Қаншама жылдар өтсе де қазақ тарихында мәңгі қалған ызғарлы Желтоқсан күндері мен түндері әлі күнге дейін көз алдымда. Адам баласы үшін бастан өткен оқиғаны еске түсіру үшін кездейсоқ әңгіме, газет-журналдағы мақала, немесе теледидар ақпаратынаң көрген бір үзіндінің өзі жеткілікті екен. Менің мамандығым механик, көлік жүргізушімін. Бір күні көлігіме мінген жолаушым салонның ішіңде «Qazaqstan dauiri» газетін ұмытып кетіпті. Ол газеттің барын кешкісін салонның ішін тазалап жүргенде бірақ байқадым. Босаған кезімде газетті қолыма алып оқи бастадым. «Ағайынды желтоқсаншылар» деген мақаланы оқып, біразға дейін өз-өзіме келе алмадым. Өзім іштей тынып, ешкімге тіс жармаған құпиям еді. Осы мақалада жарияланған ағайындыларды алаңнаң алып шығып, жол көрсеткен мен едім. Редакцияға қоңырау шалып, ағайындылардың телефон нөмірін немесе мекен-жайын білуге болатын шығар деген оймен жөн сұрасып, қайта көрісуге бел байладым.
Мен Көкиев Қоңыратбай Нартайұлы 1962 жылы 24 қараша айында дүниеге келгенмін. 1982-1984 жылдар аралығында интернационалдық әскери борышымды Ауған мемлекетінде атқарып, содан соң 1985 жылы Алматы қаласындағы Қазақтың Ауылшаруашылық институтында (СХИ) студент болып қабылданып, 1990 жылы аяқтадым.
1986 жылы 16 желтоқсан күні шамамен сағат «15:30-16:00» аралықтарында оқудан кейін бірге оқитын жолдас жігіттермен «Д.Қонаев атамызды орнынан алып тастапты» деген сөздерді естіген соң, Л.Брежнев аланына наразылығымызды айту үшін бардық. Біз барған кезде алаңда біраз адамдар жиналып қалған еді. Алаңға жиналған халық «Әр елдің өзінің көсемі болу керек» деген сөздерді ұрандатып айтып жатты.
Біз тұратын жатақханалардың қасындағы көшеде солдаттар саппен техникаларын әкеп қойды. Кеш бата сол сақадай-сай қаруланып тұрған солдаттар бұйрық алған болу керек, қолдарындағы дубинкаларымен, сапер күректерімен алаңға жиналған халықты ұрып-соғып, таратудың әрекетін жасады. Алаң бір сәттің ішінде қырғынға айланып кетті. Милициялар мен курсанттар тек қана шет жақта ұстаған адамдарды арнайы көліктерге отырғызып алып кетіп жатты. Алаңға жиналған халықтың саны айтарлықтай көбейе берді. Бейбіт шеруге шыққан халықтың талаптарына жауап бере алмай сасқан Үкімет өрт сөндіретін машиналармен алаңға жиналған халықтың үстіне мұздай су шаша бастады. Жастар ашуланып, мұздай су шашқан машиналарды жағып жіберді. Алаң нағыз майданға айналып кетті. Алаңда ары-бері жүгіріп жүргенімде өзіммен бірге оқитын жолдастарымнан ажырап қалдым. Талай форма киген милиция мен солдаттарды алаңдағы жас қыздардың қолын қайырып, шашынан сүйреп бара жатқан жерінен араша түсіп, айқасқан кездерім де аз болмады.
Мен тұрған жерге ит ұстаған адамдар келе бастағанын байқадым. Алаңның оң жағында өсіп тұрған шыршаларға қарай жүгіріп бара жатқан едім, қараңғыда байқамай бір аунап түстім. Шалынғаным адам болып шықты.
«Мен Жамбыл қаласынан келген едім, есімім Сағидула болады танысып қоялық, анау шыршаның арасында екі інім мені күтіп отыр. Біреуі аяғын жарақаттап алған», – деп қолымен шет жақта өсіп тұрған шыршаларды көрсетті. «Біз ауылға қайтып бара жатқан едік, жол көрсетіп жібересің бе?» – деп көмек сұрады. Сағидула мені өзінің екі інісімен таныстырды. Үлкені Сәкен, ал ақсаңдаған інісінің есімі Мұқан деді. Жігіттердің нағыз патриот екеніне көзім жетіп іштей риза болдым.
Мұқанның оң аяғы ақсандап, жүруден қалғанын бірден байқадым. Сол себептен қолға түсіп қалмау үшін үйлердің ішімен жүруге тура келді. Ағайындыларды Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» орналасқан жерге дейін шығарып салдым. Жатақханама жеткенімде шамамен уақыт 02:30-03:00 болып қалған. Сол түні жатақханада студенттер ұйықтамады. Барлықтары топ-топ болып бірігіп, таң ата алаңға тағы да барамыз деп дайындалып жатты.
17 желтоқсан күні сағат 09:30-10:30. шамасында жатақанадағы бірге оқитын студенттермен алаңға қайта бардық. Алаңның ортасын солдаттармен толтырып тастапты. Ал шет жақтарын айнала милиция мен әскери адамдар бірнеше-қатар қоршаумен шеңберленіп тұр екен. Халық көбейе берді. Транспорант ұстаған топтар әр түрлі ұрандармен наразылықтарын білдіре бастады. Бейбіт шеруге шыққан халықтың ішінде жас студенттер көп болатын. Милиция мен солдаттар жиналғандарды қуып, дубинкаларымен ұрып-соғып, қолға түскендерін арнайы көліктерімен алып кетіп жатты. 18 желтоқсан күні бізді жатақханадан шығармай қамап тастады, сыртқа шығуға мүлдем мүмкіндік бермеді. Уақыт өте алаңда болған жастарды маскүнемдер, наркомандар немесе нашақорлар деп айтыпты. Мен ондай адамдарды алаңда кездестірмедім себебі оның бәрі жала, сол кездегі саяси арандатушылық болатын.
1986 жылы Алматы қаласында болған Желтоқсан көтерілісі мен үшін үлкен тарихи күндер болып қалады. Қазақстан мемлекетінің егемендік алу жолында өз үлесімді қосқаным үшін мақтан тұтамын және Брежнев аланыңда болғанымды растаймын.
Сағидула, бауырым? Қайдасыңдар? Мен сіздерді сағынып, іздеп жүрмін…