Бір қызығы латын графикасына көшу туралы мәселе Украинада да көтерілуде. Украина кеше де, бүгін де мемлекеттік тілін тұғырына қондыру үшін кириллицадан құтылудың барлық жолдарын қарастыруда. Мәселен, 2019 жылдың сәуір айында Украинада «Украин тілін мемлекеттік тіл ретінде қамтамасыз ету туралы» заң қабылданып, ол заң нормасын бұзған шенеуніктерге айыппұл салуды, мемлекеттік және жергілікті органдарға, білім беру мен денсаулық сақтау мекемелеріне қызметті тек қана украин тілінде көрсетуді міндеттеген. Украиндар біздің кейбір министр мен депутаттар сияқты намыссыз емес, орыс тілінде сөйлеген депутатты партия қатарынан шығарып тастайды. Оған мысал – көктемде Харьков облыстық кеңесінің депутаты Александр Дорошенко орыс тілінде сөз сөйлегені үшін партиядағы орнын босатқан. Бұған дейін Украинада клиентпен орысша сөйлескені үшін пошта қызметкері дк жұмыстан қуылған-ды. Аталған мәселе соңғы кездері қайта көтеріліп, Украина Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Алексей Данилов кириллицадан бас тартып, латиницаға көшу туралы ойын айтты. Десе де, елдегі Жоғарғы рададағы «Слуга народа» партиясынан сайланған депутаттар бұған қарсылық білдіруде. Орыс тілін қызғыштай қорғаған депутаттардың шырылдауына 2019 жылы қабылданған заңнан бөлек, қазіргі президент Владимир Зеленский қол қойған «Жалпы орта білім беру туралы» заң түрткі болған сынды. Бұл заң 2020 жылдың 1 қыркүйегінен бастап елдегі орыс тіліндегі мектептерді жоюға бағытталып, орыстілді отбасындағы баланың 5 сыныптан бастап пәндердің кем дегенде 80 пайызын украин тілінде оқуды міндеттейді. Нәтижесінде орыс тілінде білім беру бағдарламасы түбегейлі жойылады делінген.
Мұны тәптіштеп айтып жатуымыздың себебі, мемлекеттік тілге қатысты мәселе бізде де бар. Бүгіндері Қазақстанда қазақ тілін латын графикасына көшіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Бұл бастама көтерілгелі бірнеше нұсқа ұсынылды. Латын графикасына толық көшу уақыты да өзгерді. 2006 жылы елдің сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілін латын қарпіне көшіру туралы ойын айтты. 2017 жылы Назарбаев үкіметке латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиін дайындауды тапсырды. Тіпті, сол кезде «латынға 2025 жылы көшеміз» деген жоспар да болды. Бірақ үкімет оны кейінге шегеріп, бұл процесс 2023-2031 жылдары жүреді деді. Бір қызығы, осы уақытқа дейін ұсынылған нұсқаның ешқайсысы ресми түрде бекітілмесе де, елімізде көптеген мекеме, БАҚ, қоғамдық орындардың атауы латынша жазыла бастады. Әрине, бұл – биліктен берілген тапсырма. Жауап біреу – «халықтың көзі үйрене берсін». Бұған дейінгі қоғамда талқыға салынған төрт нұсқа да сынға ұшырап, бекітілген жоқ. Жоба жасаушылардың ішінде тіл саласына үш қайнаса сорпасы қосылмайтындар да болған. Ал соңғы талқыланған нұсқада 31 әріп бар. Оның өзі – шикі. Соған қарағанда латынға көшу процесі әлі кешеуілдей беретін сияқты.
Үкіметтің жоспары бойынша, латын графикасына тек қазақ мектептері көшеді. Мемлекеттік тілдегі құжаттар ғана латын қарпімен жазылады. Латынмен қоса, кириллица да қолданыла береді. Осыны алға тартқан отандық ғалымдар: «Жалпы, латынға көшу оңай шаруа емес. Бұл уақытты қажет етеді. Жазушылар да өздерінің оқылмай қалуын қаламайды. Бұл бастаманы көтеру дұрыс, бірақ, орындалуына асығыстық жасамаған жөн. Ақиқатына келсек, бәріміз ең алдымен қазақ тілін жетік меңгеріп алуымыз керек. Латынға көшу туралы содан кейін айтуға болады», – дейді. Осы орайда көкейге: «Кириллицадан құтылуға асық болып отырған украиндардан біздің неміз кем?»— деген заңды сауал туындайды екен. Расында да, неміз кем?
Ермек Сахариев