«Қаңтар оқиғасы» кезінде жазықсыз қаза тапқан азаматтардың отбасына қашан, қандай көлемде өтемақы төленетіні белгісіз. Ал жаппай тәртіпсіздік кезінде жақындарынан айырылған кейбір жандар тіпті іске қатысты тергеудің басталмағанын айтады. Осындай жағдайда жүрген отбасыларға қашан, қандай көлемде өтемақы төленетіні белгісіз. Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, антитеррорлық операцияның толық аяқталғанын күтіп отырмыз дейді. Алматы қаласы стратегия және бюджет басқармасының басшысы Алмас Батанов: «Қазір қалада антитеррорлық операция жүргізіліп жатыр, оның қорытындылары әлі бітпей, оларға төлемақы төлеу ерте деп санаймын. Тергеу істері болады, сол біткеннен кейін зардап шеккен бейбіт тұрғындардың төлемақысын төлеу туралы мәселе қаралатын болады деп ойлаймын», – дейді. Басқарма басшының сөзінше, жұмыста жүріп жарақат алған қызметкерлердің 98 пайызына 400 млн теңге өтемақы берілген. Ауыр жарақаты барларға 2 млн, орташа халдегілерге 1 млн, ал жеңіл жарақат алғандарға 500 мың теңгеден төленіпті.