Сол күндердің ызғарын әлі ұмыта қоймадым. 1986 жылы желтоқсан айының 17-сі күні Алматы поштампында телеграфист болып жүргенде Брежнев алаңында жастар Қонаевты алып тастап, басқа жақтан Колбин деген біреуді жіберіпті дегенді естідік. Алаңда жастар наразылықтарын білдіруге жиналып жатыр екен дегенді айтқасын, біз де бірнеше қыздар болып солай қарай троллейбусқа мініп, Фурманов пен Абай көшесінің түйіскен жеріне дейін бардық та, әрі қарай жаяу көтерілдік. Содан түнге дейін болып, одан қашып жатақханаға жеттік. Келесі күні таңертең қайта жиналып, Ленин даңғылымен төмен қарай жиналған жастармен бірге колонна болып, КазПИ-да қамалып тұрған студенттерді босатып, одан әрі қайта алаңға келдік. Ол күні де түннің ортасында қашып жатақханаға жеттік. Ал 19-ы күні кешке қарай 2 тергеуші жатақханаға келіп мені алып кетті. Фрунзе ауданындағы РОВД-да желтоқсанның 21-не дейін тергеп, 21-де сотқа әкеліп, 15 күнге қамауға үкім шығарды. Масаншы көшесіндегі УВД-ның жертөлесіндегі камерада 30-ға жуық қыз отырдық. Содан 15 күнді өтеп шыққасын қиындықтар басталды. Өмір деген қызық қой, қанша қиындықтар көрсек те мойымауға тырысып, қайтадан аяққа тұрдық. Ақталу мәселесін тек 2020 жылы ғана қолға алдық. Сөйтіп, мұрағаттан құжаттарымды тауып, ақталу куәлігімді алдым.