдай орталықтан бекітіліп келмей, сайланған сол әкімдердің өз қолында қалатын болды. Бұл да болса, осыған дейін қатып келген мұз қатпарының ери бастағанына дәлел болса керек. Тек ауыл халқының мұң-мұқтажын ойлап, қалың жұртшылық мүддесіне қызмет етуді көздеген мұндай жаңашылдықтың өрісі кең болсын деп тілейік. Оның басында «Nur Otan» партиясы тұрса қані?!