Қауіпсіз қоғам – адамзаттың жарқын өмірінің кепілі. Қауіпсіз қоғамда адамдардың өмір сүруге деген құштарлығы артады. Бір-біріне деген мейірімділігі күшейеді. Қауіпсіз қоғам жастардың да болашаққа деген, жарқын өмірге деген сенімін нығайтады. Билікке деген патриоттық сезімдерін оятады. Қауіпсіз қоғам заң арқылы нақтыланады. Заңы берік елдің қоғамы да қауіпсіз! Адамдары да еркін. Жастары да белсенді. Ел Президенті Мәжілісте заң үстемдігін жоққа шығаруға жол берілмейтінін, заңға деген құрмет әрбір азаматқа ортақ міндет ретінде дәріптелуі қажет екенін шегелеп тапсырды. Соған орай бұл мемлекеттік органдарға ғана емес, барша халыққа ортақ міндет деп санайтынын жеткізді. Сондай-ақ қылмыспен күресу және қоғамдық тәртіпті сақтауда заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету Әділетті Қазақстанды құрудың басты шарты екенін айтып, құқық қорғау органдарына құқықбұзушылықтың алдын алу мәселесіне баса мән беруді міндеттеді. Бұдан бөлек, кәмелетке толмаған азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аударып, полицияға білім беру басшылығымен бірлесе жұмыс атқаруды міндеттеді. Сонымен қатар Президент есірткінің таралуына батыл түрде тосқауыл қоюды, киберқылмыспен және интернет-алаяқтықпен күрес шараларын күшейту жөнінде тапсырма берді. Осы ретте, біз Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін сапалы орындауда, елімізде заң үстемдігі мен әділдікті сақтауда нақты нәтижелерге қол жеткізуге барлық шара қабылдауымыз қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы жиынында: «Тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия да қазіргі уақыттағы қатерлі үрдіс. Ашығын айтсақ, қоғамда қатыгездік күшейіп барады. Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, тіпті, ұрып-соғуға дайын тұратындар аз емес. Мұндай теріс әрекеттерге көз жұма қарауға болмайды. Біз осы қоғамдық дертті жасырмай, ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз үйде де, түзде де өзін қауіпсіз сезінуге тиіс. Бір сөзбен айтқанда, қауіпсіз ортада өмір сүруі керек. Заң мен тәртіп қатаң сақталуға тиіс, яғни қоғамда заң үстемдігі болуы қажет», – деп атап көрсетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты осы жылғы 15 сәуірде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды. Осы заңға сәйкес, бірқатар нормативтік актілерге, оның ішінде Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі, Қылмыстық процестік кодексі, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі, Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы кодексі, Еңбек кодекстеріне өзгеріс енгізілген. Нақты айтқанда, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіндегі денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру (73-1-бап) мен ұрып-соғу (73-2-бап) диспозициясы бойынша әрекеттер криминализацияланып, сәйкесінше Қылмыстық кодекске 108-1-бап, 109-1-бап болып өзгеріс енгізілді. Мысал ретінде қолданыстағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстегі денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әрекеті он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не он бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келеді. Осы ретте енгізілген өзгерістерге сәйкес, Қылмыстық кодекстің 108- 1-бабы бойынша денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әрекеті үшін – 200 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не елу тәулікке дейін қамауға алу жазасы тағайындалуы мүмкін. Мұның бәрі қауіпсіз қоғамның алғы шарттарын қалаудағы ізгі іс! Ел Президенті де қауіпсіз қоғам орнату үшін заң талабын да қатаңдатуды қалап отыр. Бұл – ел тыныштығы үшін, балаларымыздың қауіпсіз қоғамда өсіп-өнуі үшін жасалып жатқан қадамдар. Тек бұған ел болып үлес қосу бәрімізге сын! Қауіпсіз қоғам бәрімізге керек.