Қарлығаштың қанатымен су сепкендей қайырымдылық жасау — сауапты амалдардың бірі. Сондай игілікті істердің қатарында мұқтаж жандар үшін қан тапсыру да азаматтықтың асқақ айбыны, жақсылықтың жарқын мысалы, мейірімділіктің белгісі.
Ерікті донорлар — сан алуан ортадан шыққан әртүрлі жастағы адамдар. Өз еркімен ақысыз және қайтарымсыз қан тапсыру туралы шешім қабылдай отырып, азаматтар миллиондаған адамның өмірін құтқару мақсатында игі іс жасайды. Қан донорлары ауыр науқастардың өмірін ұзартуға көмек қолын соза алады, олардың қан компоненттері ең күрделі хирургиялық операцияларда қолданылады, сонымен қатар ана мен баланың денсаулығын қорғауда маңызды рөл атқарады.
Осы орайда, Жуалы аудандық орталық ауруханасының базасында 2023 жылдың 11 тамызы күні «Донор күні» акциясы ұйымдастырылады. Қолдау білдіріп, қайырымды іске үлесімді қосамын деген азаматтарды шақырамыз!