«Qazaqstan dauiri» газеті Тәуелсіздіктің төл құрдасы. Газетімізге 30 жыл!

«Qazaqstan dauiri» газеті  Тәуелсіздіктің төл құрдасы. Газетімізге 30 жыл!

Тұғыры берiк туыстық

Қазір қоғам арасында беделі артып, зиялы қауымның сүйіп оқитын басылымының біріне айналған «Qazaqstan dauiri» (Қазақстан-Zaman) газеті Қазақстан Тәуелсіздігінің төл құрдасы саналады. Өйткені ол Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылы 17 қаңтарда ашылған-ды. Аталған газет сол тұста  Қазақстанда ашылған тұңғыш шетелдік еларалық еркін басылым болды. Содан бергі уақыт кеңістігінде біздің басылым түркі руханиятын көтеруге және осы елдің байырғы халқы – қазақ ұлтының сөзін сөйлеп, қазақ мүддесіне қызмет ету жолынан айныған емес. Қазақстан мен Түркияның арасындағы екiжақты ресми байланыстың орнағанына да биыл 30 жыл толды. 

Түркия – Қазақстан тәуелсiздiгiн алмай тұрып, болашақ iргелi ел ретiнде бағалап, мойындаған бiрден-бiр мемлекет. Әлемде дипломатияның ағайынгершiлiк пен бауырмалдықтың ерекше үлгiсiн Нұрсұлтан Назарбаев пен Тұрғыт Озалдың бiр-бiрiне деген сонау 90 жылдардағы екеуара ықыласынан танимыз. Тұрғыт Озал 1991 жылы ресми сапармен түркi елдерiн аралап, сол жылдың наурыз айында ат басын Қазақстанға бұрды. Мәртебелі қонақ Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Әбiшұлымен жүздесiп, кең пiкiр алмасты. Екеуара болған әңгiме-дүкен барысында дәуiрдiң бағыты мен заманның лебi өзгерiп, түркi дүниесiн тұмшалаған түнектiң түрiлiп келе жатқанын сезiндi. Мән-жай ұғысқан соң, екiжақты экономикалық-саяси және мәдени шараларды iске асыру жөнiнде тұңғыш келiсiмшартқа ресми түрде қол қойылды. Халықаралық саясатта бiр ел тәуелсiздiгiн алмай тұрып тәуелсiз бiр елмен келiсiмшартқа отыратын болса, онда бұл сол мемлекеттің оны тiкелей қабылдағаны, яғни тәуелсiздiгiн мойындағанының көрiнiсi ретінде түсiнiледi және солай қабылданады. Қазақстан тәуелсiздiгiн жариялағанда Түркия Республикасының араға сағат салмай жатып оның егемендiгiн танығаны – соның айғағы. Түркияның сол кездегi Президентi марқұм Тұрғыт Озал қазақтың азаттығына шаттанып, сол сәтте-ақ Н.Назарбаевты құттықтады. Бұл – оның наурыз айындағы келiсiмшарттардың халықаралық деңгейде атқарылатынын әлемге паш еткенi болатын. 

