2025 жылы 1 тамызда Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасында Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, жазушы, аудармашы Маруана Хамзақызының «Audarma» баспасы Америкада басып шығарған «SURVIVING AGAINST ALL ODS. The story of one Kazakh» кітабының тұсаукесері өтті.
Тұсаукесерді Қазақстан ПЕН клубының Президенті, белгілі жазушы, публицист Бигелді Ғабдуллин мырза жүргізіп, кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен тұсаукесер жоғары деңгейде өтті.
Төрт жыл бұрын, 2021 жылы «Қайран әкем» кітабы ХХ ғасырда қазақтың көрген бар нәубетін: ашаршылық, халық жауы атанып, итжеккенге айдалған, сталиндік репрессияны басынан өткізген әкесі Қамзаның тағдырын баршаға жеткізу мақсатымен жазылып, автор 2022 жылы кітапты орыс тіліне «ВЫЖИТЬ ВОПРЕКИ. История одного казаха» деп аударып, «Абай» баспасынан басылып шықты. Енді міне, кітап ағылшын тілінде жарық көріп, халықаралық деңгейде де танымал болады деген үміттеміз. Оған себеп те баршылық, өйткені Бостон қаласының тұрғыны, аты әлемге әйгілі жазушы, Нобель сыйлығының лауреаты Александр Солженицынның немересі Иван Солженицын кітапты оқып, «Amazon» платформасында жақсы пікір қалдырған екен. Кітап осы платформада қолжетімді.
Кітаптың лентасын белгілі ақын, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып, Алматы әкімшілігі қоғамдық даму орталығының өкілі Гүлсім Сапақова, Алматыдағы Сыртқы істер министрлігінің өкілі, кеңесші-дипломат Мақсат Нұрмағанбетов қиды.
Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы Мереке Құлкеновтың құттықтау сәлемі де жеткізілді.
Шараға американдық бизнесмен Джорж Богушевский қатысып, кітаптың Қазақстанның жаңа тарихын әлем елдеріне жеткізуге өз үлесін қосатын құнды дүние болатынына сенімділік білдірді. Кітап әлемдік деңгейде, Джек Лондонның сарынымен жазылып, қандай да қиыншылықтан аман алып қалатын адамның асқақ рухына арналғанын атап өтті.
Кешке «Қапал батыр» Қауымдастығы және «Қапал батыр кесенесі» қорының Төрағасы Тлегенов Аманберді Садықұлы, «Ұлы дала» Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, тарихшы Ғабиден Жакей, журналист, баспагер Қалдыгүл Жаныбаева, Бөкеевтер ұрпағы, ғалым Шолпанай Аманжолова, Tamos Education мектептерінің негізін қалаушы Дәурен Каупынбаев, басқа да аты елімізге әйгілі азаматтар қатысып, жаңа кітаптың қазақ тарихының ақтаңдақ тұстарын бар әлемге паш етуде атқарар рөлі зор екенін, келешек ұрпаққа берер тәрбие-тәлімінің маңызын атап өтті.