Мемлекетіндегі Елшісі Арман Исағалиев Катар Консультативтік кеңес төрағасы Хасан Абдулла Әл-Ғаниммен кездесті.
Сұхбат барысында екі елдің парламентаралық ынтымақтастығының қазіргі жағдайы талқыланды. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл ақпан айында Дохаға жасаған мемлекеттік сапары аясында Консультативтік кеңесте сөйлеген сөзі жергілікті қоғам тарапынан ерекше ықыласпен қабылданғаны мәлім етілді.
А. Исағалиев Қазақстандағы саяси, экономикалық және әлеуметтік салада қолға алынған кең ауқымды реформалар бойынша толық ақпарат ұсынды. Сонымен қатар, негізгі салалардағы жобаларды дамыту үшін ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік орнату туралы екі ел үкіметтері наурыз айында қол қойған келісім негізінде бірлескен жобаларды жүзеге асыру қолға алынғанын хабарлады.
Өз кезегінде, Х. Әл-Ғаним қол жеткізілген уағдаластықтардың сапалы түрде орындалуына екі ел парламенттері жан-жақты қолдау көрсетулері маңызды деп мәлімдеді. Бұдан бөлек, Қатар парламентінің спикері Қазақстандағы бірқатар салаларда, оның ішінде әлеуметтік қорғау бағытында орын алып жатқан оң бетбұрыстар халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаға лайық екенін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қазақ-қатар стратегиялық ынтымақтастығын одан әрі нығайту мақсатында жоғары деңгейдегі өзара сапарлар мен бірлескен іс-шаралар жоспарын қарастырды.