Екi елдiң сол кезеңге дейiн кеудесiне симай, лықсып тұрған бауырмалдығы, бiр-бiрiне деген қылаусыз ықыласы сол сағаттан бастау алды. Көп ұзатпай Қазақстаннан Түркияға делегация аттанды. Соңыра, Қазақстанның iзiмен түркi елдерiнiң барлық басшысы Түркияға келiп, Түркi елдерiнiң тұңғыш Саммитiн өткiздi. Түркия 1992 жылы Қазақстанда ең алғашқы Елшiлiгiн ашқан ел ретiнде тарихта қалды. 2 наурызда ресми Анкара Қазақстанға тағайындаған тұңғыш Елшiсiн аттандырды. Елшi Қазақстан Президентiне Сенiм Грамотасын бiрiншi болып тапсырды. Араға бір жарым айдай уақыт салып, Қазақстан тарапынан тағайындалған тұңғыш Елшi Қанат Саудабаев екiжақты қарым-қатынасқа даңғыл жол салып, ағайындас елдер арасында  сыйластықтан тұратын достық кірігудің қайнар көзін ашты. Сол кезден бастап саяси институттарды жетiлдiру бағытында қарымды iстер қолға алынды. Мәдениет саласындағы ең алғашқы шара – екi ел арасындағы студент алмасу басталды. Соның нәтижесiнде 1992 жылы Қазақстанға Түркиядан оқуға 12 студент келді. Құдайға шүкiр, содан бері Қазақстан мен Түркияның мәдени-саяси, экономикалық байланыстары қарқынды дамып келедi. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтпақшы, 20 жылдың iшiнде Қазақстан мен Түркия арасында бiрде-бiр кедергi, жанжал болмай, барлығы да жоғары дипломатиялық деңгейде келiсiлiп, екi елдiң мүддесiмен санаса отырып шешiліп келеді. Бұл – бiр жағынан ағайынгершiлiк түсiнiстiк болса, екiншiден, екiжақты сый-құрметтiң белгiсi. Түркия – Қазақстанға ең алғаш университетін ашқан ел ғана емес, осы елге алғашқы болып инвестиция құйған да ел. Қазақстан тәуелсiздiгiн алған кезде экономиканың тоқырап, фабрика-зауыттар жұмыстарын тоқтатқан аса қысылтаяң шақта Түркия Президентi Тұрғыт Озал да, Премьер-Министр Сүлеймен Демирел де бауырлас мемлекеттен көмек көрсетуден аянып қалған жоқ. Сол жайлы Демирелдің: «Ол кезде Түркияның өзi де экономикалық жағынан оңып тұрған жоқ едiк. Өзiмiзде жоқ болса да, тәуелсiздiгiн алған Орта Азиядағы бауырларымыз үшiн өзгеден несие алдық. Ол кезде 1 миллиард доллар аз қаражат емес, бiрақ, бiз қаржының бетiне қараған жоқпыз. Ол ақша қайта ма, қайтпай ма, оны да ойлаған жоқпыз. Ел қатарына iлiгiп кеткенше қазақ бауырларымызға көмек берудi парыз деп санадық», – дегенi бар.  Ең алғаш Елшiлiгі мен халықаралық бiлiм ошақтарын ашып, ең алғаш инвестиция салған, Астанада да, Алматыда да ең алғашқы бес жұлдызды мейманхана салған ел  – Түркия. Оған, әрине, зор мүмкiндiк жасалды. Түркия компанияларының Қазақстанға келiп, емiн-еркiн жұмыс iстеп жатқанын көрген өзгелер де Қазақстанға инвестиция құюға, Қазақстанда жұмыс жасауға сенiмi артып, бiртiндеп келе бастады. Әсiресе, Қазақстан жаңа астана салған кезеңде күнi бүгiнге дейiн Түркияның iскер адамдары құны 15 млрд долларға пара-пар келетiн тұрғын үй және өзге де ғимараттар салды. Астананың ажарлануының 65 пайызы Түркия құрылыс компанияларының үлесiнде. Бұл – үлкен мақтаныш. Өйткенi, ағайынды екi елдiң өзара үйлесiмдiлiгi – жиырма жылдық сабақтастықтың нәтижесi. Мiне, осындай сындарлы жылдар iшiнде iрге ажыратпай, ара суытпай, екi ел басшыларының тәуелсiздiктен бұрын жолға қойған сенiмiн жалғап келе жатқанымыз – ағайынгершiлiкке сызат түсiрмегенiмiздiң көрiнiсi. Астананың 2012 жылы түркi дүниесiнiң мәдени астанасы  атануы да қос ел үшін кереметтей зор қуаныш.  Қазақстан тәуелсiздiкке қол жеткiзген соң, екi елге ортақ қуаныш – мәдени-ақпараттық саладағы байланыстарды күшейту жолында «Қазақстан-ZAMAN» газетi қос ел президенттері Тұрғыт Озал мен Нұрсұлтан Назарбаевтың ақ бата беруімен ашылып, Түркияның «Заман» газетінің қаржыландыруымен қазақ және түрік тілдерінде шықты. 

Жалпы Қазақстан мен Түркия арасындағы туысқандық қарым-қатынастардың дамып, тереңдеп нығаюына бұрынғы «Қазақстан-ZAMAN» газетінің қосқан үлесі өте зор. Бұл басылым шын мәнінде ұзақ жылдар бойы бір-бірінен қол үзіп қалған бауырлас қос ел арасындағы алтын көпір рөлін атқарып отыр. Оған газеттің екі ел тарихына, салт-дәстүрі мен мәдениетіне, бүгінгі тыныс-тіршілігіне ерекше назар аударатындығы, оқу, білім, тарих, дін, мәдениет, отбасы, денсаулық, саясат пен экономика, шетел жаңалықтары, ел құлағын елеңдетер әлем оқиғалары, әлеуметтік мәселе, жекелеген адамдардың тағдырына қатысты жанайқайлар, спорт, т.б. тақырыптарды назардан тыс қалдырмай, үнемі жариялап келе жатқандығы дәлел бола алады. Әрине алдағы уақытта газетіміздің 30 жылдық мерейтойына байланысты оның тарихынан материалдар, басылымды басқарған және онда жұмыс істеген журналистерден сұхбаттар жариялап отырамыз. Мерейтой құтты болсын, қадірлі оқырман!

Газет дүниеге келген алғашқы сәттерден бастап Түркия мемлекетінің арнайы өкілдері басылымның бас директорлық қызметін атқарды. Олар: Әли Байрам (1992-1997 ж.ж), Әдем Йылмаз (1997-1999 ж.ж), Эрсин Демиржи (2000-2004 ж.ж), 2004 жыылдан бастап күні бүгінге дейін осы қызметте істеген Ахмет Аляз мырзалар. Халықаралық «Қазақстан – Zaman» газетін әр жылдары мынадай адамдар басқарып, басылымның Бас редакторы қызметін атқарды: 

 

Қалтай Мұхамеджанов 1992-1994 жж.

