Қайсар режиссерге ескерткіш-тақта қойылды

Қайсар режиссерге ескерткіш-тақта қойылды

Қаңтардың 24-жұлдызында белгілі қоғам қайраткері, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі жайлы «Аллажар» фильмін түсірген қайсар кинорежиссер, сценарист, этнограф, «Барыс» киностудиясының жетекшісі, ұлтжанды азамат Қалдыбай Әбеновтің ескерткіш-тақтасы өзі тұрған үйдің қабырғасына ілініп, ашылу салтанаты өтті. 

Қалдыбай Торғайұлы Әбенов Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданында дүниеге келген. 1981 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық Мемлекеттік кинематографистер институтына, атақты Ю.Озеровтың шеберханасындағы режиссура факультетіне түсіп, оны 1986 жылы тамамдайды. Институтты бітіре салып, бірден «Қазақфильм» киностудиясына режиссерлік қызметке орналасып, «Шәкәрім» фильмін түсіруді қолға алады. Оны 1989 жылы жарыққа шығара сала Желтоқсан жайлы «Аллажар» фильмін түсіруге кіріседі. «Қазақфильм» киностудиясындағы №250 бөлмесіне қасіретті алаңда жапа шеккен, жазықсыз сотталған желтоқсандықтардың басын қосып, фильмге сценарий әзірлейді. Осы бір қиын да күрмеулі істің басында жүріп, саясатқа да қалай араласып кеткенін сезбей қалады. Себебі балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен кез. Желтоқсан жайлы ақиқат әлі айтылмады, қыршын кеткен Қайрат, Ләззат, Сабира, Ербол т.б. жастардың рухы ұлықталған жоқ, қаншама қыз-жігіт әділдік іздеуге де шамасы келмей, тентіреп кетті, біразы түрмеде жазықсыз жапа шегіп отыр. Сондықтан ашынған жастар батыл да жас кинорежиссердің күш-жігерінен рухтанып, «Желтоқсан» қозғалысын құрады. Қалекең лездемде Қазақстанның алғашқы демократиялық қозғалыстардың негізін қалаған сол бір алғашқы ұйымның Ақ туын жасап, жігерлі жастарды бір тудың астына жинайды. Сөйлегенде қырандай қомданып, шешендігімен ел назарын өзіне қарататын кинорежиссер 1990 жылы «Желтоқсан» ұйымы атынан Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумы жанынан құрылған 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының шындығын ашу және оған түпкілікті баға беру комиссиясының жұмысшы тобына кіріп, аса белсенділік пен қайраттылық танытады. Арада уақыт өте Қ.Әбеновтың қатысуымен 1990 жылдың 14 мамырында Үкімет үйінің ауласында «Желтоқсан» қозғалысының белсенділері саяси аштық жариялап, желтоқсаншы батырлардың біразын түрмеден босатып алады. 

Қаншама қиындықпен, небір кедергілермен күресіп жүріп түсіріліп біткен «Аллажар» фильмі Желтоқсан көтерілісінің 10 жылдығы қарсаңында, 1996 жылдың 17 мамырында алғаш рет Алматыдағы «Арман» кинотеатрының қос залында тұсаукесері өтіп, халыққа көрсетілді. Алдымен Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшыларының, ел басқарған лауазымды тұлғалардың, журналистердің назарына ұсынылып, сарабынан өтті. Әлемге әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматов, ақын Мұхтар Шаханов, жазушы Шерхан Мұртаза, француз киносыншысы К.Дрие, қоғам қайраткері, саясаткер Болатхан Тайжан, жазушы Смағұл Елубай, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов, белгілі журналист Уәлихан Қалижан «Аллажар» фильміне жоғары бағаларын берді. Тіпті, алаңда таяқ жеген қазақ жастарына үкім кескен, кезінде Қазақ ССР Бас прокуроры болған Шуткиннің өзі фильмге жоғары бағасын беріп, «бұл көркем туындыны ҚР Мемлекеттік сыйлығына ұсыну керек» деген пікір айтады. Бұл пікірді отандық журналистер іліп әкетіп, 1996 жылы «Аллажарды» ҚР Мемлекеттік сыйлығына ұсыну жайлы бастама көтереді. Өкінішке қарай, ол бастама аяқсыз қалады. Бұл фильмді Елбасы Н.Назарбаев екі рет алдырып көрген. Елбасының фильмдегі 4 кадрды өзгерту жайлы ұсынысын режиссерге И.Тасмағанбетов тұспалдап жеткізеді. Бірақ, Қалекең ақиқаттан аттай алмайтынын, тарихқа қиянат жасай алмайтынын ашық айтады. Сол сәттен бастап «Аллажарға» барлық есіктер жабылады. 

Ізденімпаз әрі еңбекқор режиссер мойымай, 2011 жылы «Жалаңтөс баһадүр» фильмін, ал 2019 жылы ғылыми-этнографиялық «Аңсар» атты кітабын жазып бітіреді. Алайда, тағдырдың теперішін көп көргендіктен жүйкесі сыр беріп, инфаркт пен инсульт ауруларына қатар шалдыққан Қалекең 2020 жылдың 9 шілдесінде, 69 жасында қайтыс болады. 

Желтоқсан шындығын тарихта қалдыру үшін үлкен ерлік жасаған Қалдыбай Әбеновтің мемлекет тарапынан алған ешқандай марапаты жоқ. Тек қоғамдық ұйымдар «Тау көтерген Толағай», «Алаш арыстарының ізбасары» т.б. сыйлықтарға ұсынған болатын. 2006 жылы Алматы қаласының ұлтжанды әкімі Иманғали Тасмағанбетов талай жылдан бері пәтер жалдап келген режиссерге «Жұлдыз» ықшамауданынан 2 бөлмелі пәтер сыйлайды. Аллаға шүкір, артында қалған Фараби есімді мұрагері осы үйде тұрып жатыр.

Осындай абзал азаматтың рухына тағзым етіп, есімін ел жадында қалдыру мақсатында өзі тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатуды Қалдыбай Әбеновтің шәкірті, «Аллажар» фильмінде режиссердің көмекшісі қызметін атқарған желтоқсаншы Ерлан Әбдірәшитұлы Декелбай қолға алып, Алматы қаласы әкімдігіне өз атынан өтініш жолдап, оны ономастикалық комиссия қолдап, игілікті іс тындырады. Ал мемориалдық тақтаның жасалуы мен орнатылуына Қалекеңнің жары – белгілі журналист Гүлжанат Шонабай қаржылай көмек көрсетеді. Режиссердің бейнесі кестеленген ескерткіш-тақтаның ашылу салтанатына туыстары мен желтоқсандықтар, журналистер мен қоғам қайраткерлері қатысты.   

Ашылу салтанатын Қалекеңнің шәкірті, документалист, ҚР Мәдениет қайраткері Ғазизхан Әділханов жүргізіп, «Аллажар» фильмі қазақ киносының керемет туындысы екенін атап өтті. 

Республикалық «Түркістан» газетінде «Казахское дело» сериялық топтамасының авторы Көлбай Адырбекұлы Қалдыбайдың басқа режиссерлерге қарағандағы ерекшелігі – деректі көркем фильм түсіруде қолтаңбасы зор екенін айтып өтті. «Қазақ тарихында 370-ке тарта ұлт-азаттық көтерілістер болды, солар жайында тарихшылар, әдебиетшілер, журналистер қанша жерден жазса да, олардың ешқайсысы кино тілінде түсірілмеді. Қазақ халқына жасалған соңғы репрессия – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі Қалекеңнің жанқияр еңбегі арқасында ұрпаққа ұран болып қалды», – деді қаламгер. 

«Қазақстан» ұлттық телеарнасының Алматы аймағы бойынша директоры Сәуле Жиреншина: «Қалдыбай ағаның өмірі енді басталды деп ойлаймын. Бұл уақытқа дейін тартқан зары, қорлығы, осы фильмді шығарудағы қаншама қудалануы – соның бәрі бір сәтте ұмытылып, артында қалған ұрпағына соның жақсылығы мен жеңісін көруді нәсіп етсін. Ескерткіш-тақтаның ашылуы шын мәнінде өте маңызды тарихи оқиға. Өз басым жеке 99 желтоқсаншы тұтқынның түрмеден шығуына атсалысып, ең соңында Мырзағұлдың түрмесіне дейін барып, бағдарламалар жасап, Мұхтар Шахановтың комиссиясында жұмыс істедім. Бүгін мына жерде барлық желтоқсандық тұруы керек еді. Өйткені олардың әрқайсысының ақталуына, отбастарына аман оралуына Қалекеңнің еңбегі зор болды. Осы фильм шыққаннан кейін мемлекеттің, бүкіл халықтың көзқарасы түбегейлі өзгерді. Бір уыс желтоқсаншыларға тағылған «заңды бұзушылар, нашақорлар, маскүнемдер» деген айыптардың барлығы нақақ жала екенін бұл кісі үлкен әдеби-көркем тілде көтеріп, Желтоқсан көтерілісінің мәнін аша білген аяулы азаматымыз, – деп тебіренді.    

Бұдан соң ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, «Qazaqstan dauiri» халықаралық газетінің бас редакторы Ертай Айғалиұлы, Республикалық «Желтоқсан» халықтық-отаншылдық қозғалысының төраға орынбасарлары Ерлан Әбдірашитұлы мен Әлібек Мұзаффар, Қалекеңнің туған әпкесі Алтынкүл Әбенова жиналғандар алдында ақ тілектерін жеткізіп, өскелең ұрпақ үшін ескерткіш-тақтаның құндылығы жоғары екенін атап өтті. 

 

Гүлжанат ШОНАБАЙ
01.02.2024

Ұқсас жаңалықтар

Таза Қазақстан республикалық акциясы
Тараз қаласының әкімдігі - 28.04.2024 15
ҚАБЫЛДАУ
Сарысу ауданы әкімдігі - 28.04.2024 17
Бірлік жарысы
Тараз қаласының әкімдігі - 28.04.2024 13
Тараз таза қала
Тараз қаласының әкімдігі - 28.04.2024 13

Топ жаңалықтар

1
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 1093
2
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 7140
3
Желтоқсан батырлары—саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі
Show more
Сұхбаттасқан Шаргүл Қасымханқызы - 2023-06-02 10991
4
Қарағандыда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні өтті
Show more
- 2023-06-01 7203
5
Қарағандыда “Қасіретті КарЛаг” Республикалық жыр мүшәйрасы өтті
Show more
- 2023-05-31 7348