Қазақтың белгілі қаламгері, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Қалтай Мұхамеджановтың газетіміздің ашылуына қосқан үлесі зор болды. Тәуелсіздігіміздің алғашқы қиын жылдарына қарамастан журналистердің бір ошағын ұйымдастырып, екі жыл қатарынан газетті басқарып, оны елге танытып, салиқалы басылымға айналдырған Қалтай аға шебер ұйымдастырушы, білікті редактор еді. Кейін «Түркістан» газетін де дүниеге келтіріп, оны біраз жылдар басқара отырып, белгілі басылымдардың қатарына қосты. 

 

Болат Бодаубаев 1994-1995 жж.

Газет аз уақытқа белгілі себептермен шықпай қалды. Еліміздің де, түркі мемлекеттерінің де болашағы үшін қажет басылым ретінде «Қазақстан-Zaman» газетінің қайта жарыққа шығуы қажет болды. Қаламгер ретінде де, қоғам қайраткері ретінде де өзіндік орны бар Болат Бодаубаевтың бас редакор болуы кездейсоқтық емес-тін. Газет ұжымын қайта жарақтап, баспасөз әлеміне жол тарту оңай шаруа емес-тұғын. Мұндай ауқымды істерге асқан іскерлік, ұйымдастырушылық және қаламгерлік қабілет қажет екені бесенеден белгілі. Болат Бодаубаев аз уақытта нақ осы үдеден шыға білді. 

 

Жұмабай Шаштайұлы  1995-2000 жж.

Сол тұста, шынында да, газетті биікке көтеріп, елге танымал ететін бір бас редактор ауадай қажет еді. Жұмабай Шаштайұлы бұрын көркем дүниелерімен танылып келе жатқан жазушы ғана емес, баспасөзде біраз жылдар жұмыс істеп, тісқаққан журналистке айналған тәжірибелі бөлім редакторы ретінде де танылды. Жұмабай Шаштайұлы газетке келген соң кадрлар мәселесіне өте ден қойды, ұлттық мүдде мәселелерін жарқыратып шығарды. Міне, соның арқасында газетті елге танытты. «Қазақстан-Zaman» газеті осы жылдар ішінде қалың оқырман іздеп жүріп оқитын айнамкөз басылымға айналды.

 

Марат Тоқашбаев 2001-2005 жж.

Газет ғұмыры да адам өмірі тәрізді. Бірде биікке шықса, бірде ылдиға төмендейді. Бұған әлеуметтік мәселелер де, редактордың шеберлігі де ықпал етері кәміл. «Қазақстан-Zaman» аты елге танымал тәжірибелі журналист Марат Тоқашбаев басқарған кезде басынан осындай жағдайларды кешті. Жабылып қала жаздап, қайта көтерілді. Марат Тоқашбаевтың оң қолы болған директордың бірінші орынбасары белгілі журналист, фототілші Рахымбай Ханалы газетті сақтап қалуда зор еңбек сіңірді. Мәкеңнің кезінде газет өзіндік өрнегін қалдырды, көлемі 32 бетке жетті. Ол кісінің бастамасымен «Мөлдір бұлақ» журналы дүниеге келді.

 

 Ертай Айғалиұлы 2005 жж.

Балалар жазушысы, белгілі басылымдарда ұзақ жылдар бойы журналистік қызмет еткен Ертай Айғалиұлының тәжірибесі мол болатын. «Қазақстан-Zaman» ЖШС-на бас редактор болып келген ол осы газеттің корректорлығынан оның Бас директорлығы  дәрежесіне дейін жеткен Ахмет Аляз екеуі бірлесіп, газетті біршама биікке көтерді. Ұлттық мүддені басты мақсат етіп қойды, газеттің тақырыптарының да сан алуан болғанын қадағалаған газет ұжымы басылымды зор ізденіспен шығара бастады, таралымы тез көтерілді. Халықтың жанайқайына ден қоя отырып,  бас редактор өткір тақырыптарға бара білді. «ХХІ ғасыр ауылы қандай болуы керек?» экспедициясымен бас редактордың өзі республика аймақтарын аралап, айлар бойы жолда жүрді. Бұл басылымды халықтың сеніміне ие етсе, «Әкіміңіз қандай адам?», «Қазақшаң қалай, министрлік?», «Депутатыңызға сенесіз бе?» деген тақырыптар аясындағы материалдар шенеуніктердің бетін бері қаратты.

 

Ермек САХАРИЕВ, Шаргүл Қасымханқызы
27.01.2022

Ұқсас жаңалықтар

САУРАНДА 1,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАСЫНА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 27
 САЙРАМ АУДАНЫНДА АГРОСАЛАДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 38
САРЫАҒАШТА «АЛТЫН КҮЗ-2024»  МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 20
 САУРАНДА ЖЫЛЫНА 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМСАҚ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 36
МАҚТААРАЛДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АУЫЛ БАРЫСЫ» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 14
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 52
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 154
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 157
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 341
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 334
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 958

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9034
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8430
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11658
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9413
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10639